Жүйке жүйесінің құрылымы мен қызметі әлі күнге дейін жұмбақ. Ағзадағы белгілі бір ақаудың нәтижесі арқылы мидың жаңа бір қабілетін ашса, кейде дерттің пайда болуы сол күйі жұмбақ болып қалады. Сонымен қатар, мидың оң жарты шары адам тәнінің сол жағын басқарса, сол жарты шары оң жаққа жауапты. Мидың жарты шарлары ақпаратты былай алады: сезім мүшелері арқылы жүретін жүйке талшықтары вестибулярлық құрылғыларына және тері, бұлшық ет рецепторлары ми шарына өтеді. Дегенмен, биологияда қалыптасып қалған нақты қағида жоқ. Өйткені, кейбір көру және есту арқылы алынатын ақпаратқа жауапты жүйке өзінің талшықтарын сол жарты шарға да, оң жарты шарға да жіберетіні анықталған.Адам тәніне зерттеу жүргізуге бірнеше жыл бойына мүмкіндік болмаған. Өйткені, заңсыз болатын. Орта ғасырда дәрігерлерге себебін білу үшін өлген адамның тәнін кесуге рұқсат болмаған. XIV ғасырда Италия, Испания және Германияда 5 жылда бір рет шіркеу қызметкерлерінің қатысуымен мәйіт денесіне ота жасалып, өлімнің неден туғанын анықтауға мүмкіндік берілді. Бұл уақытта миға толық әрі нақты зерттеу жүргізілмегені анық. Осылайша XV ғасырдың аяғына дейін жалғасады.Қайта өрлеу ғасырында мәйіттерге жасалған зерттеу жұмысы, әсіресе, ми дәрігерлерді таңғалдырмай қоймайды. Өйткені, сезімдердің сақталуы, ақпарат беруі барлық адамда бірдей еді. Бұл ұзақ уақыт бойына адамдардың миын зерттеу мүмкін емес деген қате тұжырымның туындауына әкелді. Оның сыртқы пішіні оның қызметін көрсетуге қауқарсыз. Ал, мидың қызметін анықтау үшін тек бастан зақым алған адамдарды ғана зерттеу талап етілді. Алғашқы анықталған тұжырым дененің қай бөлігі істен шықса, сол қызметке жауапты ми сыңары оған қарама-қарсы орналасатын еді.Ал, ми сыңарларының бірдей сезім мүшелеріне жауап бермейтіні туралы алғашқы рет француз ғалымы Марк Дакс 1836 жылы медициналық жиында айтқан. Ол тілінде кемістік бар 40 науқастың сол жарты шары істен шыққанын алға тартқан. Сонымен қатар, 1866 жылы хирург Поль Брок та бұл тұжырымның шындық екенін атап өткен. Өзінің дәлелі ретінде қаза тапқан науқасына жүргізілген зерттеу жұмысын келтірген. Ал, мидың оң сынары неге жауапты екенін 100 жылға жуық ешкім білмеген. Кейін оның маңызы жоқ деп, екінші санаттағы дене мүшесіне жатқызып қойған дәрігерлер де болды.Мидың қос сыңарын ми талшықтарының түйіні күсті дене (мозолистое тело) байланыстырып тұрады. Соның арқасында оң және сол ми сыңарлары ақпарат алмасады.Эпилепсия дертіне шалдыққан адамдардың ұстамасы, денесінің үздіксіз дірілдеуі күсті дененің қабынуынан туады. Ол мидағы барлық нейронды белсенді етеді. Кейде эпилепсия ауруына ем табылмаған жағдайда, нейрохирургтар басқарылмайтын қозу үрдісі мидың қос бөлігіне тарамау үшін күсті денені кесуге мәжбүр болады. Бұл жағдайда мидың қос сыңары жеке ағзаға айналып, бөлек қызмет ете береді. Науқастың ойлау жүйесі, әрекеті отадан соң өзгеріссіз қалады. Бұндай ота ұзақ жылдар бойы сыры ашылмаған мидың оң сыңарының қызметін анықтауға мүмкіндік берді.Ойлау жүйесі өзгермегенмен, миының екі бөлек жұмыс істеуі мынандай нәтиже берген. Науқасқа суретті көрсеткен кезде оң жарты шар затты танығанымен, оны атап көрсете алмаған. Ал, сол жарты шар затты оңай танып, атап берген. Бірақ, сол қолдағы затты тани алмаған. Өйткені, ақпарат тек оң жарты шарға ғана түскен.Бала кезде адамның миы өте икемді болады. Егер бала кезде әлдебір себептермен мидың сол сыңары істен шықса, оң жарты шар сөйлеу қызметінтолығымен өзінеалады. Мұндай жағдай дәрігерлер тәжірибесінде кездескен. Мысалы, эпилептикалық ұстаманың кесірінен 16 жастағы жасөспірім миының сол сыңары жұмысын тоқтатқан. Оң жарты шар арқылы сөйлеу, ойын білдіру мен түсіну әрі сол қол арқылы жазу мүмкіндігіне ие болған. Бір қызығы күсті денені бөлген алғашқы отадан соң дәрігерлер мидың екі бөлігі өз бетінше ойлау, өз бетінше әрекет етуді жалғастырғанын анықтаған. Яғни, бір адамның ішінде тағы бір адам өмір сүріп жатқандай сезім болған.Әрбір жарты шардың өзіне тиесілі жеке сезімі, қабылдауы, пиғылы мен ойы бар. Олардың өздеріне ғана тән жады мен екіншісіне беймәлім тәжірибе бар. Көп жағдайда екіге бөлінген ми сыңарлары жеке өмір сүре бастайды, деп түсіндіреді мидың бөлінуіне зерттеу жүргізген физиолог Роджре Сперри.Кейде өзімізбен жүргізілетін диалог, Екінші мен метафора немесе иллюзия ғана емес, миымыздың шынайы қызметі болса ше?Миды екіге бөлу отасының арқасында: Мидың сол сыңары сөзбен, белгілермен, символдармен жақсы жұмыс жасайтыны; Ал, оң сыңары әлемді қабылдау, соның ішінде көңіл-күй мен эмоцияларға жауапты екені анықталды.Кейін толық зерттеу жүргізіп, олардың басты айырмашылығы ақпаратта емес, оның өңделуінде екені белгілі болды. Сол жарты шар көп сөйлеу қызметін іске қосады, бірақ, оның сөйлеу жүйесі бір қалыпты, белгілі бір ырғақты сақтайды. Оң жарты шар дауысқа эмоциялық демеу көрсетіп, ырғақ пен екпінді үдетіп отыруға көмектеседі.Ми сыңарлары зақымданса не болады?Мидың сол сыңары зақымданса (көп жағдайда инсульт пен көлік апаттарынан болатын зақымдану) адамның жақсы көңіл күйі жоғалып, оның орнына жағымсыз эмоциялар мен ызақорлық пайда болады.Сонымен қатар, сол жарты шар тек адамның даусына ғана елең етеді. Ал, жаңбырдың даусы, құстардың дыбысы мен музыканы қабылдамайды.Бұл дыбыстар тек мидың оң сыңарына ғана тән. Есесіне ол топтау жұмыстарымен айналыса алмайды. Яғни, биологияда (өзге ғылым саласына да қатысты) тұқымдастар, класс дегенді қабылдау оң ми сыңары үшін мүмкін емес нәрсе. Мұндай тапсырмаларға келгенде сол жақ жарты шары жақсы жұмыс жасайтын адамдар қиналмайды.Бұл қызық: Қойылған мақсатқа мидың сол бөлігі жауап берсе, оның шешіміне қатысты жауапкершілік толықтай оң бөлікке тиесілі. Тіпті уақыттың өзі әр жарты шар үшін екі бөлек қасиетке ие. Оң жарты шар тек дәл қазіргі уақытты басқара алады. Зақымданған жағдайда, болжам айту адамға қиын болады. Ал, сол жарты шар оқиғаның хронологиялық кезектілігіне мән береді. Егер миыңыздың сол бөлігі жақсы жұмыс істесе, төтенше климатқа ие елдерде саяхат жасау қиындық тудырады. Өйткені, климаттық факторлардың өзгеруіне сәйкес адам ағзасының бейімделуін оң жарты шар басқарады. Оңқай адамдардың сол қолы дене температурасын жақсы сезеді, ал оң қолы заттың салмағын нақтырақ анықтай алады.Сіз білесіз бе?Балалардың миында жүретін аутоиммундық реакцияның кесірінен туындайтын дерт бар. Уақытында емделмесе аяғы өлімге әкелуі мүмкін. Бұл дертпен күресудің жалғыз жолы мидың бір бөлігін алып тастау ғана. Қайта қалпына келіп, өмірге бейімделу үшін бірнеше жыл уақыт керек. Бірақ, айыққан соң, адамдардың жарты ми бөлігімен өмір сүріп жатқаны байқалмайды.Ми сіздің басты бөлігіңіз. Бір уақыт демалыс пен күтімді керек ететін ойлау жүйеңізді шаршатып алмаңыз. Уақытылы демалып, серуендеңіз. Өйткені, таза оттегінің жетіспеуінің өзі мидың жұмысына кедергі келтіреді.Деніңіз сау болсын.