Бір сәтте құлағыңызға ілінген дыбыс күні бойына көңіл-күйіңізді өзгерте алады. Бұл қасиетті пайдалану үшін адам құлағына ең жағымды дыбыстарды біліп жүріңіз. Назарларыңызда – адамның көңілін көтере алатын 7 дыбыс.
Аяқ астындағы қардың сықырлауы. Қалада жаңа түскен қарды тауып, үстінен сықырлап өту де арман ғой. Ал осындай жер іздеп, таңертең ерте шығып, қардың бетімен сықырлап өткенге не жетсін! Осындай жерде романтикалық кездесу ұйымдастырсаңыз, сүйіктіңіздің де көңілі көтеріліп қалар. Қардың үстімен түнде қыдырсаңыз, оның сықырлаған дыбысы жақсырақ естілмек. Қыстың аяқталғанына аз болса да, бұл дыбысты сағынғандар бар ма?
Толқынның жағаға шарпуы. Неліктен жазғы демалыста көбіміз теңіз жағалауына барғымыз келеді? Жүзіп, бір аптадан кейін қараторы болу үшін бе? Ол ғана емес. Теңіз жағалауында өмір сүретін адамдардың бақытты болатыны баяғыда дәленденген. Біз де жылына бір рет демалысқа барғанда толқынның жағаға шарпыған дыбысын тыңдап, бар қиындықтарымызды ұмытамыз емес пе? Теңіз дыбыстарының соңы жоқ, еркіңіз болғанда оны тыңдап отыра беруге болады.
Жылғаның сылдыры. Бұл дыбысты естімегелі көп болды ма? Келесі демалыста тау бөктеріне барып, жылғаның жағасында біраз отырып қайтыңыз. Демалып, сергіп, жұмысыңызға жақсы көңілмен кірісеріңіз сөзсіз.
Күлкі. Бірнеше секундтық күлкі көңіліңізді біразға көтере алады екен. Өзіңіз күлсеңіз де, қасыңыздағы біреудің күлкісін естісеңіз де, күлкі дыбысы адамның құлағына ерекше жағымды болып, жақсы әсер қалдырады.
Тамшылаған жаңбыр. Сағаттар бойы тоқтамай жауған жаңбырдың дауысына не жетсін! Бұл дыбысты тыңдап, талай нәрсе жайлы ойланып, өз ойларыңызды ретке келтірсеңіз болады. Жаңбырдан кейін сіз де табиғат сияқты тазарып, ойларыңыз анық болады. Сондай-ақ жаңбыр дыбысы романтикалық көңіл-күй беретіні бәріне мәлім.
Мысықтың пырылдағаны. Мысықтар ерекше сезімтал, бауырмал жануарлар. Олардың мияулаған дыбысы адамның ауруын жазып, көңілін көтере алады.
Құстардың сайрауы. Таңертеңгі құстардың сайраған дауысынан оянған қандай керемет. Бұл көңіл- күйіңізді таңнан бастап ретке келтіріп, күніңізді сәтті етеді.
Осы дыбыстарды бір тыңдап, демалып, көңіліңізді көтеріп алыңыз.