Қазіргі уақытта ақыл тістің қисайып шығуы немесе мүлде шықпай қалуы жиілеп кеткен. Ақыл тоқтатар жасқа шыққанда ағараңдайтын соңғы тіс өз орнынан тайып шықса не істеу керек? Қисық шыққан ақыл тістің кесірінен басқа да тістер бүлінуі мүмкін бе? Осы тақырыпқа қатысты бірнеше сұрақтың жауабын Қалалық студенттер емханасындағы стоматология бөлімінің меңгерушісі, тіс дәрігері Торғын Мұздыбаева айтып берді. "Денсаулық" бағдарламасында жазылғандай халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға арналған маман кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.
"Ақыл тіс" медицина тілінде "сегізінші тіс" деп аталады. Ол ауыз қуысында 14-30 жас аралығында ең соңғы болып шығады. Есейіп, ақыл тоқтатқан шақта шығатындықтан "ақыл тіс" деп аталып кеткен.
Егер адамның тіс жақтары үлкен болса, онда ақыл тістің шығатын орны дайын тұрады. Алайда, қазіргі уақытта ақыл тіс қисық немесе мүлде шықпай қалатын жағдайлар жиі кездесуде. Оның себебі мынада.
Ежелгі адамдар шикі ет, тамыр сияқты қатты өнімдерді тұтынған. Яғни, ауқаттану үшін ұзақ шайнау процесі жүрді. Сол себепті олардың жақ сүйектері қазіргі адамдарға қарағанда үлкенірек болды және олардың ауыз қуысына 32 тіс толық сыйды. Ақырын-ақырын жыл, ғасыр, дәуір өте адамдар азық-түлікті жеуге көмектесетін қажетті құралдарды ойлап тапты. Сонымен қатар, жұмсақ тағамдарға сұраныс арты. Енді бұрынғыдай ұзақ шайнап жейтін тағамдарды тұтыну азая бастады. Соның салдарынан адамның жақ сүйегі кішірейіп, керісінше бас сүйегі аздап үлкейді.
Тіс жарып шыға алмай жатқанда ауыз қуысындағы ақыл тістің орнындағы қызыл ет қабына бастайды. Толық өсіп-жетілмеген ақыл тіс жанындағы тістерді түбінен итеріп, соның әсерінен қасындағы тістердің де түбі солқылдап ауыра бастайды. Бұндай жағдайда бірден тіс дәрігеріне жолығу керек.
Мұндайда дәрігер бірінші кезекте пациенттің жағын рентгенге түсіреді. Рентген суретіне қарап, стоматолог жағдайды бағамдайды. Егер ақыл тіс қысылып шыға алмай тұрса, онда бірден миниоперация жасалады. Ақыл тіс шыға алмай тұрған орынның беткі қызыл еті тілініп, түбіндегі тіс жұлынады.
Егер алтыншы, жетінші тіс ақыл тіс шықпастан ертерек жұлынса, онда ақыл тіс олардың орнына түсіп, сол тістің қызметін атқарып кетеді. Бұндай жағдайда ақыл тістің пайдасы мол. Мысалы, протез орнату жеңіл болады.
Қазіргі уақытта ақыл тістің әуресіне түскен науқастар жиілеп кетті. Біздің емханаға бұндай мәселемен әр күн сайын шамамен 2-3 адам келеді. Өкінішке орай, көбі тіс ауруы шыдатпай ауыра бастағанда ғана емхананы еске алады. Негізінде, бұл аурудың алдын алуға болады. Барлық тісі бүтін, тіс ауруына кезікпеген жандардың өзі әр жарты жыл сайын стоматологке жолығып, тістерінің дұрыс өсуін қадағалап, ақыл-кеңес алғаны дұрыс. Егер ақыл тіс қызыл еттің астында шықпаған күйі қалып қоятын болса, уақыт өте шіріп кетуі мүмкін.