Әсіре өңделген, зиянды тағамдар ағза жасушасын тез қартайтады. Испанияның Наварра университетінің ғалымдары ғалымдары 20 жылға созылған зерттеудің арқасында осындай тұжырымға келді. Зерттеу нәтижесін жариялаған – American Journal of Clinical Nutrition ғылыми журналы.
Испан ғалымдары зерттеуді 1999-2018 жылдар аралығында жасаған. Зерттеу тамақтану әдетінің артериалды қысым, диабет, семіру мен жүрек-қан ауруларына тигізетін әсерін анықтау мақсатында құрылған SUN Project жобасы аясында ұйымдастырылған. Ғалымдар 51-91 жас аралығындағы 886 адамның ас жеу, тағам тұтыну әдетін, оның ағза ДНК-сына тигізер әсерін жиырма жыл бойы бақылаған.
Адам ДНК-сында, хромосомалардың тұйықталған жерінде теломер болады. Олар ДНК-ны зақымданудан қорғайды. Ал теломер қысқарған сайын жасушаға көп зақым келеді де, адамның биологиялық қартаюы тез жүреді.
Зерттеу барысында ультраөңделген тағам өнімдерінің (тәтті сусын, түрлі қоспа араластырылған ет өнімдері, консерванттар, қанты мен майы көп тағамдар) теломерге кері әсері көп болатыны анықталды. Күніне үш порциядан көп зиянды тағам жеген респонденттердің (тәжірибе жасалған адамдар) теломері мұндай тағамдардан бас тартқандардікінен 20 пайыз қысқа болып шыққан.
Ғалымдардың айтуынша, ағзаға түскен зиянды тағам адам иммунитетін әлсіретіп, ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілетіне кедергі келтіреді.Ал жасуша жаңармаған соң, ағза да тез қартаяды. Оның үстіне, зиянды тағам жейтіндердің көбі салауатты өмір салтын ұстанбайды. Спортпен, дене қимылымен айналыспағандардың да ағза теломері тез қысқаратын көрінеді.
Айта кеткеніміз жөн, ультраөңделген өнімдер дегеніміз – азық-түлік пен жеміс-жидектің өндірістік өңдеуден өткен, табиғи қасиеті жоғалған, жаңаша түрге енген, дәмі өзгерген тағам өнімдерін айтады. Бұған тез дайындалатын кеспе, қанты мен майы, қоспалары көп тағамдар, тәтті, газдалған сусындар, шоколод сынды жалпы тәтті тағамдар, мұздалған, жартылай дайын тағамдар, өңделген нан өнімдері жатады.