Жеміс-жидектердің ішінде ағзаға өте пайдалыларының бірі жаңғақ, оның түрлері. Бұлардың қай-қайсысы болса да витаминге, минералдарға бай. Тағы бір артықшылығы оны ұзақ сақтауға болады, ол өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтпайды. Халық емшілігінде жаңғақ түрлерін жиі қолданады. Одан түрлі тұнбалар жасайды, қабығын да, ішіндегі перделерін де, жапырағын да емге пайдаланады. Мысалы, піспеген кезіндегі сыртқы жас қабығын сыдырып, суға, спиртке тұндыру арқылы жасалған дәрмекті суықтағанда, зобқа, тері ауруларына, ішек дерттеріне қарсы пайдаланады. Әрине, әр дәрмектің өзіндік рецепттері бар. Кәдімгі грек жаңғағының бел қуатын арттыратынын жұрт ежелден біледі. Жаңғақты үнемі тұтынған адамда витамин, минерал жетіспеушілігі деген болмайды. Ол адамды стрестен де қорғайды. Жаңғақ құрамындағы цинк жыныс бездерінің жұмысын жақсартады, тестостерон түзілуін реттейді. Кальций мен магний тестостерон түзумен қатар ұрық түзілуін арттырады. Ол қуықасты безін аденомадан қорғайды. Жаңғаққа қатысты еркектерге керек рецептердің бірі мынадай: 12 дана жаңғақты, 200 грамдай құрғақ інжірді, мейізді және қара өрікті уақтап, бір ыдысқа салады да, тоңазытқышта сақтайды. Оны күнде кешкісін екі ас қасықтан жеп тұру керек. Артынан кефир ішеді. Сондай-ақ ұсақтап туралған жаңғақ, кептірілген өрік, мейіз, асқабақ дәнін, лимон қабығын, сұйық мөлдір балды араластырып жеп тұрса да болады. Жаңғақтың әйел ағзасындағы гормондық фонға да оңды әсері мол. Оны көп қан жоғалтқанда, босанғаннан, операциядан кейін, айлық қонақ қалыпсыздығына, бедеулікке қарсы қолдануға болады. Оның құрамындағы элементтер жыныс бездерінің белсенділігін арттырады, сүт безі обырының алдын алады, шаштың, тырнақ пен терінің ахуалын жақсартады. Оны аздап, күні бойы жеп жүрсе, тойындырады, тәбетті төмендету арқылы артық ішіп-жеп, семіруден сақтайды. Жүкті әйелдерге фолий қышқылы, темір жетіспейтін алғашқы кезеңдерде жаңғақ жеген жақсы. Ол әйелге ғана емес, құрсақтағы балаға да пайдалы. Баланың жүйке жүйесінде қалыпсыздыққ туындауының алдын алады. Сондай-ақ жүкті кезде шаранаға қаңқа сүйегін қалыптастыратын фосфор мен кальций де керек. Оны да жаңғақтан молынан алуға болады. Жаңғақ құрамындағы кальций мен магний айы-күні жақындаған жүкті әйел ағзасындағы артық сұйықты қуады. Сол сияқты, бала емізетін әйелге де жаңғақ пайдалы, ол оның сүтін көбейтеді, құнарлы етеді. Ең бастысы, жаңғақты тым көп жеп қоймау керек. Бір күнге әрі кетсе 7 жаңғақ жеткілікті. Жаңғақты семіз адамдар, оған аллергиясы барлар, қанының ұйығыштығы жоғары жандар, ұйқы безі қабынғандар, ішек жұмысы бұзылғандар жемегені жөн. Бұл проблемалардан арылып барып қана қолданған дұрыс. Ескіріп қалған немесе тым көп желінген жаңғақ дені-басы сау адамды да әбіржітуі мүмкін. Грек жаңғағынан бактерицидтік, қуаттандыратын, ішек паразиттеріне қарсы препараттар жасайды. Іш қатқанда да грек жаңғағы жақсы жәрдемші. Ол қандағы холестеринді азайтады. Жүрекке, тамырларға, миға пайдалы Омега 3 қышқылы да жаңғақта мол. 30 граммдай жаңғақта бұл қышқылдың тәуліктік нормасы бар. ...Бүгінде әлемде жаңғақтың 300-ден аса түрі бар. Қазақстанда Алматыда, Шымкентте, Каспий бойында өсіріледі. Бізде грек жаңғағын ғана емес, оның басқа түрлерін де өсіруге мүмкіндік бар. Ал халық арасында жаңғаққа деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ағзаға пайдалы, бүлінбей ұзақ сақталатын бұл өнімді алыс жақтарға, дүниенің төрт бұрышына дейін экспорттауға болады. Ең бастысы, оның денсаулыққа шипасы орасан зор. Дереккөз: zamana.kz