Ағзадағы токсиндерді шығаруға қандай өнімдер көмектеседі?

Адам ағзасында уытсыздандыратын табиғи жүйе бар. Ол тамақтан және қоршаған ортадан жиналған токсиндерден арылуға көмектеседі. Алайда көпшілік дәрігер мен диетолог ойынша,  қазіргі экология жағдайында уытсыздандыратын табиғи жүйенің жұмысы жеткіліксіз. Сондықтан ағзаға қосымша көмек артық етпейді. Ендеше, ағзадағы токсиндерді шығару үшін қандай өнімдер жеген дұрыс?

Ең алдымен таза суды жеткілікті мөлшерде ішу керек және негізгі тамақтар арасында шөптерден дайындалған шай ішуге болады. Сондай-ақ құрамында қанты көп тіскебасарлар мен сусындарды рационнан алып тастаған жөн.

Рационның негізін көкөністер құрау керек. Себебі олар ағзадағы уытты заттарды шығаратын жасұнықтың жеткілікті мөлшерін береді. Оған қоса, көкөністер - дәрумендер мен минералдардың көзі.

Бұл қасиетке дәмдеуіштер де ие. Олардың ішінде, куркума, қара бұрыш, кардамон, мускат жаңғағына мән беріңіз.

Сондай-ақ рационға ферменттелген өнімдер қосу ұсынылады. Мысалы: ашыған қырыққабат және сүт-қышқылды өнімдер. Олар асқорытуды ынталандырады және микрофлораны қалыпқа келтіреді.

Рационға пайдалы шөптерді барынша көп қосуға тырысңыз. Мысалы: қымыздық (щавель), асжапырақ (шпинат), аскөк, ақжелкен, руккола. Олар ағзадағы шлактар мен токсиндерді шығарады, сондай-ақ олар С дәруменіне, бета-каротинге бай.

Жұмыртқада токсиндер мен шлактарды жылдам бейтараптандыратын амин қышқылдар мен органикалық күкірт қосылысы бар.

Қызылша өт қайтуын арттырады және ішектер жұмысын жылдамдатады. Ал қызылша шырыны қан құрамын жақсартады.