- Негізгі бет
- Денсаулық
- Адам көңіл-күйінің денсаулыққа...
Адам көңіл-күйінің денсаулыққа әсері
Сіздің ойыңыз денсаулығыңызға шабуыл жасай алатынынан хабарыңыз бар ма? Денсаулықтың салауатты өмір салтымен, генетикамен және ағзадағы ауытқушылықпен байланысы барын білеміз. Алайда ішкі ағза мен көңіл-күйдің арасында біз біле бермейтін қандай байланыс бар? Көңіл-күйіңді бірқалыпты ұстаудың пайдасы ұшан-теңіз. Эмоциясын басқара алатын адамның жетістікке жылдам жететінін ғалымдар дәлелдеген. Олар психологиялық тұрғыдан сізді және қоршаған ортаны зерттей білетіндер. Ал эмоциясын тежей алмайтындар ше?
Отбасы жағдайлары, жұмыстан қуылу, қаржылық қиындықтар және жақын адамның қайтыс болуы психологиялық күйімізге қатты әсер етеді. Мұның да денсаулыққа төндірер қаупі бар. Жалпы, бәріміз күн сайын түрлі көңіл-күйді бастан өткереміз. Ашулану, қызғаныш, қобалжу, шектен тыс қуану, қорқыныш, күйзеліс, күмәндану, жек көру және тағы басқалары ағзаға түрліше әсер етеді. Көңіл күйдің денсаулыққа кері әсері төмендегідей.
Ашулану
Ашу – адамның ырқына бағына бермейтін күш. Нәтижесі сізге моральдық қиындық пен жағымсыз көңіл-күй сыйлайды. Ашуды ақылға жеңдіре білу – денсаулыққа пайдалы. Алайда көбіне ашуланудың арты ауруға душар етеді. Атап айтқанда, жүрек қан-тамыр ауруларының пайда болуына жол ашады. Сонымен қатар ашу адамның логикалық ойлау қабілетін тежейді. Ашулану қан тамырларының тарылуына, жүрек соғысының жылдамдығына, қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады. Ғылыми деректерге сүйенсек, ашуланғанда инфаркт алу мүмкіндігі 8 есеге дейін ұлғаяды екен.
Сонымен қатар ашулану артрит, қант диабеті және қатерлі ісік ауруларын асқындыратын цитокиндердің өршу деңгейін жоғарылатады. Ашуды тежеу үшін күнделікті режиміңізді өзгертіңіз. Көбірек спортпен шұғылданыңыз. Ашу ырқыңызға бағынбаса, психолог маманның қабылдауына жазылғаныңыз жөн.
Мазасыздық
Жиі мазасыздану денсаулығыңызға кері әсерін тигізеді. Алаңдау көкбауыр мен асқазанның жұмысын төмендетеді. Сіз алаңдаған кезде, денеңізде химиялық реакция жүреді. Нәтижесінде, жайсыздықты сезесіз әрі асқазаныңыз сыр береді. Алаңдау мен мазасыздық диарея, жүрек айнуы және басқа да созылмалы ауру тудыруы мүмкін. Шектен тыс мазасыздану қан қысымының көтерілуіне, иммунитеттің төмендеуіне және ерте қартаюға әкеледі. Сондай-ақ ұйқыңыз бұзылып, дел-сал күйге түсуіңіз ғажап емес.
Қайғыру
Адам көңіл-күйінің тезге түспейтін түрі – қайғыру. Бұл эмоция түрімен ұзаққа дейін күрес жүргізесіз. Дәрігерлер адамзатты қайғыға салынбауға шақырады. Себебі, мұңаюдың өзіңіз ойлағаннан да көп зардабы бар. Қайғы мен мұң өкпе жұмысын нашарлатады. Тез шаршауды тудырады әрі тыныс алуды қиындатады. Тыныс алудың табиғи жолын бітеп, өкпе мен бронхқа күш түсіреді. Сіз қайғыға берілсеңіз, ауаның өкпеге жету жолы тарылады. Бұл астма мен бронх ауруларына әкелуі мүмкін. Депрессия мен меланхолия кезінде іш қатады, қандағы оттегінің деңгейі төмендейді және теріні бұзады. Күйзеліске (депрессияға) түскендерде баланс жоғалады. Жылдам салмақ қосуыңыз немесе арықтауыңыз мүмкін. Қайғырсаңыз, өз-өзіңізді тежеудің қажеті жоқ, жылап алыңыз. Мұндай көңіл-күйде ең дұрыс шешім осы.
Күйзеліс
Әрбір адам күйзеліске әртүрлі жолмен төтеп береді. Кейде күйзеліс күнделікті шаруаларды шешуге және денсаулыққа пайдалы. Алайда күйзеліске жиі ұшырасаңыз, қан қысымының жоғарылауы, астма, асқазан жарасы және ішектің тітіркену синдромы пайда болады. Күйзеліс кезінде жүрек ауруларының пайда болу көрсеткіштері жоғарылайды. Қан қысымын және қандағы холестерин деңгейін арттырады. Сонымен қатар зиянды әдетке тез-ақ үйреніп кетесіз. Физикалық белсенділіктің төмендеуі, шылым шегу және тамақтану режимі бұзылады. Бұдан басқа ауруларға да кезігіп қалуыңыз мүмкін. Мәселен, шаштың түсуі, дененің құрғауы және ауыздың айналасындағы бөртпелер, психологиялық проблемалар: ұйқысыздық, жайсыздық, бас ауруы, гипертония және жүрек қан-тамыр аурулары, иық пен мойын тұсын ауырсыну, жүйке тіндерінің және арқаның ауруы, терідегі бөртпе, псориаз және экзема.
Қорқыныш
Қорқыныш бүйрек пен репродуктивті жүйенің жұмысын бұзады. Қорқыныш тудыратын жағдаяттар денені қорғануға әзірлеп, ағзадағы энергия ағымын сарқиды. Бұл тыныс алуды жиілетіп, қан айналымын баяулатады. Зәр шығаруды жиілетіп, бүйрекке күш түсіреді. Сондай-ақ қорқыныш бүйрекүсті бездерінің ағзаға зиянды күйзеліс гормондарын бөлуді қамтамасыз етеді. Қатты қорқу бүйрекүсті безінің, бүйректің және төменгі ішек ауруын, зәр шығару жолдары ауруларын тудыруы мүмкін. Қорқыныш әсіресе, балаларға қауіпті. Аталған эмоция балаларда жайсыздық тудырып, өзіне деген сенімділіктен айырады.
Есеңгіреу
Шок, яғни есеңгіреу – күтпеген жағдайдан туындайтын жарақат. Кенеттен болған жағдайлар ағзадағы балансты бұзып, күйзеліс пен қорқыныш тудыруы мүмкін. Оның сіздің денсаулығыңызға, әсіресе бүйрек пен жүрекке зияны бар. Шок кезіндегі реакция адреналлин бөледі. Бұл жүректің жиі соғуына, ұйқысыздық пен мазасыздыққа ұласады. Тіпті ми жұмысына да әсер етеді.
Тітіркену және жек көру
Жек көру мен тітіркену ішек жұмысына, кеуде ауырсынуына, жүрек соғысының жиілеуіне әкеп соқтырады. Бұл қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Жиі тітіркенетін адамның терісі қартаюға бейім болады. Тітіркену бауыр жұмысына тікелей әсер етеді. Егер адам біреуді жек көрсе, ағзада бауыр мен өттің қабынуына әкелетін молекулалар бөлінеді екен.
Қызғаныш
Қызғаныш тікелей миға, бауырға және өт жұмысына әсер етеді. Сондай-ақ ойлау қабілетін бәсеңдетіп, көру қабілетін нашарлатады. Сонымен қатар қызғаныш үрейге, күйзеліске, иммундық жүйенің әлсіреуіне, өттің қабынуына, қан қысымының көтерілуіне, ас қорытудың бұзылуына, ұйқысыздыққа жеткізеді. Бұдан бөлек, денсаулыққа қобалжудың да кері әсері бар. Қобалжу асқазан ауруына, өт жолының бұзылуына, көкбауырға зиянды. Шектен тыс қобалжу тұқым қуалайтын ауруларды өршітуі мүмкін.
Қай жағынан алып қарасақ та, көңіл-күй денсаулықпен тікелей байланысты. Оның ішінде жүрекке әсері күшті. Жыл сайын әлемде 17 млн адам жүрек ауруынан көз жұмады. Сондықтан эмоцияны тежей біліп, көңіл-күйді бірқалыпта ұстауды үйренейік. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жастардың арасында жүрек аурулары жиілеп кеткен. Бұған қоршаған орта мен қимылсыз қоғам дәлел бола алады. Сол себепті, бос уақытты тиімді пайдалану керек. Серуендеп, дене еңбегімен айналысып, күнделікті физикалық белсенділікті бір арнаға түсіру қажет. Күннің көп бөлігін смартфонға емес, жүректі бақылауға арнаңыз. Бір мезет цифрлы әлемнен шығып, денсаулық деген қымбат қазынаны қорғауға күш жұмсаңыз!
О. Сансызбай