Африканың оңтүстігінен коронавирустың тағы бір мутацияланған түрі пайда болды. Атауы – Omicron. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл штамды оңтүстік Азияны есеңгіретіп кеткен "дельта" штамнан да қауіпті деп атады. Қазір ғалымдар вирус жайлы барынша көбірек білу үшін күндіз-түні сараптау жүргізіп жатыр.
Мутацияның шыққан жері
Әзірше omicron-ның нақты қай жерден шыққаны белгісіз. Жаңа мутацияны алғаш анықтаған – Оңтүстік Африка Республикасының ғалымдары. 25 қараша күні Гонконг пен Ботсван тұрғындарынан табылған. Кейін Израиль мен Бельгиядан табылды. Вирус қазір Ұлыбритания, Германия, Италия мен Аустралияға тарап үлгерді.
Вирустың қауіптілігі
Ғалымдардың айтуынша, Omicron жайлы мәлімет өте аз. Сондықтан оның қауіп-қатері мен қандай зардап әкелуге қауқарлы екенін дәл айту қиын. Бірақ Оңтүстік Африка Республикасы ғалымдарының айтуынша, аталмыш мутацияның қауіптілігі сонда – тез тарағыш, тез жұққыш келетіні. Бұған ғалымдар трансмиссивті деген сипаттама берген.
"Коронавирусқа жаңа мутация тез таралуға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, жаңа мутация да COVID-19-дың тез жұғуына жол ашпақ", - дейді ЮАР ғалымы, Квазулу-Натал Университетінің профессоры Моса Мошабела
Сондай-ақ, жаңа мутацияның тағы бір қауіпті тұсы – иммунитетті алдай алатыны. Ондай жағдайда вакцинаның көмегі аз боп қалуы мүмкін.
Симптомдары
Мутацияны алғаш ашқан ОАР ғалымдарының айтуынша, вирус жұқтырудың нақты белгілерінің бірі – қатты шаршау. Сондай-ақ, вирус жұқтырған адамның дене қызуы қатты көтеріліп, жүрек соғысы жиілейді. Иіс сезу мен дәм сезу жоғалмайды. Басқа белгілері әзірше белгісіз.
Изоляция
New York Times газетінің жазуына қарағанда вирус бүкіл әлемге тарап үлгерген болуы мүмкін.
"Ғалымдар вирусты бір апта бұрын ғана тапқаны белгілі. Бірақ соған дейін жаңа штамм бүкіл әлемге тарап үлгерген болуы мүмкін деген қауіп бар. Бұлай болса, дүниежүзі елдерінің COVID-пен күрес шарасына түбегейлі өзгеріс енуі мүмкін", - деп жазады басылым.
Қазір Еуропа елдері қатаң карантин режімін енгізуге дайын отыр. Израиль шетелдіктерді кіргізуге тыйым салды.
Ал ВВС басылымының жазуынша, жаңа мутацияны тоқтатудың бір амалы – вакцинаны ауыстырып салдыру болуы мүмкін деп болжам жасайды.
"Бір жағынан әбестік болуы мүмкін. Бірақ теориялық мәліметтерге сүйенсек, жаңа штамға қарсы иммунитетті күшейту үшін вакцинаны араластырып қолданған дұрыс болмақ. Сол арқылы ағзада антидене көбейіп, жаңа мутацияны анықтау мүмкіндігі жоғарылайды", - деп есептейді басылым тілшісі.