Соңғы отыз жыл ішінде вирустардың таралуы көптеп тіркелді. Қытайдағы жаңа коронавирус сияқты індетті жұқтыру қазір әдеттегі жағдайға айналды.
ХХІ ғасырдағы адамдар саны дүние жаралғалы бергі адамдар санынан көп. Бүгінде Жер шарында 7,7 миллиард адам өмір сүреді. Және ол секунд санап артып келеді.
Адамзаттың көбеюі – кең жердің тарылуы адамдар арасында патогендердің (ауру қоздыратын бактериялар) тез таралуына қолайлы жағдай тудырады.
AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар
Ухань коронавирусымен ауырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы вирусты сау адамға жұқтырады. Адам ағзасынан тыс жерде вирус ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Сондықтан, аталған вирус жұғуы үшін адамдар бір-біріне жақын тұруы шарт.
2014 жылы таралған Эбола вирусы да осындай жолмен, яғни, қан және басқа да сұйықтықтар арқылы жұққан. Сондықтан оны таратқандар науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандар деп есептелді.
Барлық вирустар біз жоғарыда айтып өткендей адамнан адамға жұқпайды. Бірақ, шыбындар арқылы жұққан Зика вирусы да адамдар тығыз қоныстанған аймақта тез таралатыны мәлім болған. Ал шыбындар адамдар және азық-түлік көп ыстық жерлерде тез көбейеді.
2007 жылы қалада өмір сүретін адамдар саны ауылда өмір сүретіндер санынан асты. Ал көптеген қалалар адамдар санының артуына дайын емес еді. Мұндай қалада тұрғындарға жағдай жасалмаған. Көптеген жаңа қоныстанушылар су құбыры мен тұратын орны лас жерлерде өмір сүруге мәжбүр. Адамнан адамға жұғатын вирустар осындай аймақтарда тез таралады.
Біз жиі саяхаттаймыз
Ұшақтар, пойыздар мен автомобильдер вирустың бір күнде бүкіл әлем бойынша таралуына мүмкіндік береді. Қытайда коронавирус анықталғаннан соң бір апта ішінде аталған вирус әлемнің 16 елінде тіркелді.
2019 жылғы мәлімет бойынша, әлемдегі авиакомпаниялар Жер шарындағы 4,5 миллиард адамға қызмет еткен. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш екі есе (2,4 миллиард) аз еді.
Ухань – Қытайдағы маңызды көлік торабы. Елдің көптеген темір жолдары осы қала арқылы өзара байланысады. Сонымен қатар, вирустың таралуы ғаламшардағы адам әрекетінің ең үлкен толқыны қарсаңында болды. Яғни, "Қытай Жаңа жылы" қарсаңында ондаған миллион адам ел аралап, саяхаттаған.
Әлем тарихындағы ең үлкен індет 1918 жылы тіркелді. Бұл “испан тұмауының пандемиясы” немесе “испанка” деп аталды. Вирус Еуропада Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұлы миграция кезінде басталды.
Миллиондаған адам өмірін жалмаған індеттер
1918 жылдың мамырында 9 миллионға жуық адамның дертке шалдыққаны белгілі болған. Алғашқы Дүниежүзілік соғыспен тығыз байланысты көші-қон, әскерилердің жылжуы вирустың жер бетінде жылдам таралуына әсер етті: Аляскадан Гренландияға, одан Аустралия мен Амазонканың ну ормандарына дейін жеткен. Техникалық үдеріс те өз үлесін қосты. Пойыз, кеме секілді транспорт түрін қолдану нәтижесінде алғашқы 30 апта ішінде 35 миллион адам қырылған. Испан тұмауымен жер ғаламшарының үштен бір бөлігі ауырған. Деректер бойынша, 60-100 миллион арасында адам өмірмен қош айтысқан.
“Испанка” вирусының әлемді “жаулап” алуына 5-6 ай уақыт кеткен. Ал бүгінгі техника жарық жылдамдығындай дамыған заманда адамдар бір күн ішінде әлемді шарлап шығатын уақытта вирустар да тез таралып жатыр.
Көп жануар – көп ет – көп вирус
Эбола, SARS және қазіргі Ухань коронавирусы. Мұның бәрі адамдарға жануарлардан жұққан вирустар. Жаңа коронавирус алғаш рет Ухань теңіз өнімдерін сататын базарда тіркелген. Алдын ала мәліметтер бойынша, ауру дельфиннен немесе су жыланынан адамға жұққан.
Бүгінгі таңда әрбір төрт жаңа вирустың үшеуі жануарлар арқылы адамға жұққан екен.
Адамзаттың ет өнімдеріне деген тәбеті артып келеді: кедей елдер дами бастады, табиғи түрде етке деген сұраныс артып, мал шаруашылығы өсіп жатыр. Тұмау вирустары, әдетте, үй жануарларынан адамдарға жұғады, ауыл шаруашылығы ұлғайып жатқан заманда адамдардың вирус жұқтыру ықтималдығы да артты.
Қытайдан басқа елдер короновирусқа қарсы қандай шара қолданып жатыр?
Коронавирустар адамға жабайы жануарлардан жұғады. Қытайда адамдар тығыз қоныстанған аймақта ет және жануарлар базары өте көп. Бұл соңғы індеттің неге осы елден шыққанын түсіндіреді.
Сонымен қатар, қалалар кеңейген сайын, қала маңындағы тұрғындар жабайы табиғатпен қарым-қатынас жасай бастайды. Осылайша, вирустар таралады. Мысалы, Ласса безгегі таралуының себебін алайық: фермерлер жаңа егістік алқабы үшін ормандарды кесіп тастаған. Нәтижесінде, орманда өмір сүретін егеуқұйрықтар фермерлердің үйіне көшкен.
Біз дайын емеспіз
Қазір дамыған заманда әлем халқы бір-бірімен тығыз қарым қатынаста. Технологияның мүмкіндігі де жоғары, медицина дамыған, бірақ әрқашан жаңа эпидемияға төтеп беретін глобал денсаулық сақтау тізімі жоқ.
Мұны бірнеше жыл бұрын Батыс Африкада тарала бастаған Эбола вирусы да көрсетті. Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонедегі денсаулық сақтау органдары вирусқа қарсы шара қолдана алмады, вирус көрші елдерге де таралды. Нәтижесінде Батыс Африкада Эбола құрбандарының саны 11 310-ға жетті.
Бақытымызға орай, Эбола вирусы өте баяу таралатын вирус, бірақ тұмау немесе коронавирус сияқты респираторлық вирустар бүкіл әлемде тез таралатын қасиетке ие.
Мұндай аурулар әдетте кедей елдер мен денсаулық сақтау жүйесі нашар қалаларда таралады. Гигиена және санитария туралы білімнің жеткіліксіздігі, тиісті тәртіптің болмауы және халықтың тығыздығы – осының бәрі қауіпті күшейтеді.
Сонымен қатар, мұндай елдердегі білікті дәрігерлер жалақысы жоғары мемлекеттерге көшіп кетеді.
Жақсы жаңалықтар
Лондон корольдік қоғамы жүргізген зерттеуге сәйкес, адамзат бүгінде тарихтағы ең үлкен індеттің біріне тап болды, бірақ өлім-жітім деңгейі алдыңғы індеттерге қарағанда әлдеқайда аз.
Бұл туралы біз “Миллиондаған адам өмірін жалмаған індеттер” атты мақаламызда егжей-тегжейлі айтып өттік.
Қытай сияқты экономикалық өсімі жоғары елдерде санитария жақсарып, денсаулық сақтау жүйесі, байланыс жүйелері тез жұмыс істейді. Жаппай қолдануға болатын тиімді емдеу әдістері бар. Профилактикалық тетіктер де дамып, қысқа мерзімде вакциналар дайындалуда.
Әлемдік эпидемияға қарсы жүйе әлі қол жетімді болмаса да, біз вирусқа қарсы күрестің алғашқы сатысында тұрмыз.
Қытай бір апта ішінде мың адамдық аурухана сала алады – бұл жағдай 1918 жылы таралған “испанка” эпидемиясы кезінде тіркелсе фантастика болатын еді.