Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтері бойынша, семіз балалардың үлесі пандемия кезінде өскен.
Артық салмақтан зардап шегетін балалар санының көбеюіне белсенді болмау мен дұрыс тамақтанбау әсер етеді.
Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің мәліметі бойынша, егер 2019-2020 жылдары елде балалардағы артық салмақ 10 пайызды құраса, 2020-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 14 пайызды құраған. Тұрмысы төмен отбасыларда ол екі есе өскен.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары осындай зерттеуді жариялады.
435 000 баланың деректерін талдау балалардың дене салмағының индексі екі есеге жуық өскенін көрсетті. Пандемия кезінде артық салмағы бар балалардың үлесі 19 пайыздан 22 пайызға дейін өсті.
Мамандардың айтуынша, артық салмақтан зардап шегетін балалар санының көбеюінің бірден-бір себебі – карантин. Өзін-өзі оқшаулау кезінде балалар қозғалмайды, олар уақыттарын компьютер, теледидар алдында немесе iPad ойнап өткізеді және көбірек тамақтанады.
Айта кетейік, кейінгі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалардың семіздік ауруына шалдығып жатқанын айтып дабыл қағуда. Грекиядан Қытайға дейін адамдар артық салмақтан зардап шегіп жатыр. Lancet медицина журналы 2017 жылы 130 миллионға тарта адамның дене салмағы индексін зерттеп, 1970 жылдан бері семіздікке шалдыққан ересектер саны 7 есе өскенін және олардың көпшілігі АҚШ пен Қытайда екенін анықтады. 2016 жылғы зерттеулер олардың осы мерзім аралығында әр он жыл сайын орта есеппен 1,4 кило салмақ қосқанын айтады. Семіз балалар мен жасөспірімдер саны да 1975 жылғы 11 милионнан 2016 жылы 124 миллионға өскен.
Балаларды семіздік дертінен қорғау үшін елімізде 2025 жылға дейін біршама шаралар жоспарланған.
Салмақ жоғалту күнін таңертеңгілік жаттығулар немесе қарапайым жаттығулар жасау арқылы денсаулығыңызға пайдалы етіп өткізуге болады.