- Негізгі бет
- Денсаулық
- Адам физиономиясына қатысты...
Адам физиономиясына қатысты қызықты фактілер
Ғалымдар адамның даму сатысына қатысты бір жақты шешім таппағандықтан оның шығу және дамуы барысындағы әрқандай фактілерге зерттеу жүргізуде. Шын мәнінде, адамның бүгінгіге дейін қалыптасқан физиономиясының не себепті өзгергенін анықтау бір жағынан қызықты фактілерге әкеп тірейді.
Адамның беті соққыға төзуге бағытталған
Осы күнге дейін адам бет әлпетінің қатты болуын ғалымдар 4-5 миллион жыл бұрын австралопитектердің жаңғақ сияқты қатты заттарды шағып жеуі барысында қалыптасқан деп түсіндіріп келді. Бірақ бұл пікір адамның жұдырықпен жасалған соққысына төтеп бере алуы үшін қалыптасқан дегенге ауысып отыр. Юта штаты университетітің зерттеу деректеріне сүйенсек, біздің өткен тарихымыз бейбітшіліктен ада болған, сондықтан зорлық-зомбылық адам физиономиясының дамуына әсер еткен. Зерттеушілердің пікірінше, ежелгі адамдар әйелге, тамаққа және жерге иелік ету үшін бір-бірімен жауласып, әркез төбелесетін болғандықтан олардың бет сүйектері келе-келе қатайып кеткен. Әйел адам мен ер адамның бет сүйегінің ерекше болуын ғалымдар осы себептен дейді.
Адам жұдырығы соққы жасау үшін қатты бола түскен
Бет әлпет соққыға төтеп беру үшін түзілсе, адам жұдырығы да сол соққының барынша қатты болуы үшін дамыған дейді ғалымдар. Юта университетінің мамандары маймылдың саусақтары қаншалықты ұзын болса да, жұдырығын жұмса оның қатты болмайтынын айтып, адамның жұдырығы жаугершілік заманынан өзгеріске енгенін айғақтағысы келеді.
Зерттеушілер осы болжамды айта келіп, адам денесінің жаугершілікке арнайы дами түскенін, төбелес құралына айналғанын айтады.
Адам миы үлкейгенде тісі кішерейетін жалғыз тіршілік иесі
2,5 млн жыл бойы адамның миы үлкейіп, ал тісі керісінше кішірейе берген.
Әдетте адам миы үлкейсе оған қажетті энергияның бөлінуі үшін тістер де үлкеюі керек деген түсінік бар-тын. Сондықтан ғалымдар бұл болжамды парадоксалды дамуы деп түсінеді. Сонымен қатар, адам баласы тіс эмалі ең қалың жан иесі. Сүтқоректілердің тіс эмалі өте жұқа, ал маймылдарда эмаль қабаты орташа. Ғалымдар адамның тіс эмалі арқылы жасы мен қандай тамақты азық еткенін де анықтай алады екен.
Сүңгі лақтыру адамды епті қылған
Біздің заманымыздағы бейсболшылардың лақтыру машығын да ғалымдар адамның арғы тегінен іздейді. 2 миллион жыл бұрын адамдар тас пен егеулі найза лақтырып үйренген. Джордж Вашингтон және Гарвард университеті мамандары маймылдың адам сияқты тас лақтыра алмайтынын айта келіп, адамның неліктен найза немесе тасты қатты лақтыра алатындығына себеп іздейді. Бейсбол ойынын бақылаған ғалымдар адам қол жүйесінің лақтыруға арнайы бағыттала дамығанын айтады.
Адамның жасы ас қорыту жүйесіне байланысты
Адам өмір сүретін орташа жас астың қорытылып шығуымен тікелей байланысты дейді ғалымдар. Көптеген зерттеулер нәтижесі бойынша, адамзаттың басқа тіршілік иелеріне қарағанда баяу өсіп, көп жасайтынымыздың басты себебі заттектердің алмасуына келіп тіреледі екен.
А. Құлтай