Ақ қан ауруын басында анықтау шынымен қиын. Көбінде аяқ астынан, болжамаған жерден табылады. Адам медициналық тексерістен не басқа бір себептермен дәрігерге қаралған кезде белгілі болып жатады.
Десе де онколог мамандардың айтуынша, ақ қанның бастапқы белгілерін бажайлап болжауға болады. Мәселен, бас ауыру мен бас айналу, түнде терлеу, тәбеттің нашарлауы, уақ-суақта дене қызуының көтерілуі, әлсіздік пен шаршау, салмақтың тез азаюы, жиі инфекция тию сынды белгілер – ақ қанның алғашқы белгілері болуы мүмкін.
Ал ақ қан асқынғанда адамда тахикардия пайда болады, денесі тез көгереді әрі жаралған жері әрең жазылады, ерні мен тырнағы көгеріп , денесі бөртіп кетуі мүмкін. Тырысу мен естен талу, буын мен сүйектің сырқырап ауруы да ақ қанның асқынған түрі.
Ал ақ қанның ең үлкен белгілерінің бірі әрі бастапқа кезеңде анықтаудың тура жолы – бұл қан тапсыру мен ондағы тромбоциттердің, эритроциттердің мөлшерін бақылап, талдау жасау. Егер тромбоцит пен эритроцит азайып бара жатса, қауіптенуге себеп бар.
Лейкемияның қалай пайда болатыны, не әсер ететіні ғылымға әлі белгісіз. Көбінесе, генмен келеді. Басқа жағдайларда лейкоз қан жасушаларының ДНК өзгерісіп, мутацияға ұшырауынан пайда болады. Бірақ қанның неге аяқ астынан мутацияға ұшырайтыны беймәлім.