- Негізгі бет
- Денсаулық
- "Ауыздан жағымсыз иіс...
"Ауыздан жағымсыз иіс шығу". Бауыр қызметінің бұзылғанын қайдан білеміз?
Бауыр - сыртқы секреция безі, адам ағзасындағы ең үлкен орган. Бауырды адамның "екінші жүрегі" деп те атайды. Себебі оның қызметі көптеген орган мен жүйенің жағдайына әсер етеді.
Бауырдың негізгі қызметі:
- Бауырдың маңызды қызметінің біріне зат алмасу жатады. Бұл қызметті оның жасушалары орындайды. Бұл орган метаболизмнің барлық түрлерін, майлар, ақуыздар, көмірсулар және биологиялық белсенді заттарды реттейді;
- Бауыр асқорыту безі ретінде тамақты қорытатын өт бөледі;
- Тағы бір маңызды қызметі – уытсыздандыру. Бұл орган уытты заттарды, соның ішінде, алкоголь, дәрі және басқа да заттарды бейтараптандырады;
- Без - ақуыз синтездейтін нағыз зауыт. Онда артериялық қысымды реттеуге қажетті ақуыздар түзіледі;
- Бауыр көптеген дәрумендер мен микроэлементтер қорының толуына жауап береді.
Бір қиыны, адам бауыр ауруын білмей жүре береді. Себебі ол ауырмайды. Бұл органда жүйке ұштары жоқ. Патология асқынған кезде ғана адам қатты ауырсынуды сезуі мүмкін.
Бауыр қызметінің бұзылу себептері – нашар экология, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің болмауы, артық салмақ, алкоголь ішу, вирустар, дәрілік препраттар ішу, генетикалық және иммунды бұзылыстар.
Бауыр қызметінің бұзылғанын қалай білуге болады?
Оң жақ қабырға астының ауыруы
Бауыр капсула деп аталатын қабыршақпен қоршалған. Ол орган өлшемінің өзгеруіне әсер береді. Алкогольден немесе майлардың көп мөлшерінен болатын қабыну бездің үлкеюіне әкеледі. Оған жауап ретінде капсула созылады, сондықтан ол ауырады, ауырлық немесе қандай да бір жағымсыздық сезуіңіз мүмкін.
Салмақ қосу
Бауыр көмірсулар мен майлардың алмасуына қатысады. Физикалық белсенділік жеткіліксіз болса және калориялы тамақтар көп жесеңіз, бауыр майлар мен көмірсуларды өңдеуге үлгермеуі мүмкін. Сондықтан артық қалғаны бауырда және тері асты майлы жасұнықта май түрінде жинала береді. Әсіресе, іш және сан тұсына жиналады. Бұлар артық салмаққа әкеледі.
Жүрек айну немесе құсу
Бауыр уыттарға күші жетпесе, олардың қандағы мөлшері артады. Эндогенді және экзогенді уыттардың артық мөлшері жүрек айну және құсу секілді жағымсыз белгілерге әкеледі.
Шаршай беру
Жұмысқа қабілеттіліктің төмен болуы және шаршай беру бауыр ауруымен тығыз байланысты. Бұл бауыр патологиясының ерте білінетін белгісі. Бауыр жасушаларында түзілетін қабыну заттары миға жүйке белгілерін тасымалдауға әсер бере алады. Бұл жоғары шаршаңқылыққа және көңіл күйдің нашарлауына әкеледі.
Ауыздан жағымсыз иістің шығуы
Ауыздан шығатын жағымсыз иіс асқорыту жұмысының бұзылуын білдіруі мүмкін. Бауыр жасушалары уытты заттарды өңдеуге үлгермеген кезде ауыздан жағымсыз иіс шыға бастайды.
Терінің және көздің сарғаюы
Көздің қалыпты түсінің, терінің және шырышты қабықшаның сары түске өзгеруін сарғаю (желтуха) деп атайды. Бұл жағдайды қанға билирубиннің көп түсуімен түсіндіреді. Сарғаю бауыр ауруларының бір белгісі болуы мүмкін.
Зәр мен нәжіс түсінің өзгеруі
Сары пигмент - билирубин тек қанда емес, зәрде де, нәжісте де болады. Билирубин өттен аш ішекке бөлінеді және ішек бактериялары себебінен түсін қоңырға өзгертеді. Ал зәрде оған ашық сары түс беретін басқа өнім бар. Кей бауыр патологиялары оның билирубинді өңдейтін қабілетін бұзуы мүмкін. Сондықтан оның біраз мөлшері зәр арқылы шығарылады да, түсі қоюланып кетеді. Басқа жағынан, өттің жеткіліксіз жеткізілуі нәжістің түссізденуіне әкеледі.
Аяқтың ісінуі
Кейде бауыр ауруы өзі жайлы тек соңғы стадияларда, мысалы цирроз кезінде белгі береді. Без қан тамырларына қысымның көп түсуінен және альбумин ақуызының жеткіліксіз түзілуінен аяқ ісінеді.
Терінің қышуы
Терінің қышуы - аллергиялық аурулардың және бауыр проблемасының белгісі. Жиі терінің қышуы мен сарғаюы қатар жүреді.
Бұл белгілердің қайсысын болмасын өзіңізден байқасаңыз, дәрігерге қаралып, тексерістен өтуіңіз керек. Бауыр регенерация қабілетіне ие. Сондықтан уақытында қаралу арқылы оның жасушаларын толықтай қалпына келтіруге болады.
Қазір құрамында түрлі дәрумендері мен микроэлементтері бар ББҚ-лар (БАД) сатылады. Оларды өздігінше ішу бауырға жағымсыз әсер беруі мүмкін. Бұған қатысты дәрігер жауабын мына жерден оқыңыз.
А. Жапатова