Қазіргі таңда әлемнің көптеген елінде салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін мемлекет арнайы бағдарламаларды жүзеге асырады. Кейбір елдерде алкогольді ішімдік ішуге, сатуға мүлде тыйым салынған. Сонымен қатар, түрлі шектеу түрлері де бар. Мәселен, ішімдік сататын дүкендердің мектепке жақын болмауы, алкогольді ішімдік сататын күндер мен сағаттарды шектеу, ірі спорттық жарыстар болатын күні алкоголь сатпау. Мұндай шектеулерге қоса ел ішінде ішімдікке қарсы күрес үлгілері де бар. Назарларыңызға әлем елдеріндегі алкогольді ішімдікке қарсы күрес үлгілерін ұсынамыз.
Америкалық үлгі. Бұл үлгінің басты ерекшелігі – алкогольді ішімдік өндірісі мен саудасына қатаң салықтық-фискальдық қиындық енгізілуі. Американдық үлгіні ұстанатын елдерде алкогольді өнімдерге деген салық жүгі шамадан тыс артық болғандықтан, арақ-шарап өндіру мен сату іс жүзінде тиімсіз. Сол себепті бұл өндіріс көзі сыртқы нарыққа бағытталады. Бұл үлгідегі елдер қатарына АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Түркия жатады.
Қытайлық үлгі. Бұл үлгіні ұстанатын елдерге Қытай, Үндістан, Шри-Ланка, Вьетнам, Тайланд, Корея, Непал, Оңтүстік Азия елдері жатады. Аталған елдердің салт-дәстүрлерінде алкогольді өнімдерді тұтынуға қарсы көптеген ескертулер болғандықтан, халық ішімдіктен мейлінше алыс. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетіліп отырады. Мысалы, Қытай халық Республикасында ішімдікті тұтыну мөлшері жылына орташа есеппен алғанда жан басына 50 грамнан аспайды екен.
Скандинавиялық (батыс еуропалық) үлгі. Бұл үлгінің басты ерекшелігі салауатты өмір салтын енгізу үшін мемлекет пен халық белсенді түрде іс-шаралар атқарады. Осы үшін мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсайды. Яғни салауатты өмір салтын дәріптейтін қоғамдық ұйымдарды қаржылай және саяси тұрғыдан қолдап отырады. Ал арақ-шарап өндірушілер табысының қомақты бөлігін ішімдік салдарынан туындайтын ауру-сырқауларды емдеу шараларына бөледі. Мұндай елдердің тізіміне Германия, Голландия, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия, Швейцария т.б. жатады.
Еуразиялық үлгі. Бұл үлгідегі елдер санатына ТМД елдері, Шығыс Еуропа мен Латын Америка елдері жатады. Өзгешелігі – ішімдікке қарсы күреске қауқарсыз немесе қағаз жүзінде ғана қалатын науқандық шаралар. Халық ішімдікке құмар келетіндіктен, мемлекет тарапынан жасалатын бағдарламалар, яки заңдардың жүзеге асуы мардымсыз. Мұндай елдерде жылына адам басына шаққанда алкогольді ішімдік тұтыну мөлшері 25-30 литрге дейін барады. Бір өкініштісі біздің еліміз де осы үлгіге жатады.