Адамдардың есінен тануы кең тараған құбылыс. Егер адам жиі есінен танса, дәрігерге көріну керек. Ол неліктен болады?
Естен тану аяқ асты болуы мүмкін. Бірақ жиі оның алдында адамның хал-жағдайы нашарлай бастайды: мысалы, терлей береді, жүрегі айниды және басы айналады. Оның терісі бозарып кетеді, ол аяқ-қолдарының әлсіз бола түскенін байқайды және құлағында шу пайда болады. Сондай-ақ есіней беруі және көз алдында ұсақ қозғалатын нүктелер көруі мүмкін.
Ал естен танғанда қол-аяқтары салқындап кетеді және тамырдың соғуы баяулайды. Көз қарашығының жарыққа реакциясы да өзгереді: олар өте үлкейген немесе кішірейген болуы мүмкін. Қан қысымы төмендейді және терісі одан әрі бозарып кетеді. Кейде естен танғанда ауызда құрғақтық болады немесе, керісінше, сілекей көп ағады.
Орташа есеппен, естен тану бірнеше секундқа созылады және 2-3 минуттан аспайды. Есін жиған адам әлсіздік сезеді және санасы шашыраңқы болады. Ол ұйықтағысы немесе кішкене жата тұрғысы келеді. Тамыр мен жүрек соғысы жиіленеді, ал тершеңдігі қалпына келе бастайды. Ең жаманы, адам есінен танған кезде аяғына тұра алмай немесе сүйенетін ешкім болмай, жерге құлап қалса, жоғарыда айтылған жағымсыз сезімдерге зақымдалған жерлері де қоса ауырады.
Адам неліктен талып қалады?
Естен тану миға құйылатын қанның аяқ асты бұзылуынан болады. Ал оның бірнеше себебі бар:
Тамыр-тамырлық рефлекстер
Тамыр-тамырлық рефлекс ағзаның эмоционалдық немесе физикалық жүктемеге реакциясы болып табылады. Оған күйзеліс, өте ауыр жаттығулар, қорқу және қатты ыстықты жатқызуға болады. Бұл естен танудың ең кең тараған себебі.
Ортостатикалық қысым көтерілуі
Бұл дене күйінің өзгеруі кезінде артериялық қысымның бірден түсіп кетуімен байланысты жағдай. Мысалы, төсектен бірден тұрып қалсаңыз, осылай болады. Сондай-ақ ортостатикалық қысым көтерілуіне дәрілер ішу мен сусыздану әсер етеді.
Ұйқы күретамырының тарылуы және қысылуы
Мысалы, мойынды қатты қысып тұратын жағасы бар киім кисеңіз немесе мойынды қатты созсаңыз (бұрсаңыз), ұйқы күретамыры қысылып қалуы мүмкін.
Кей дәрілер ішу
Кей нақты препараттарды ішу естен тану қаупін біраз арттырады. Мысалы, егер несеп айдатқыштар, кальций каналдарын тежегіштер, жоғары қан қысымынан ішетін дәрілер қабылдасаңыз, естен танып қалуыңыз мүмкін.
Гипотония (артериялық қысымның төмендеуі)
Адамның артериялық қысымы қалыптымен салыстырғанда төмен болған жағдайды гипотония деп атайды. Ол түрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін: жүрек ырғағының бұзылуы, жұқпалар, гипотиреоз. Сондай-ақ гипотония натрий жетіспеушілігі бар адамдарда жиі байқалады.
Өкпенің аса желдетілуі
Өкпенің аса желдетілуі бар адамның тыныс алуы жиіленген болады. Қандағы көмірқышқыл газ деңгейі түсіп кетсе, ол қан тамырлардың тарылуына әкеледі. Миға құйылатын қан азайып, адам есінен тануы мүмкін.
Жүктілік
Жүкті әйелдің ағзасында, соның ішінде, қан айналым жүйесінде де көптеген процестер мен өзгерістер болады. Әсіресе, жүктіліктің алғашқы айларында естен тану жиі кездеседі. Мысалы, қандағы қант деңгейі тұрақсыз. Себебі ағза гормонды фонның өзгерісіне үйреніп жатыр. Сондай-ақ токсикоз жиі сусыздануға әкеледі. Жүктілік кезіндегі естен тануға жұқпалар, күйзеліс, аштық әсер етеді. Сондай-ақ өте ыстық ванна немесе ауасы жоқ бөлме секілді қоршаған орта факторлары жайлы да ұмытпау керек.
Ауырсынудан болатын шок
Апат кезінде және басқа да жағдайларда зақым алған адамдар жиі талып қалады. Бұл арқылы ағза күшін үнемдеп, жағдайды өткеруге, психикаға зиянын азайтуға тырысады.
Анафилаксиялық шок
Аллергияның ауыр формасы бар адам аллергенмен байланысса, кей жағдайда ол естен тануы мүмкін. Ол артериялық қысымның төмендеуі және коллапстың дамуынан болады. Бұл өмірлік маңызы бар органдардағы қан айналымның нашарлауынан болатын жағдай. Анафилаксиялық шок жылдам дамиды және қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан оның алғашқы белгілерінің өзінде жылдам жедел жәрдемге хабарласу керек.
Есінен танған адамға қалай көмектесу керек?
Бірінші кезекте, адамның тамыр соғысын тексеру керек. Сұқ және орта саусақты оның білегіне немесе ұйқы күретамырына қойыңыз. Бұл өмірлік маңызы бар функциялардың бұзылмағанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Содан соң оны горизонталь күйде орналастырып, аяғын көтеру керек. Мысалы, аяғының астына рюкзак немесе басқа да зат қоюға болады. Мұндай күй басқа қан құйылуын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ адамның жеткілікті түрде оттек алғаны маңызды: егер адам бөлменің ішінде есінен танып қалса, терезені ашыңыз. Сонымен қатар жейденің жағасын ашып, шалбар мен белдемшенің белдігін босатыңыз. Егер адам 4 минуттан артық уақыт есін жимаса, жедел жәрдем шақырыңыз.