Ресей ғылым академиясының Жоғарғы жүйке қызметі және нейрофизиология институтының ғылыми қызметкері Татьяна Блохина Sputnik радиосына "кофеден сергітетін әсерді қалай алуға болатынын және бұл сусынды қыста жиі ішудің қажеті бар ма?" деген сынды сауалға жауап берді.
Көптеген адамдар апта соңына қарай әлсіреп, ұйқысы келе береді. Ондай адамдар сергу үшін кофені жиі іше бастайды. Дегенмен, бұл сусынды жиі ішу оның пайдасын төмендетеді, - деп ескертті сарапшы.
"Кофені көп мөлшерде ішсеңіз, оның тиімділігі азаяды. Өйткені ағза оған үйреніп, ол онша әсер етпей қалады. Яғни, күніне бір кесе ішетін болсаңыз, кейін екі, үш тіпті одан да көп іше бастайсыз", - деді Блохина.
Маманның айтуынша, кофенің сергітетін әсерін қарапайым жолмен арттыруға болады. Ол үшін бұл сусынды азырақ ішу керек.
"Сергітетін әсерді күшейту үшін кофені көп ішпей, керісінше азайту керек. Алыс қашықтыққа жүгірушілер арасында мұндай әдіс бар. Олар екі-үш апта бойы кофе ішуден бас тартады. Содан кейін олар жарыс алдында кофе ішеді және осының арқасында сергітетін әсері айтарлықтай артады. Олар кофені заңды допинг ретінде пайдаланады", - деді ол.
Блохина бұл сусынды летаргияға қарсы ең тиімді құралға айналдыру жолын ұсынды.
"Power nap деп аталатын әдіс бар - түстен кейін бір шыны кофе ішкеннен кейін ұйықтау. Кофеин шамамен отыз минуттан кейін әсер ете бастайды, сондықтан егер сіз осы уақытта ұйықтасаңыз, біріншіден, ағза қайта жүктеледі, ал бір сәт мызғығаннан кейін кофеин әрекет ете бастайды. Яғни, біріншіден аздап демалып аласыз, екіншіден дене күш-қуатын қайта қалпына келтіреді, - деп кеңес берді ол.
Сарапшы сонымен қатар құрамында кофеин бар басқа сусындарды ұмытпауды да айтты. Мысалы, көк шай мен қара шай осындай сусындар қатарына жатады.
"Бірақ күш-қуатты сақтау үшін күнделікті режимді, иммунитетті көтеруді және тамақтануды ұмытпаған жөн, сонда кофенің көмегіне жүгінудің қажеттілігі туындамайды", - деп түйіндеді маман.
Айта кетейік, бұған дейін медицина ғылымдарының докторы, профессор, кардиолог Заурбек Шугушев кофенің жүрек-қан тамырлары жүйесіне қалай әсер ететінін және қан қысымы жоғары адамдарға бұл сусынның зияны қандай екенін айтқан болатын.
Дәрігердің айтуынша, қан қысымы жоғары адамдарға кофе ішуді тоқтатудың қажеті жоқ. Бұл сусынның гипертониялық науқастарға теріс әсері аз.
"Кофе шын мәнінде қан қысымының жоғарылауына әкеледі, бірақ өте қысқа мерзімге, дәлірек айтсақ жарты сағатқа ғана", - деп атап өтті кардиолог.
Сонымен қатар, кофе жүрек-қан тамырлары жүйесіне оң әсер етеді, - деді дәрігер.