Гиннес рекордтар кітабына енген әлемдегі ең қарт адам жапониялық 116 жастағы Томико Итока екені белгілі болды, – деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Томико Итоока – 1908 жылы 23 мамырда Осака қаласында туып-өскен. Ол қазір 116 жаста. Әйел отбасындағы үш баланың екіншісі және ол да ел қатарлы өсіп, мектепке барып, волейбол спортына әуес болды.
20 жасында Томико тұрмысқа шығып, төрт балалы болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол күйеуінің тоқыма фабрикасының кеңсесін басқарды. Ал 1979 жылы жұбайы қайтыс болғанда ол жалғыздықтан тауға кетіп қалады. Осылайша, ол жаяу жүру дағдысын қалыптастырып, хайкинг хоббиіне көшті.
80 жасында Томико көптеген альпинистік шыңдарды бағындырды: ол екі рет 3000 метр биіктіктегі Онтаке тауын бағындырды, 80 жасында Жапониядағы ең көне маршруттардың бірі – Сайгоку арқылы екі рет қажылық жасады. 33 ғибадатханадан өтіп, 100 жасында Әсия киелі жерінің тас баспалдақтарына таяқсыз көтерілді. Оның отбасының айтуынша, бұл ұзақ жорықтар оның ұзақ өмір сүруінің құпиясы болған.
110 жасқа дейін Томико екі қызымен бірге тұрды, бірақ 2019 жылы ол қарттар үйіне көшті. Қамқоршыларының айтуынша, есту қабілеті бұзылғанымен, әйел әлі де өз ойын анық жеткізе алады. 116-шы туған күнінде ол қала мэрінен карточка, гүлдер мен торт алды, алайда Томико ондай сый-сияпатты ұнатпайтынын мойындады. Оның сүйікті жемісі – банан. Ал күн сайын таңертең айранға ұқсас жапон сусыны кальписті ішеді.
2023 жылдың желтоқсанында ол Азиядағы ең қарт адам атанды. Ал енді Томико әлемдегі ең қарт адам болумен қатар, адамзат тарихындағы ең ұзақ жасаған адамдар тізімінде 24-орында тұр. Бұл рейтингте бірінші болып әлі күнге дейін 122 жыл 164 күн өмір сүрген Жанна Кальман көш бастап тұр.