Басқа жаққа көшіп кетсе, аллергия кете ме? Маусымдық аллергия жайлы білу керек нәрселер

Мұрыннан су ағу, түшкіру, көздің жасаурауы, қышу - өкінішке қарай, көктемде бұл белгілер көпшілікті мазалайды. Аллергия адамның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді. Маусымдық аллергияға қалай дайындалу керек? Аллерголог Юрий Соломонович Смолкин Woman.ru порталына аллергияға қатысты көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.

Ағзаны гүлдену маусымына қалай дайындау керек?

Егер маусымдық аллергияңыз бар болса, ағзаны гүлдену маусымына дайындау керек. Ол үшін арнайы иммунотерапия деп аталатын ем түрі бар. Бұл кезде аллергиялық реакция беретін аллергенмен емдейді. Яғни, аллергенді ағзаға бірнеше рет енгізеді. Әр процедура сайын аллерген мөлшерін ұлғайтады. Содан соң ағза біртіндеп бұл қоздырғышқа әсер беруді қояды. Осылайша, адам аллергиядан арылады.

Аллергияның белгілері пайда болған кезде не істеу керек?

Әдетте, алдымен дене қышиды, мұрыннан су ағады және жөтел пайда болады. Осы белгілердің өзі - аллергологқа қаралуға себеп. Оның асқынуын күтудің қажеті жоқ. Бірден дәрігер көмегіне жүгіну керек.

Маусымдық аллергия бірінші рет кенеттен пайда болуы мүмкін бе?

Маусымдық аллергия бірінші рет кенеттен пайда болады және оны көбіне вирустық инфекциямен шатастырады. Бірінші рет маусымдық аллергия пайда болғанда көпшілік ол жайлы біле бермейді. Тек ол екінші рет келесі маусымда қайталанғанда ғана оның аллергия екенін түсінеді.

Маусымдық аллергия қандай да бір ауру фонында пайда болуы мүмкін бе?

Жоқ. Маусымдық аллергия аллергенмен байланыс болған кезде ғана пайда болады.

Спортпен айналысу аллергия белгілерін жеңілдетуге көмектесе ме?

Аллергия кезінде спортпен айналысу жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан егер сізде аллергиялық реакция белгілері бар болса, залға баруды кейінге қалдыра тұрыңыз.

Ал алдын алу шаралары жайлы айтатын болсақ, фитнес денсаулықты қатайтады, әртүрлі аурулардың, соның ішінде аллергияның пайда болу қаупін азайтады.

Күйзеліс пен аллергияның байланысы бар ма?

Күйзелістік жағдайға жиі ұшырау аллергия белгілерінің асқынуына ықпал етеді және жиі оның ауыр түрге айналуына әсер етеді.

Баланың аллергиясы өсе келе кете ме?

Халық арасында "аллергиядан өтті" деген түсінік бар, бірақ оның ғылыми тұрғыда еш түсініктемесі жоқ. Тек гиперсезімталдықтың типі өзгереді: мысалы, көбіне балалар жұмыртқаға, сүтке және дәнді-дақылдарға сезімтал келеді. Ал тозаңға аллергия 3 жастан кейін басталады.

Адам есейген сайын ода гиперсезімталдықтың түрлері көбеюі мүмкін. Бұл процесс қаншалықты ұзақ болса, онымен күресу соншалықты қиын болады. Сондықтан уақытында ем алу жайында шешім қабылдау маңызды.

Ересектер мен балалардағы аллергия белгілері әртүрлі ме?

Жоқ, олардың белгілері ұқсайды.

Басқа жаққа көшіп кетсе, аллергия кете ме?

Егер аллергия нақты ағаштың тозаңына пайда болған болса және ол ағаш сіз көшетін жақта болмаса, онда әрине, аллергия кетеді.

Даладан үйге тозаңды тасымас үшін не істеу керек?

- Далаға шығарда басыңызға қалпақ кию немесе орамал тағу арқылы шашыңызды жауып қойыңыз;
- Мүмкіндік болса, тозаңдану қаттырақ болатын кезде күннің бірінші жартысында үйден шықпауға тырысыңыз;
- Даладан үйге кірген кезде душқа түсіп, жуынып алған жөн.