Жаяу жүру бұлшықеттердің бабында болуына, жүрек-қан тамырлар жүйесінің жұмысын жақсартуға әсер етеді. Ел арасында тәулігіне 10 мың қадам жүру қалыпты деп саналады.
Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаяу жүретіндерге айына 100 долларға дейін төлемақы беру жайлы жарлық шығарды. Көрші елдегі 18 жасқа толған әрбір азамат күніне 10 мыңнан көп қадам жүрсе, 3 мың сум ($0,3) төленеді екен. Көрсеткішті тіркейтін арнайы сайт жасалады. Ал қанша қадам жасағанын есептеу үшін арнайы құрылғы жасалады.
Бірақ неге 10 мың қадам?
Бұл меже ХХ ғасырда пайда болған екен. Өткен ғасырда қадам өлшейтін құрылғыны жасаушылар 10 мың қадамды норма етіп бекіткен. Содан бері бұл көрсеткіш өзгермеді.
Жүрегі ауыратын науқастарға дәрігерлер таза ауада көп жүруге кеңес береді. Өйткені жаяу жүру денені шымыр етіп, таза ауа өкпеге жақсы әсер етеді.
Денсаулықты мығым ұстаудың ең оңай жолы – көбірек жаяу жүру. Адамның әр қадамын санайтын фитнес-білезік тәулігіне 10 мың қадам жасауға кеңес береді. Оның ішінде дүкенге бару, баспалдақпен көтерілу, жаяу серуендеу секілді қарапайым нәрселер кіреді. Бұл жерде ең маңыздысы – адамның көбірек қимылдауы. Адам неғұрлым көбірек қимылдаса, денсаулыққа соғұрлым жақсы әсерін тигізеді.
JAMA Internal Medicine ғылыми журналында адамның күнделікті жасаған қадамы мен өмір жасының қысқаруы арасындағы байланыс туралы зерттеу жұмысы жарияланған. Зерттеуге 72 жастағы 16 мың әйел қатысқан. Олар 4 жыл бойы фитнес-трекерді тағып жүрген. Нәтижесінде күніне 7 500 қадамнан көп жүргендер аз қимылдағандарға қарағанда ұзақ өмір сүрген.
Ғалымдар күніне кемінде 30 минут немесе 10 мың қадам жүру ең оңтайлы шешім дейді. Бірақ бұл барлық адамға шаққандағы ең төменгі көрсеткіш екенін ескерген жөн. Сол үшін тек жаяу жүріп қана қоймай, дене шынықтырумен шұғылданып, көбірек қимылдаған дұрыс.
Мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүрудің пайдасын былайша тізбектейді:
– Рухани сергектік береді. Мезгіл өзгерістерінде әсіресе күз айларында депрессияға бейімділік байқалады. Ал жаяу жүру шоколадтан да көп бақыт гормонының түзілуін қамтамасыз етеді.
– Ми жақсы жұмыс істейді. Миға қатысты зерттеулер қозғалыстағы адамның миы отырып жұмыс істейтін адамға қарағанда жылдам ойланатыны және жаңа пікірлер қалыптастыра алатыны анықталған.
– Арықтауға көмектеседі. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге кем дегенде 30 мин жаяу жүретін болсаңыз, майдың еруіне 2 пайыз ықпал етесіз.
– Сондай-ақ зерттеулер асықпай, баяу жүруге қарағанда бір қалыпты жылдам темпті жүрудің пайдасы көбірек екенін көрсеткен.
– Созылмалы аурулардан қорғанасыз. Жаяу жүру қан қысымын 11 балға азайтады және сал ауруына шалдығу қауіпін 20-30 пайызға азайтады. Аптада 5 күн 30 минут жаяу жүру арқылы жүрек ауру қаупін 30 пайызға азайта аласыз.
– Жүйелі түрде жаяу жүру варикоз қаупін азайтады. Қан айналымын ретке келтіреді.
– Жаяу жүру артық салмақтан арылып, буындарға түсетін жүкті азайтумен қатар оттегінің буындарға жақсы тарауын қамтамасыз етеді.
– Өзіңізге уақыт бөле алмай жүрген болсаңыз жаяу жүріңіз. Адам көбінесе жүрген кезде жеке қалады және ойланады. Тұрмыс-тіршілігіңізді талдау, келеңсіздіктерге шешім іздеу, көпшіліктен жырақ шығып ішкі сезімдерді тыңдау үшін жаяу жүруді байқап көріңіз.