Ғалымдар адамның қартаймайтын ағзасын анықтады

Неміс ғалымдары адам қартайса да бауырдың жас болып қала беретінін анықтады. Бұл туралы Science Alert жазды.

Дрезден технологиялық университетінің ғалымдары бауыр жасушаларының жасына талдау жүргізіп, бауыр адам қартайса да  орташа жасы үш жастан аз болады деген қорытындыға келді.

Математикалық модельдеуді және көміртегі изотоптарының деңгейіне негізделген адам жасушаларының мерзімін анықтайтын ретроспективті, радиокөміртекті анықтау әдісін қолдана отырып, ғалымдар бауырдағы жасушаларды қалпына келтіру процесі қартаю процесіне тәуелсіз екенін анықтады.

Ғалымдар тобы 20 мен 84 жас аралығындағы 50-ден астам адамның қайтыс болғаннан кейінгі биопсиялық тін үлгілеріне талдау жасады. Талдау барысында бауырдың жасушалары үнемі ауысып, жаңарып отыратыны белгілі болды.

"20 немесе 84 жаста екеніңіз маңызды емес. Бауырыңыз әрқашан жас қалпында сақталады. Ол әрқашан орташа есеппен үш жаста", - деді Дрезден технологиялық университетінің өкілі Олаф Бергманн.

Сонымен қатар, ғалымдар бауырда орташа жасы 10 жас болатын жасушалар тобы болатынын анықтады және бұл хромосомалардың жиынтығымен байланысты.

"Ағзамыздағы жасушалардың көпшілігінде геномымыздың екі көшірмесі бар, бірақ бауырда кейбір жасушалар көбірек көшірме жасайды. Бауырдағы қалыпты жасушалар жылына бір рет жаңарады, ал кейбірі 10 жылға дейін өмір сүреді", - дейді ғалымдар.

Енді зерттеушілер жасушалардың жасын талдау әдісін қолданып, адам жүрегіндегі тіндер қаншалықты жиі жаңаратынын білгісі келеді.