- Негізгі бет
- Денсаулық
- Адамды жасартатын 4...
Адамды жасартатын 4 дәрумен қай тағамның құрамында бар?
Адамның жас-кәрі екенін ең алдымен түріне, бет-әлпетіне қарап білетініміз рас. Ал бет-әлпет дегеніміз – тері. Ендеше теріні жас қалпында сақтау өте маңызды.
Тері – адам дене мүшелерінің ішіндегі ең үлкен ағза. Теріні жас сақтаудың бірден-бір жолы – бұл дұрыс тамақтану мен диета ұстау. Дұрыс тамақтанбасаңыз, ағзада дәрумен мен антиоксидант азайып, терінің жастық қуатын жоғалтып алуыңыз мүмкін.
Ендеше терінің нәрін келтіруге қай дәрумен аса қажет екен, соны қарастырып көрейік. Мамандардың айтуынша, ең маңызды 4 дәрумен бар екен.
С дәрумені
С дәрумені терінің ішкі және сыртқы жақтарында көп болады. Бұл витаминнің антиоксиданттық қасиеті бар. Яғни, теріге ең қажет ақуыздардың бірі – коллагенді өндіреді.
Бұл дәрумен әсіресе тері жараланған кезде аса қажет. Теріні ультракүлгін сәуледен қорғайды. Көздің айналасын әжім баспауға көмектеседі. Әжімді, терінің қыртысын тартып, тонын жөндеуге әсер етеді.
С дәруменін апельсин мен басқа цитрусты жемістерден, қызанақ пен бұрыш, киви мен бүлдіргіннен, брокколи мен шпинаттан алуға болады.
D дәрумені
D дәрумені кальцийдің ағзаға сіңуіне көмектеседі. Ал кальций сүйекті қатайтады. Бұл витаминді негізінен үш нәрседен алуға болады: күн сәулесі, диета мен тағам қоспасынан.
D дәруменін көбіне "күн дәрумені" деп жатады. Өйткені адам ағзасы күн сәулесін теріге сіңдіру арқылы D дәруменін өндіріп шығарады.
Зерттеуге сенсек, ағзада D дәрумені жетіспесе, тері қурап, безеу мен бөртпе қаптап кетуі мүмкін.
Бұл дәрумен майлы балықта, балық майында, сиырдың өкпесінде, жұмыртқаның сарысында сүтте көп болады.
E дәрумені
Е дәруменінің құрамында теріні күн сәулесінен қорғайтын майлы қоспалар болады. Бұлар тері жасушасының бөлініп, жасарып отыруына көмектеседі. Жасуша қабынса, сауықтыруға көмектеседі. Е дәрумені – иммунитетке ең керек дәруменнің бірі. Көздің көруін жақсартады, көз маңындағы дақ пен әжім-қатпарды жазады.
Е дәрумені миндаль, арахис, фундук сынды жаңғақ пен күнбағыстың дәнінде, авокадо, шпинат, киноа, соя майында көп болады.
К дәрумені
К дәрумені майда еритін қоспалардан тұрады. Қан айналымы мен сүйектің қатаңдығына жауап беретін дәрумен. Жүрекке пайдалы витамин.
Бұл дәрумен теріде пигмент, қара дақ қаптап кетуден, тыртық қалып қоюдан сақтайды. Теріні тартуға, жалпы хал-жағдайына жақсы әсер етеді. Теріге жара түссе де, осы дәруменнің антиоксиданттық қасиеті іске кірісіп, инфекция түсірмейді.
Дәрумен орамжапырақ, авокадо, шпинат, брокколи, жасыл түйебұршақ, сиыр еті, жұмыртқаның сарысында, сүт пен йогуртта көп болады.
Қ. Слямбек