С дәрумені ағзада бөлінбейді: оны тек тамақтан ала аламыз. Бірақ кейде үйлесімді рационның өзінде бұл микроэлемент ағзаға жетіспеуі мүмкін. С дәрумені жетіспеушілігін қалай білуге болады?
Жара жазылып болмайды
С дәрумені кесіп алған және көгерген жердің, сондай-ақ басқа да жаралардың жазылуы үшін маңызды. Ол ағзаға теріні қалыпқа келтіретін коллаген өңделуіне қажет. Сондықтан ағзаға С дәрумені жетіспесе, кез келген жара жазылып болмайды және ұзаққа дейін қабынған күйде қалады.
Тері және шаш проблемалары пайда болады
С дәрумені теріні ультракүлгін сәулеленуден қорғау үшін және коллаген өңдеу үшін қажет. Бұл микроэлемент жетіспесе, тері құрғақ әрі сезімтал болып кетеді және әжім пайда болады. Тері түсі күңгірт болып кетуі мүмкін.
С дәрумені жетіспесе, ол шашқа да әсер береді: шаш сынғыш болып кетеді және жұқарып кетуі мүмкін.
Тіс еті қанайды
Кейде тіс еті қанайды және ауырады. Оның себебі ағзаға С дәруменінің жетіспеуі болуы мүмкін. Сондай-ақ ыстық және суық нәрсеге тіс сезімталдығы пайда болуы мүмкін.
Буындар ауырады
Буындар ауыруы – С дәрумені жетіспеуінің кең тараған белгісі. Әдетте, бұл белгі бірінші байқалады. Бұл микроэлемент - қабынумен күресетін антиоксидант. Егер ағзаға С дәрумені жетіспесе, ол қабынумен күресе алмайды да, буындар ауыруы мүмкін.
Тырнақ сынғыш бола түседі
С дәрумені темір сіңуі үшін маңызды. Ал темір тырнақтың және шаштың сау әрі қатты болуы үшін қажет. С дәрумені жетіспеген жағдайда тырнақ сынғыш және әлсіз болып кетуі мүмкін.
Мұрын қанай береді
С дәрумені ағза жасушаларының өсу және қалыпқа келу процестеріне қатысады. Ол жетіспесе, қан тамырлар қабырғалары жұқарып, мұрын қанауы мүмкін. Мұндай жағдайда мұрын жүйелі түрде қанайды: әдетте, таңертең және физикалық жүктеме кезінде мұрыннан қан ағады. Мұрын қанауының басқа да себептерін мына жерден оқи аласыз.
Шаршаңқылық сезімі пайда болады
Ұйқыңыз қанса да және көп жұмыс істемесеңіз де, күні бойы өзіңізді шаршаңқы сезінсеңіз, бұл С дәрумені жетіспеуінен болуы мүмкін. Себебі С дәрумені жетіспеген кезде адам ұйқышыл және әлсіз болып кетеді. Сондай-ақ ол ашуланшақ болып кетуі мүмкін.
Иммунитет әлсіреп кетеді
С дәрумені иммунды жүйе күшін арттырады. Егер С дәрумені жетіспесе, ауру тудырғыш бактериялардың ағзаға еніп кету мүмкіндігін артады.
Денеде себепсіз көгерген жерлер пайда болады
Егер С дәрумені жетіспесе, денеде себепсіз көгерген жерлер пайда болады. Себебі коллаген өңделуі түсіп кетеді де, қан тамырлар әлсіз бола түседі. Сол үшін жай тиіп кеткен нәрсенің өзінен дене көгеріп кетуі мүмкін.
Сүйектер әлсіз болып кетеді
Егер ағзаға С дәрумені жетпесе, сынық алу немесе остеопорозмен ауыру қаупі артады. Себебі бұл кезде темір дұрыс сіңбейді де, сүйектер әлсіз және сынғыш болып кетеді.
Ескерту: өздігінен емделу қауіпті және диагнозды тек дәрігер қоя алады.