Ішіп жүрген сусыныңызға мән беріңіз. Өйткені денсаулыққа зиянынан бөлек, тез қартайтуға, бетке әжім түсуге әкелетін салдары қатар болуы мүмкін.
Адамның бет-жүзіне, тез қартаюына көп нәрсе әсер етеді: күйзеліс, нашар жұмыс орны (күннің асты, жел соғатын жер, өнеркәсіп), дұрыс ұйықтамау, дұрыс тамақтанбау. Алдыңғы айтылған себептер түсінікті.
Ал дұрыс тамақтанбауға нелер жатады дегенге келсек. Ең алдымен қанты көп тағамдар, рафинатталған көмірсулар, консервант пен қанықпаған майы көп (фаст-фуд) тағамдарды жиі тұтыну адамның бет-жүзіне тез әжім түсіреді.
Бұлардың арасында, әсіресе, сусындардың тигізетін зияны бөлек. The Health Site сайтының жазуынша, мына сусындар адамның тез қартайтатын көрінеді.
Газдалған сусындар. Мамандардың айтуынша, газдалған сусын – сусындардың ішіндегі адамға ең зияны. Газдалған сусында қант өте көп. Оны көп ішкен, жиі ішкен адамның бетінде әжім ерте шығады. Қанда холестеринді көбейтіп жібереді де, содан адам ерте жүрек ауруына шалдығуы мүмкін.
Өңделген жеміс шырыны. Кәдімгі дүкеннен сатып алып ішіп жүрген жеміс шырындарының көбі – өндірістік өңдеуден өткен сусындар. Мұндай сусындардың ішінде шын мәнінде жемістің өзі жоқ. Себебі өндірушілер жемістің бір бөлшегін ғана алып, содан сусын жасайды. Жемістің ең пайдалы бөлігі – жасұнық өңдеуден өтпейді. Демек жеміс шырынында нағыз пайдалы зат жоқ деген сөз. Оның орнына қант пен консервант көп болады.
Жасұнық адамның ішегіне пайдалы. "Жақсы микрофлораны" көбейтеді. Ал "жақсы микрофлора" адамның тәнін жас көрсетеді.
Ішімдік. Оны зияны айтпаса да түсінікті. Вино мен сыраның өзі зиян. Ішімдік адам ағзасында коллагендерді (ақуыздың түрі) жойып жібереді. Ал коллаген адам терісіне нәр мен қорек береді. Тері нәрінен айырылған соң, тез әжім басады.
Жасанды тәтті қосылған сусындар. Тәтті адамның басты иммун жүйесі әрі бүкіл көңіл-күйі мен денсаулығына әсер ететін – ішектегі микрофлораны өзгертіп жібереді. Яғни, жағымсыз бактерияларды көбейтіп, жағымды бактерияны "өлтіреді". Жағымды микрофлора – адам тәнінің басты көрсеткіші.