- Негізгі бет
- Денсаулық
- Адам температурасы неге...
Адам температурасы неге көтеріледі?
Температура – адам ағзасындағы жылу энергиясын өлшейтін шама. Зат алмасудың қалыпты жүруіне, мүшелердің жақсы жұмыс жасауына жылу аса қажет. Температураның өлшем бірлігі ретінде Цельсий (°С) мен Фаренгейт (°F) жиі қолданылады.
Адамның қалыпты температурасы қолтық астынан өлшегенде 36,5 °С болады. Қалыпты температура күндіз көтеріледі, ал түнде түседі. Температура дененің әр бөлігінде әртүрлі болады. Мысалы, терінің температурасымен салыстырғанда, ішкі мүшелердің температурасы бір градусқа жоғары болады. Терінің өзінде де температура бірдей болмайды. Атап айтқанда, табанда температура 20 °С-тан аспайды.
Егер адамның дене температурасы қалыпты мөлшерден асса, әсіресе, 38,3 градустан жоғары кетсе, онда оның себебін тауып, қызуды түсіруге талпыну қажет.
Қызудың көтерілуі – ағзаның сырқат екенін білдіретін ең негізгі белгінің бірі. Өйткені адамның денесі ағзасына түскен микроб не вируспен күресу үшін, қабынған, зақым алған мүшесін қалпына келтіру үшін температурасын автоматты түрде көтереді. Бұл – оның табиғи қорғанысы. Ағзаның микроағзаларына қажет өнімдерді тез өңдеп жеткізу үшін, сол арқылы иммун жүйесін "күреске дайындау" үшін адам денесі жылу мөлшерін күшейтеді. Егер ыстық 39-40 градусқа жететін болса, адамның жүрегі мен өкпесі көтере алмай кетеді де, демікпе пайда болады, ауа жетпей қысылады.
Дене температурасының көтерілуінің бірнеше себебі бар:
Тұмау мен ЖРВИ
Адамға тұмау тиген кезде, қызу дереу көтеріледі. Қалтырау, тоңу, дірілдеу пайда болып, маңдай тұсы тартып ауырады. Бұлшық ет те ауруы мүмкін. Температура 38-39 градусқа дейін көтеріледі.
Қызуды түсіру үшін дәрігер тағайындаған немесе рецептісіз сатылатын, қабынуды тоқтатын дәрі ішіп, ингаляция жасаған жөн. Тосап (таңқурайдың) қосылған шәй ішіп те басуға болады. Емделу 4-6 күнге созылуы мүмкін.
Пневмония
Егер тұмау мен ЖРВИ асқынып кетсе, өкпенің қабынуына әкеледі. Ауа жетпей, демікпенің пайда болатыны, түнімен терлеп шығатыны содан. Қызуы көтерілуімен бірге адамның іші тартып ауруы мүмкін. Мұндай кезде ең дұрысы – дәрігерге хабарласып, шұғыл жәрдем шақыру, ауруханаға бару.
Пневмонияны рентген аппаратымен анықтайды. Табылған жағдайда бөлек бөлімде емделеді.
Бүйрекке суық тию
Кіші жамбас мүшелері (бүйрек, қуық) қабынған жағдайда адамның дене температурасы 38-39 градусқа дейін жетіп, қара терге түседі. Бел маңайындағы мүшелер тартып ауырады. Мұндай жағдайда тезірек қан тапсырған жөн. Қан құрамындағы лейкоцит пен эритроциттердің тұну жылдамдығы тексеріледі.
Ауруды басу дәрігер тағайындаған дәрі ішу керек. Ал инфекциядан айығу үшін антибактериал препараттар ішіп, емдеу курсынан өту қажет.
Қалқанша безінің қабынуы
Адамның дене темперурасы көтеріліп, салмағынан айырылса, әлсіздік, шаршау мен ашушаңдық, қорқу сезімі пайда болса, тәбеті жақсы, бірақ тез арыса, бұл қалқанша безінің қабынуын білдіреді. Мұндай жағдайда қалқанша безінің гормон бөлінісін тексеру керек.
Ісік
Қызу бір ай бойы түспейтін кездері болады. Шаршау, әлсіздік пайда болады, шаш түсіп, тәбеті қашады, салмақ жоғалтады. Бұл кейде өкпе, бүйрек, бауырда ісік барын білдіруі мүмкін. Мұндайда уақыт жоғалтпай, онкологқа қаралған абзал.
Қ. Слямбек