Аквааэробиканың пайдасы

Аквааэробиканың пайдасы

Дене пішінін дұрыс қалпында ұстау тек қана əдеміліктің алғышарты емес, ол денсаулық кепілі. Көктем мезгілінде көптеген аруларымыздың "бас ауруына" айналатын нəрселер осы: арықтау, бұлшықеттерді тарту, т.б. Дене пішінін қалпына келтірудің тиімді жолы дұрыс теңдестірілген тамақ, күштік жəне аэробты бағдарламалардың жиынтығында екенін біз білеміз. Міне сол аэробты бағдарламаның бір бөлігі аквааэробиканы саралап көрейік. Арықтау үшін аквааэробика қаншалықты тиімді?

Аквааэробиканың пайдасы

Ең алдымен аквааэробиканың тиімді тұстарын тізбелеуден бұрын күштік тренинг пен кардиожаттығуларға тоқтала кету керек. Күштік тренинг бұлшықеттерді бекітеді, майдан арылтып, астың жақсы қорытылуына, ішек жұмысына игі əсер етеді. Ал кардиожаттығулар артық майды кетіріп, жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтады. Біз айтқалы отырған аквааэробика дəл осы кардиожаттығулардың құрамдас бөлігі болып табылады.

Аквааэробика несімен тиімді?

1. Буындарға салмақ түспейді. 
Буынға салмақ түсірмейтін жаттығулар түрінің бірі осы су аэробикасы. Су ішінде адам денесі салмақсыздық күйде болады. Арқа, тізе буындары ауыратын, артық салмаққа ие жəне түрлі жарақаттар алған адамдар үшін аквааэробика таптырмас жаттығу түрі.

2. Төзімділік пен буын күші. 

Аквааэробиканың пайдасы тек қана буындардан салмақты арылту ғана емес. Су ішіндегі денеге түсетін күш шын мəнінде əртүрлі. Ол төзімділік пен бұлшықеттердің күшін шынықтыра алады. Су ішінде қандай да бір жаттығулар жасаған кезде сіздің денеңіз қуатты итеріліс күшіне тап болады. Осы арқылы бұлшықет нығайып, 30-40 минуттық аквааэробика жалпы төзімділігіңізді арттырады.

3. Аквааэробиканың арықтауға пайдасы. 

Су аэробикасын аэробты бағдарламаның бір типі деп қарастырып отырған соң оның артық калорияны
кемітудегі тиімділігін атап өту керек. Егер сіздің мақсатыңыз артық салмақты кетіру болса онда аквааэробиканы оған жетер жол деп таңдасаңыз болады. Себебі бір сағаттық қарқынды жаттығу кезінде 500-ге жуық калория жойыла алады. Сондықтан егер сіз жүгіру жолағын ұнатпасаңыз немесе денсаулығыңызға қатысты кері көрсетілімдер болса осы жүзу мен аквааэробиканы таңдаңыз.

4. Барлық адам айналыса алады. 

Аквааэробиканың тағы бір артықшылығы түрлі жастағы жəне күш қуаты əртүрлі деңгейдегі адамдар тегіс айналысуға мүмкіндік ала алатындығында. Олар балалар, жүкті əйелдер, жасы егде адамдар, түрлі дайындық деңгейіндегі спортшылар немесе басқа адамдар болуы мүмкін.
Белгілі бір салмақ түрін таңдаған кезде оның қарқындылық деңгейін айқындаған да жөн. Оны сіз жаттықтырушымен келісе отырып таңдайсыз да өзіңіздің күш қуатыңызға сай жаттығасыз. 
Егер аэробты жаттығулардың қайсысын таңдаймын десеңіз аквааэробикаға барғаныңыз тиімді боларын жадыңызда ұстаңыз. 

anabol.kz

А. Оралқызы