Академик А.Н.Сызғанов Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне, жоғары білікті кадрларды дайындауға және медицина ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның жан-жақтылығы, күрделі аурулар диагностикасы мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге және меңгеруге деген ұмтылысы, өз ісіне адалдығы академикті өзгелерден оқ бойы озық етіп тұрды.
Александр Николаевич Сызғанов өмірінің соңында өз тағдыры, өткені, өмір жолы туралы ой толғап, қорытынды шығарады. Алайда ақтық демі таусылғанша, тынбай еңбек етіп, қағаз бетіне түсіріп үлгермеген ғылыми еңбектерін аяқтауға асығады.
Александр Николаевич Сызғанов 1977 жылдың 12 қаңтарында қарындасы Варвара Николаевнаға жазған хатында: "Жұмыс жасап жатырмын, әйтпесе өмір сүре алмаймын. Осы айда тағы бір ғылыми монографиям баспа бетін көреді. Көпшілік маған "қошемет қылып", мені музей экспонатына айналдырғысы келеді. Алайда олардың бұл іс-әрекеттері бос әуре-сарсаң. Менің жұмыс істеуге әлі де болса күшім жеткілікті", - дейді.
Дүниеден өтуінен екі ай бұрын Александр Николаевич Сызғанов өз өмірінің басты түйінін анықтап, философиялық тұжырым жасайды. А.Н. Сызғановтың 1980 жылдың 8 тамызында жазған хатынан: "Менің өте ауыр һәм күрделі өмірімнің соңы таяды. Бірақ мен өз өмірімді адал адам ретінде сүрдім деп санаймын".
... Адам өмірінің өз бастауы бар. Дегенмен әрбір адамның өмірінде сол адамның әлеуметтік субъект болып қалыптасуына ықпал ететін жерлер, оқиғалар, жағдайлар болады. А.Н. Сызғановтың мұндай бастаулары — Арск уездік қаласында өмір сүрген, Қазан қаласындағы гимназияда және Қазан университетінің медицина факультетінде оқыған кезеңдері.
Сызғановтың тегі Сызган слободасының атауынан шыққан секілді. Бұл атау XVII ғасырдың ортасында, слобода Сызган (Сызганка) (Инза өзенінің тармағы) өзенінің атауын иемденген уақытта қалыптасқан. Татар тілінде "сыза" — қар суы жиналатын жыра, сай. "Ган" ("канн") құрамдасы бірнеше тілдерде "арна, аңғар" деген мағынада қолданылады. "Сызган" атауы осыдан шыққан.
Александр Николаевичтың әкесі Николай Прокопьевич Сызгановтың туған күні туралы дерек жоқ, алайда оның әйелінің жеке жазбаларының арқасында дүниеден өткен күні белгілі — "1925 жыл 3 шілде, сағат кешкі 8, Арск қаласы".
А.Н. Сызғановтың анасы Пелагея Михайловна туралы дерек жоқтың қасы. Бір белгілі жайт, ол Николай Прокопьевич Сызгановтың "некелі жары" болған, өйткені екеуі де "православие дінін ұстанған" және шіркеулі неке арқылы шаңырақ көтерген.
Пелагея Михайловнаның қыз күніндегі тегі — Шаталова, мұның дәлелі — некеге дейін өзі туралы "П.М. Шаталова" деп жазуы. Кіші қызы Варвараның жазбасы бойынша, А.Н. Сызғановтың анасы "1927 жылы 2 мамырда 11:15-те" дүниеден өткен.
1890 жылы Қазан губерниясының Арск уезіндегі (қазіргі Арск қаласының оңтүстік бөлігінде), "қожалықты басқарушы" қызметін атқаратын "Симбирск губерниясы Жабина селосының отставкадағы фельдфебелі" Николай Прокопьевич Сызганов үшін үй салынады.
Осы үйде 1896 жылы 4 (16) тамызда Николай Прокопьевич Сызганов пен оның әйелі Пелагея Михайловнаның екінші балалары — Александр дүниеге келеді. Сызгановтар әулетінде 6 ұл және 3 қыз, жалпы саны 9 бала дүниеге келген.
А.Н. Сызғанов бастауыш білімді Арск қаласында алған. Арск қаласының белгілі өлкетанушыларының мәлімдеуінше, Александр Николаевич Сызғанов "Арск приход мектебінде білім алған". Расында, 1864 жылғы мектеп реформасына сәйкес, 1867 жылы Арск қаласында екі сыныптық приход мектебі ашылған. ХХ ғасырдың басында Арск қаласында гимназия болмағандықтан, А.Н. Сызғанов оқуын Қазан губерниясында жалғастырады.
Қазан губерниясындағы гимназияның 1917 жылға дейінгі тарихы үш кезеңге бөлініп қарастырылады, оның ішінде ІІІ кезең (1900-1917) — гимназиялық білім берудің, гимназиялық білім беру саласындағы қоғамдық және жеке бастаманың дамуының гүлденген шағы. Қазан губерниясындағы гимназиялық білім берудің дәл осы даму кезеңі А.Н. Сызғановтың гимназияда оқыған жылдарына (гимназияны тәмамдаған жылы — 1915) тура келеді.
Қазан жас А.Н. Сызғановтың тұлғалық қалыптасуының қайнар көзі іспетті. Себебі дәл осы қалада ол Қазан университетінің медицина факультетінде білім алып, кейіннен жұмыс істеп дәрігер-ғалым ретінде қалыптаса бастады.
1915 жылы гимназияны аяқтаған соң А.Н. Сызғанов Қазан университетінің медицина факультетіне түсіп, 1922 жылдың маусым айында "белгіленген мемлекеттік сынақты" сәтті тапсырады және "дәрігерлік практика құқығы РКФСР және Кеңес одағы республикаларының бүкіл аумағына жарамды" деп жазылған № 947 куәлігін алады.
1917 жылдан кейін жоғары медициналық білім берудің және кеңес медициналық ғылымының жаңа жүйесін құруға көптеген ғалымдар атсалысты. Атап айтқанда, сол жылдары Қазан қаласында А.Н. Сызғанов "өз ұстаздарым" деп таныған А.В. Вишневский мен В.С. Груздевтің есімі кең қолданысқа ие болды.
Қазан университетінің медицина факультеті (1930 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазан мемлекеттік медицина университеті) кеңес медицинасының негізін қалаушылар деп саналған мамандарды дайындап шығарды. Олар — КСРО ҒА академиктері және корреспондент-мүшелері А.А. Баев, К.М. Быков, А.Д. Сперанский, Н.Г. Колосов, Б.И. Лаврентьев, Н.А. Миславский, В.Н. Терновский, КСРО МҒА академиктері В.М. Аристовский және А.А. Вишневский, В.И. Иоффе және т.б. Қазан медициналық мектебінің осы көрнекті өкілдерінің қатарында А.Н. Сызғанов та бар.
Сонымен қатар А.Н. Сызғановтың Қазан университетінің медицина факультетіндегі оқуы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Ресей тарихының драмалық оқиғаларымен тұспа-тұс келеді. Қазан университетінің медициналық факультеті Бірінші дүниежүзілік соғыстың, Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан және Қазан революциясының, Азаматтық соғыстың, ашаршылықтың барлық ауыртпашылықтарын өткерді. 1917 жылдың қазанындағы оқиғалардан кейін медицина кадрларына сұраныстың күрт артуы жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау режимінің қатаюына ықпал етті, бұл Кеңес үкіметінің медициналық факультеттерді милитарландыру туралы декретіне сәйкес рәсімделді.
Дәл осы сындарлы уақытта А.Н. Сызғановтың ғылыми қызметі басталып, хирург және ғалым ретіндегі қалыптасуы қарқынды түрде жүріп жатты.
Кеңестік Ресейдегі Азаматтық соғыс жылдары Қазан губерниясының аумағы екі рет соғыс әрекеттерінің алаңына айналды. 1918 жылы ІІІ курс студенті А.Н. Сызғанов Қызыл Әскердің жұмысшы-шаруаларының қатарында болып, Қазан және Сарапул түбінде "ақтарға" қарсы соғысады, В.М. Азиннің қарамағындағы партизандар тобының коммунистік санитарлық жеңіл жасағында жұмыс істейді.
Варвара Сызганованың әңгімелеуінше, ағасы А.Н.Сызғанов студент бола жүріп, Қызыл Әскердің жұмысшы-шаруаларының қатарына мобилизацияланған және әскери басшы В.М.Азиннің қоластында әскери дәрігер болып қызмет атқарғанын айтқан екен. А.Н. Сызғановтың Азаматтық соғысқа қатысу себебі, жоғарыда біз айтып өткен медицина факультеттерінің милитарландырылуына байланысты секілді.
Азаматтық соғысқа қатысқаннан кейін А.Н. Сызғанов университеттің медицина факультетіндегі оқуын жалғастырады.
1921-1922 жылдары Поволжьедегі ашаршылық Татар АКСР аумағын да жайлайды. Бұл жағдайды қуаңшылық одан сайын қиындата түседі. 1922 жылдың қысында аштық өте ауқымды масштабқа жетеді. Ауылдардағы үй-жайлар қаңырап, адамдар бір-бірін немесе мәйіттерді жеген жағдайлар жиі ұшырасады. Аштыққа сүзек эпидемиясы қосылады. Татарстанда 1921-1922 жылдарда аштықтың себебінен көз жұмған адамдардың саны жарты миллионған жуық.
А.Н. Сызғанов осындай экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайда өмір сүріп, университетте оқиды. Қарындасының айтуынша, А.Н. Сызғанов медицина факультетінің жоғары курсының студенті кезінде Татарстан аумағында адамдарды және өліктерді жеген тұлғаларға медициналық куәландыру жүргізген.
Осылайша, А.Н. Сызғановтың өмірінің бұл кезеңі екі маңызды жағдаят бойынша оның қалыптасуының бастауы ретінде танылады: оның Азаматтық соғысқа қатысуы және 1921-1922 жылдарды Поволжьеде аштықтан зардап шеккендерге медициналық тексеру жүргізуі.
Дегенмен студент А.Н. Сызғанов оқу жылдарында ғылымға және хирургиялық практикаға ерекше қызығушылық танытқандықтан, оқу бітірген соң Қазан университетінің топографиялық анатомия және оперативтік хирургия кафедрасында ассистент болып қалдырылады (1922-1926 жылдар аралығы). 1926 жылы талантты маман ретінде танылған А.Н. Сызғанов алдымен пропедевтика ассистенті қызметіне, кейіннен университеттің көрнекті хирург-профессор В.Л. Боголюбов басқаратын госпитальдық хирургиялық клиникасына клиникалық жұмысқа ауыстырылады. 1933 жылы А.Н. Сызғановқа приват-доцент, ал 1934 жылы профессор лауазымы беріледі.
Дәл осы жылдары Александр Николаевич адамның бүйрек қабығын және бүйректің лимфатикалық жүйесін зерттеумен белсенді түрде айналыса бастайды. 1934 жылы Қазақстанға қоныс аударған ол осы зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастырады. Оның коллатеральдық лимфа айналымы туралы жұмысы — әлем бойынша осы тақырыптағы алғашқы жұмыстардың бірі. Бұл зерттеу еңбегі 1940 жылы Алматыда монография түрінде жарияланды.
А.Н. Сызғановтың Қазанда өмір сүрген кезеңі оның академик ретінде қалыптасуының бастауы деп танылуы отбасылық өміріндегі маңызды оқиғаға да байланысты. А.Н.Сызғановтың қарындасының айтуынша, 1920 жылдардың ортасында әлдебір қызға ықыласы түскен екен, алайда қыздың әкесі қандай да бір "дәрігер" туралы тыңдағысы да келмей, қызына ол дәрігермен кездесуіне үзілді-кесілді тыйым салған. Жауапсыз махаббаттан тауы шағылған Александр Николаевич сол қыздың құрбысы Ольгаға ұсыныс жасап, шаңырақ көтереді. Олар Қазан қаласында тұрады, дегенмен бұл некенің ғұмыры ұзаққа бармай (жарты жыл немесе жарты жылдан аса уақыт) ажырасады.
1932 (1933) жылы А.Н. Сызғанов Қазан бактериологиялық зертханасының директоры, микробиолог дәрігердің қызы, Вельховерде дүние есігін ашқан Татьяна Сергеевнамен үйленеді.
Қазан университетінде жұмыс істеген кезең — А.Н. Сызғановтың хирург және ғалым ретінде қалыптаса бастауы аяқталған кезең.
Ол әйелімен және оның ұлымен бірге 1934 жылдың наурыз айында Алматыға көшеді.
1936 жылдың наурызында Қазан мемлекеттік медицина университетінің Ғылыми кеңесінде докторлық диссертациясын қорғайды.
Қазақ мемлекеттік медицина институты кафедрасының меңгеруші болып қызмет атқарады.
1945 жылдың сәуір айында Алматы қаласында Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық және экспериментальдық хирургия институтын құрып, 1975 жылға дейін директор лауазымын атқарады.
1954 жылдың 30 сәуірінде Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі лауазымы тағайындалады.
Көптеген мемлекеттік марапаттарға лайық деп танылады.
Ол өз ұлым деп санаған 35 жастағы Александр Баев мерзімсіз дүниеден өтеді. Оның сүйікті жұбайы өмірден өтеді, сосын ұлы хирург өмірінің ең соңғы, ең күрделі кезеңі — жалғыздық, онкологиялық дерт кезеңі басталып, 1980 жылдың 9 қазанында дүниеден өтеді.
Д.А. Қонаев, Б.А. Әшімов, Н.А. Назарбаев және т.б. секілді кеңестік Қазақстанның басшылары қол қойған, А.Н. Сызғанов туралы "Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің ірі ұйымдастырушысы, көрнекті ғалым дүниеден өтті" деген некролог жазылады.
Оның есімі шексіздікке ұласады: 1980 жылы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына оның есімі беріледі; Алматы қаласындағы Горный гигантта "Академик Сызғановтың" есімімен аталған көше бар; өз өмірінің соңына дейін тұрған үйдің соңғы, үшінгі қабатындағы №8 пәтер орналасқан Төлебаев көшесіндегі №131 үйге ескерткіш тақта орнатылады.
Мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде еді...
(Академик А.Н. Сызғановтың 120 жылдығына орай
дайындалған мақаладан үзінді)
Ұ.Ш. Медеубеков, А.Б. Тугаров