Тұз (немесе натрий хлориді) – ағзаға ешқандай қауіп төндірмейтін және ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне арналған міндетті элемент. Бірақ оның тым артық болуы жағымсыз салдарларға әкеледі.
Әдетте, ағзамызға күніне қанша тұз мөлшері кетіп жатқанына есеп бермейміз. Тамаққа қосатын ас тұзы мөлшерін бақылауымыз мүмкін. Бірақ барлық өнімде (көкөністер мен жемістерді қоса) табиғи түрде болатын натрий туралы ұмытамыз.
Зерттеулер бойынша, көпшілік адамда натрий мөлшері тым артық екен: орташа есеппен, әр адам тәулігіне 3400 мг тұз қолданады, ал негізгі норма – 2300 мг. Тұз мөлшерін азайту керегін мына белгілерден байқай аласыз:
1. Үнемі шөлдеу
Натрий – ағзадағы су тепе-теңдігін ұстап тұруға арналған элементтердің бірі. Егер тұз мөлшерін бақыламаса, артық натрий ағзадағы суды бөгейді, ал ми су ішу керегі туралы белгіні тоқтаусыз жібере береді. Егер ағзада тұз көп болса, шөліңіз мүлдем қанбайды.
2. Ісіну және іштің кебуі
Ісіну де шөлдеу сияқты пада болады. Тұз суды «жібермейді», сондықтан қан айналым процесі, зат алмасу және лимфа қозғалысының жылдамдығы баяулайды. Мұның барлығы ісінудің пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ тұздың тым артық болуы ішектер ауруына және іштің қабынуына әкеледі.
3. Бас ауруы
Кейде себепсіз басыңыз қатты ауыра ма? Соңғы рет қандай тамақ жегеніңізді есіңізге түсіріңіз. Тұздың тым көп болуы бас миы қан тамырларының кеңеюін шақырып, бас ауруына ықпал етеді.
4. Үйреншікті тамағыңыздың тұщы көрінуі
Натрийдің артық болуы дәм сезу рецепторларына әсер етуі мүмкін: олар тұзды дұрыс қабылдамай кетеді. Үйреншікті тамағыңыз тұщы не дәмсіз көрініп, көбірек тұз салғыңыз келіп тұрады.
Тұз мөлшерін қалай азайтамыз?
- «Тұзды алтылықтан» аулақ болыңыз. Америкалық диетологтар ассоциациясының ойынша, «тұзды алтылық» – ағзадағы натрийдің тым артық болуына ықпал ететін ең қауіпті өнімдер. Оларға нан(тоқаштар), шұжық (қақталған ет), бургер, пицца, консервіленген өнімдер және жартылай дайын өнімдер жатады;
- Тамақты өзіңіз дайындауға тырысыңыз. Әрине, сырттан тамақ іше салу немесе үйге тапсырыс беру жылдам әрі ыңғайлы. Оның үстіне соңғы жылдары тамақ пісірмей дайын нәрсе алу сәнге айналып бара жатыр. Бірақ сіз олардың тамақ пісіру процесін көрмейсіз және олар қаншалықты көп тұз салып жатқанын білмейсіз. Тамақ пісіретін жерлер ол «дәмді» шығуы үшін міндетті түрде тұзды көп салады.
- Дәмдеуіштер қолданыңыз. Егер тамақтың дәмі ұнамаса, артық тұз қосқаннан гөрі оған түрлі дәмдеуіштер пайдаланыңыз. Бірақ дәмдеуіштің құрамында тұзы жоқ түрін таңдаңыз.
- Консервіленген өнімді жақсылап жуыңыз. Консервіленген жүгері немесе үрмебұршақ жегенді ұнатсаңыз, оны пайдаланарда ағып тұрған судың астында бірнеше қайтара жуыңыз. Сол кезде оның тұзын сәл азайтасыз.