- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ағзадағы артық суды...
Ағзадағы артық суды шығару жолдары
Егер таразыдан бірнеше артық килограмды байқасаңыз, асығыс шешім қабылдамаңыз. Себебі кей себептерге байланысты ағзада сұйықтық тұрып қалуы мүмкін. Бұл кезде дене өз тонусын жоғалтқан секілді көрінеді. Не үшін ағзада сұйықтық жиналады және оны қалай шығаруға болады?
Егер еш себепсіз ісінетініңізді жиі байқасаңыз, дәрігерге көрінген жөн. Бірден жүрек пен бүйректерді тексертіп, мүмкін патологияларды анықтап алу керек. Сондай-ақ, әйелдерде етеккір кезінде ағза сұйықтықты қарқынды жинайды. Көпшілік оны осы кездегі тамаққа тәбеттің жоғары болуымен байланыстырады, алайда шындығында ол гормондарға байланысты: эстроген мен прогестерон сұйықтық алмасуға әсер етіп, таразыдан артық 1-3 кг байқайсыз. Бұл қалыпты жағдай, бірнеше күннен соң ісіну өздігінен кетеді, онымен бірге артық килограмдар да жоғалады.
Ісінудің тағы бір себебі — дұрыс тамақтанбау. Кей сусындар мен азық-түлік топтары ағзадағы сұйықтықты тоқтата алады.
Ағзадағы артық сұйықтықты шығару жолдары
Бір қызығы, ісінуден арылудың ең жақсы әдісі — ағзаны жеткілікті су мөлшерімен қамтамасыз ету. Күніне 2,5 литр су ішуге тырысу керек. Ағза суда еш кемшілік жоғына үйренген кезде ол сұйықтықты ұстауды доғарады.
Ағзадағы артық суды шығарудың тағы бір әдісі — рационнан тұзды алып тастау немесе оның мөлшерін барынша азайту. Тамаққа және салатқа қосатын тұздан басқа, дүкенде сатылатын дайын өнімдердің құрамында да тұз өте көп болатынын ескеріңіз.
Рационға көбірек қарапайым және табиғи тамақ қосыңыз: жемістер, көкөністер, жармалар мен ірі тартылған ұннан жасалған нан мәзірді түрлендіруге көмектесіп, пайдалы емес тамақтарды ауыстыра алады. Құс еті мен балық, жұмыртқа және сүт қышқылды өнімдер ақуыздың тәуліктік нормасын алуға және ұзаққа дейін тойымды жүруге көмектеседі.
Шөптерден жасалған шай ішу арқылы ағзадағы сұйықтықты жылдам шығаруға болады. Жалбыз, жаужапырақ (мелисса), итмұрын, қызылжидек, зире, алманың кепкен қабығы және қайың жапырағы ісінуден арылуға ықпал етеді. Ол үшін олардан шай қайнатып, оны күні бойы ішу жеткілікті. Бүйрекке арналған шайлар аяғыш әсерімен белгілі және жанама әсер тудырмайды. Көкөністерден қажет әсерді қияр, кәді, қызылша, орамжапырақ, картоп, асқабақ және баялды береді. Ісінуге қарсы жемістер — алма, шабдалы, құлпынай, бүлдірген. Кепкен өрік, мейіз және өрік секілді кепкен жемістер де көмектеседі.
Тұз қосылған ванна демалуға және босаңсуға ықпал етіп қана қоймай, ағзаның артық судан арылуына көмектеседі. Жақсы әсер болуы үшін ванна қабылдарға дейін екі сағаттай ештеңе жемеген және ішпеген дұрыс. Ваннаны 38 градустан аспайтын суға толтырып, оған жарты килограмм тұз немесе 200 грамм ас содасын салу ұсынылады. Мұндай ваннада шамамен 10 минут жату керек. Процедура аяқталған соң денені сүлгімен шамалы құрғатып, көрпенің астында 40 минут жату керек. Содан соң душқа шайынып алыңыз. Тағы да бір сағаттай ештеңе жемеу және ішпеу керек. Әдетте, мұндай ваннадан соң дене жарты литрдан көп сұйықтық жоғалтады.
Артық сұйықтықтан арылуға көмектесетін тағы бір тиімді әдіс — моншаға бару. Моншада дене ұсақ тесіктер арқылы біраз сұйықтық жоғалтады. Сусыздану болмас үшін су тепе-теңдігін қалпына келтіруді ұмытпаңыз: ол үшін процедуралар арасында шөптер шайын ішіңіз. Монша алдында залда жаттығып алсаңыз, өте жақсы нәтиже байқайсыз.
А. Жапатова