Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні желтоқсан айының басында аталып өтіледі. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2016 жылы 26 мың адам АИТВ дертіне шалдыққан. Дәл сол жылы вирусты тағы үш мыңға жуық адам жұқтырып, мыңға жуық науқас ЖИТС-тен көз жұмған. Соңғы 8 жыл ішінде АИТВ жұқтырғандар саны 39%ға, одан қайтыс болғандар 32%-ға артқан.
АИТВ мен ЖИТС-тің арасындағы байланыс:
Адамның иммун тапшылығы вирусы иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайды. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қаншалықты көп болса, адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды. Емделмеген АИТВ-дің соңы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласады. Иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам артық дегенде үш жыл ғана өмір сүреді.
Таралу жолдары
Бұл ауру туралы ақпаратқа толық қанықпаған қарапайым халық АИТВ дертін тек жыныстық жолмен, нашақорлар арқылы жұқтыруға болады деп ойлайды. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Себебі, вирус адам ағзасына қан мен шәует арқылы, ана сүті арқылы да таралуы мүмкін. Ол ауру адам қолданған шприцті пайдаланғанда, жыныстық қатынас кезінде немесе босанған кезде анадан балаға жұғады. Тіпті, ауруханаларда дұрыс зарарсыздандырылмаған медициналық құралдар арқылы жұқтыру қаупі де жоқ емес. Бірақ, АИТВ дертіне шалдыққан науқаспен бір стақаннан су ішкеннен, бір сүлгі пайдаланғаннан жұқпайды. Инфекция сілекей, ауа арқылы да таралмайды.
Дерттің белгілері
Аурудың белгілері әр кезеңде әртүрлі болады. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқас суық тигендей күй кешеді. Бұлшық еттері, тамағы ауырады, тоңып, үсті-басы қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Сондықтан әр жарты жылда немесе жылына бір рет ЖИТС-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тіркелген емхана арқылы тегін өте алады.
АИТВ-мен де өмір сүруге болады
Жалпы, иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Дегенмен, одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығының ЖИТС-ке айналу қаупі жойылады.
Мамандардың айтуынша, бұл ауруды бақылауда ұстау қажет. Вирус анықталған жағдайда ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу қажет. Есепте тұрғанғаннан кейін кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек те тегін.
Мамандардың айтуынша, сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін қарым-қатынасқа дейінгі және қарым-қатынастан кейінгі емдеу шараларын пайдалануға болады. Тенофовир және эмтрицитабин препараттары вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға төмендетеді.