ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирус жұқтырған аналарға сәбилерін емізуді жалғастыруға кеңес берді.
"Себебі, ана сүтінің пайдасы жұқтыру қаупінен гөрі маңызды", - деді Гебрейесус 3 тамызда өткен брифингте.
COVID-19 балаларда ересектерге қарағанда жеңіл өтеді. Мұның себебі әлі белгісіз. Кейбір медицина мамандары мұны баланың иммундық жүйесі вирусқа реакция көрсетпей қалыпты қабылдайтынымен түсіндіреді.
Ересектерде иммунитет бұрын-соңды кездеспеген вирусқа тым қатты реакция тудырады, бұл науқас жағдайының нашарлауына әкеледі.
3 тамызда өткен брифингте коронавирус қарсы вакцинаға тым қатты үміт артпауымыз керектігі айтылды. ДДСҰ вакцина жағдайды жақсартатын бірден-бір тәсіл еместігін және қалыпты өмірге оралу үшін әлі ұзақ жол бар екендігін айтты.
ДДСҰ президенті Тедрос Аданом Гебрейесус пен ұйымның төтенше жағдай бағдарламасының атқарушы директоры Майк Райан барлық елдер денсаулық сақтау талаптарын, соның ішінде барлығына арналған медициналық маскаларды, әлеуметтік қашықтықты, қолды жиі жууды және тестілеуді ұстану керектігін ескертті.
"Үкімет пен адамдарға "мұны толықтай жаса" деп айтуға болады. Медициналық маскалар әлемнің барлық елдері үшін міндетті болып қалуы керек", - деді Гебрейесус журналистерге арналған брифингте.
Ол қазір бірқатар вакциналар 3 фазада бір уақытта клиникалық сынақтардан өтіп жатқанын айтты.
"Олардан тиімді вакциналар шығады деп үміттенеміз. Бірақ әзірге жағдайды жақсартатын вакцина немесе дәрі жоқ", - деді ДДСҰ төрағасы.
Майк Райан вирустың таралу қаупі жоғары Бразилия мен Үндістан сияқты елдер күресуге дайын болу керектігін айтты.
"Бұл әлі ұзақ жол және вирусты жеңу үшін жігер қажет", - деді Райан.
Айта кетейік, 3 тамыздағы жағдай бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 18 миллионнан асты. Джонс Хопкинс университетінің сайты мәліметіне сәйкес, шамамен 690 мың науқас қайтыс болған. 10,7 миллион адам аурудан айыққан. Соңғы 24 сағат ішінде әлемде 228,7 мың жаңа жағдай тіркелген.
Ал, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 93 мыңнан асты. Өткен тәулікте 1158 адам коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Оның ішінде, 555 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы.