Қазір отандық вакцинаның шығарылып қоймада тұрған 600 мың дозасы бар. Бірақ ол сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірше өңірге таратылып жатқаны – 100 мың доза. Ол келесі айдың соңына дейін өңір-өңірге жеткізілмек. Осылай дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
"Өңірлерге QazVac вакцинасының 100 мың дозасы жеткізіліп жатыр. Кей өңірлерге жетіп те қойды. Одан бөлек 600 мың дозасы шығарылды. Қазір бұл өнім қауіпсіздік бойынша тексеруден өтіп жатыр. Тамыз айында ол дозалар да ел өңірлеріне жеткізіледі", - деді министр.
Ал ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, отандық екпенің қалған жетпей жатқан көлемі шілде айының соңына дейін өңір-өңірге жеткізілмек.
"Sputnik V" вакцинасынан қазір қалғаны – бірінші компонент бойынша 700 мың доза. "Hayat-Vax" екпесінің 5,5 мың дозасы қалды. Бірақ ол Маңғыстау облысында ғана. "QazVac" екпесінің 2900 дозасы – Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстарында, "CoronaVac" вакцинасының 17 мың дозасының 8 мың дозасы – Маңғыстау, Қарағандыда, Атырауда және Түркістан облыстарында қалды. Қазір 99 мың доза "QazVac" вакцинасы бүкіл ел бойынша тасымалданып жатыр. 31 шілдеге дейін барлық өңірлерде "QazVac" екпесінің қосымша көлемі қолжетімді болмақ", - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Отандық вакцинаның алғаш жеткізілген өңірінің бірі – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордағы QazVac вакцинасының 10 мың дозасы жеткізілді. Бұл жайлы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, вакцина қазір қоймады. Отандық вакцинаның бірінші дозасынан 5 мың, екінші дозасынан 5 мың дана жеткізілген екен. Қазір емханаға, сауда үйі мен ойын сауық орталықтарындағы медициналық пунктілерге бөлініп жатыр.
"Жергілікті вакцина көптен бері жоқ. Жұрттың бір бөлігі бұл вакцинаның түсуін күтіп жүрді, енді ол қолымызға түсті. Айта кетейік, вакциналар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СК-Фармациямен бірлескен бұйрығы мен кестесіне сәйкес таратылады. 10 мың доза тізім бойынша қолда бар вакцинациялау пункттеріне үлестіріледі. Бүгін-ертең егу пунктілеріне жеткізілуі тиіс", - деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
"Отандық вакцинаның бірінші компонентін алғандар екінші компонентті де мүмкіндігінше бір жерден, бір пунктіден алған жөн" деп кеңес берді басқарма мамандары.
Айта кеткен жөн, қазір Жамбыл облысында отандық вакцинаны өндіру бойынша зауыт іске қосылды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық QazVac-ты экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырған еді. Қазір оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.