Ақжелкек – ащы дәмдеуіш ретінде жиі қолданылатын өсімдік. Ақжелкектің пайдалы қасиеттері көп болғандықтан оны халық еміне жиі қолданады. Ақжелкек өсімдігінің адам ағзасына тигізер пайдалы қасиеттері туралы айтып өтейік.
Дәруменге бай
Әрине, ақжелкектің барлық пайдалы қасиеттері оның ерекше құрамымен түсіндіріледі. Ақжелкек белсенді компоненттерден, антисептикалық қасиеті бар эфир майларынан және кей дәрумендерден құралады. Ақжелкек өзінің құнарлы қасиетімен ерекшеленеді: ол шикі түрінде шамамен 16% көмірсулардан, 3%-ға дейін азотты заттардан және аз мөлшерлі майдан тұрады. Ал С дәруменінің мөлшері бойынша ақжелкек лимоннан да асып түседі. Ақжелкек калий, кальций, натрий, күкірт, фосфор, темір және басқа да минералды заттарға бай.
Пайдалы қасиеттер қатары
Ақжелкектің үккіштен өткізілген түрінде өкінішке орай, емдік қасиеттері тек бір аптаға сақталады. Сондықтан дүкенде құтыда сатылатын ақжелкекті алмаған жөн. Оның пайдасы болу үшін балғын ақжелкек тамырын үйден үккіштен өткізу керек.
Ақжелкекті дәстүрлі медицинада асқорыту жүйесіне арналған қоздырушы құрал ретінде қолданады. Ақжелкек несеп айдағыш қасиетке ие болғандықтан бүйрек-тас ауруы, цистит, тұз байлану ауруы және ревматизм кезінде пайдаланылады. Сонымен қатар, ол сірке суымен және глицеринмен ангинаны емдеуге қолданылады.
Ақжелкектің косметикалық та қасиеті бар. Сондықтан секпіл және пигментті дақтар кезінде теріні ақжелкек сулы тұнбасымен сүрткен пайдалы.
Тіс ауырғанда немесе ауыз қуысындағы іріңді жаралар пайда болғанда ауызды ақжелкек шырынымен шаю ұсынылады.
Ақжелкек шырынымен емделу
Ақжелкек шырыны таза күйінде емдік мақсатта қолданылмайтынын ұмытпаңыз.
Несеп айдағыш құрал ретінде 2-3 лимон мен 150 г ақжелкек шырынын араластырып, 1/2 шай қасықтан күніне екі рет ішеді. Осы қоспаны созылмалы тұмау (аллергиялық емес) кезінде де ішу ұсынылады. Оны ішкен соң 30 минут ештеңе жеуге және ішуге болмайды.
Ақжелкек тамырымен емделу
Адамның тәбетін ашу мақсатында үккіштен өткізілген ақжелкек тамырына 2 стақан қайнаған су құйып, 1 сағатқа қалдырады. Оны күніне 50 мл-ден 4 рет тамаққа дейін 10-15 минут бұрын ішеді.
Буындар ауырғанда одан компресс жасауға болады. Ол үшін ақжелкек тамырын ет тартқыштан өткізіп, оған үккіштің ұсағынан өткізген алманы араластырып, қоспаны ауырып тұрған буынға компресс ретінде қояды.
Қай кезде пайдалануға болмайды
Ақжелкектің мұндай пайдалы қасиеттеріне қарамастан басқа да өнімдер секілді оның да қарсы көрсетілімі бар. Оны асқынған қабыну процестері бар адамдарға және жүкті әйелдерге қолдануға болмайды.
Ақжелкекті барлық адамға көп мөлшерде қолдануға болмайды, егер айтылған мөлшерден асыра пайдалансаңыз, ол қан қысымын көтеруі немесе жанама әсер беріп, қан ағуы мүмкін.