- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ағзада неге тестостерон...
Ағзада неге тестостерон көбейіп кетеді?
Тестостерон – барлық адамда кездесетін гормон. Негізі аталған гормон – ер адамдардың басты гормоны. Бұл гормон арқылы анасының ішінде жатқан кезде олардың жыныс мүшелері қалыптасса, жасөспірім шақта екінші ретті жыныс белгілерінің қалыптасуына септігін тигізеді.
Әйел адамда да бір мөлшерде тестостерон бала көтеру мен оның жыныстық ерекшелігіне әсер етеді. Одан әйел гормоны эстроген синтезделеді.
Оның денедегі нормасы адам жынысына, жасына және физикалық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, 30 және 40 жаста адамның ағзасындағы бірдей мөлшердегі тестостерон әртүрлі мәселені көрсетуі мүмкін. Ол мөлшер 30 жаста қалыпты болғанымен, 40 жастағы азамат үшін өл мөлшер шамадан көп болады.
Сонымен қатар, теріде тестостерон рецепторлары көп. Оның артуы май безі мен түк фолликулаларына әсер етеді. Бетте, арқа мен кеудеде безеулер пайда болады. Денеде түктердің өсуі күшейіп, керісінше шаш түсе бастайды. Шектен тыс көбеюі де адамның мінез-құлқына әсер етеді. Ондай жағдайда адам ашушаң болып кетеді.
Ер адамдарда аз мөлшердегі ауытқу байқалмайды. Ал әйел адамдарда сәл өзгерістің өзі ер адам белгілерінің айқын түсуіне себеп болады. Мысалы, дене пропорциясы өзгеріп, дауыс жуандап, клитор ұлғаяды. Сонымен қатар, белсіздік пайда болуы мүмкін.
Тестостеронның көбеюіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Емделіп, алдын-алу үшін оның шығу себебімен танысу керек.
1. Кей дәрі-дәрмекті тұтыну
Синтетикалық тестостерон, глюкокортикостероид, анаболикалық стероидтар мен эпилепсияға арналған дәріні ішкен жағдайда денедегі тестостерон мөлшері артады. Дәрілердің құрамында тестостеронның өзі болмаса да, оның компоненттері болуы мүмкін.
Не істеу керек?
Егер ағзадағы тестостерон өзге дертті емделу барысында көбейіп кетті деп ойласаңыз, онда дәріні қабылдауды ұсынған дәрігер қабылдауына қайта жазылыңыз. Егер мүмкіндік болса ол ағзадағы гормондарға әсер етпейтін арнайы препараттарды таңдап береді. Кейде емдеуді тоқтатуға болмайтын сәттер болады. Ондай жағдайда дәрігер дәрі мөлшерін азайтады немесе қосымша дәрілер жазып береді.
Егер бұлшық етті өсіру мақсатында анаболикалық стероидтарды өз бетіңізбен қабылдай бастаған болсаңыз, қабылдауды дереу тоқтатып, терапевт қабылдауына жазылуға кеңес береміз.
2. Туа бітті бүйрек үсті безінің гиперплазиясы
Бұл – минералокортикоидтарды өңдеуге керек ферменттер жеткіліксіздігінен туартын генетикалық дерт. Миға денедегі тұзды алмасу үшін гормон керек. Сол себепті ол бүйрек үсті безін аталған ферменттерді өндіруге мәжбүрлейді. Бүйрек үсті безі өзіне тиесілі емес қызметті атқару үшін барынша тырысады. Ол бар күшін салып жұмыс істейді, сосын ісініп, салмағы мен көлемі ұлғаяды. Нәтижесінде гиперплазия пайда болады. Қанша мөлшерде бөлу керегін білмейтін бүйрек үсті безі, минералокортикоидтарды шамадан тыс бөле бастайды. Тым көбейген кезде ағза одан құтылу үшін тестостеронға айналдырады.
Туа бітті гиперплазияның бірнеше түрі бар. Классикалық түрі бойынша қыз балалар аралас жыныстық белгілермен туылады. Ер балалардың да жыныстық мүшесі жетілмейді. Сол себепті диагнозды бүйрек үсті безі байқалатын УДЗ кезінде қояды.
Ал, классикалық емес кезінде белгілер жасөспірім шаққа дейін айқын көрінбейді. Тестостерон әсерінен оларда жыныстық жетілу ерте жастан басталады. Қыздардың денесінде түктер қалың өсіп, безеу көбейіп, етеккір тұрақталмайды.
Не істеу керек?
Алдымен педиатрға жазылу керек. Кейін ол эндокринологқа жібереді. Дәрігер гормондарға анализ тапсыруды және УДЗ-ға түсуді міндеттейді. Диагноз қойылған жағдайда бала гормонды терапиядан өтеді. Қыздарға жыныс ағзаларын ретке келтіру үшін хирургиялық ота жасалуы мүмкін.
3. Гормон өндіретін ісіктер
Кейде ағзадағы ісіктер өздігінен гормон бөлуі мүмкін. Соның ішінде аталық ұрық безі, аналық без, ми және бүйрек үсті бездерінің ісігі жиі тестостерон синтезін жасайды.
Не істеу керек?
Гинеколог, уролог және терапевтке қаралу керек. Егер дәрігер ісік барына күдіктенсе, онкологқа жібереді. Ем ісіктің түрі, сипатына сәйкес ем жазылады.
4. Гирсутизм
Бұл – әйелдер арасында жиі кездесетін эндокриндік аурулардың бірі. Оның белгілерінің бірі – түк өспейтін жерлерде әдетте ұзын түктер өсуі. Мысалы, ерін үстінде, екінші иек, кеуде, арқада. Бұл ауру түрі туа бітті болуы да мүмкін.
Не істеу керек?
Алдымен гинекологтың көмегіне жүгіну керек. Кейін ол тестостеронның бөлінуін шектейтін дәрі-дәрмек жазып береді.
5. Аналық без поликистоз синдромы
Гипофиз безінің қызметі бұзылған жағдайда, аналық безде ісіктер пайда болады және тестостерон бөлетін жасушалар белсенді бола түседі. Бұл жағдайда әйелдердің етеккірі бұзылады, овуляция болмайды, безеу шығып, артық салмақ қосылады. Әдетте алғашқы белгілер жасөспірімдер мен жас қыздарда пайда болады. АҚШ-та әйел адамдардағы белсіздіктің жиі себебі ретінде көрсетіледі.
Не істеу керек?
Алдымен гинекологқа қаралу керек. Ол аналық безіне УДЗ жасайды және жыныс гормондарын анықтау үшін қанға сынама жасайды. Әдетте емдеу үшін бала көтертпейтін дәрі-дәрмек пен тестостеронның бөлінуін тежейтін дәрілер ұсынады.
Ағзадаға кез-келген өзгеріске мән бере отырып, уақытында емделуді ұмытпаңыз.
Т. Есқали