Джордж Вашингтон университетінің профессоры, вирусолог Константин Чумаков Радио России эфирінде "омикронның" басқа штаммдардан негізгі айырмашылығын атады.
Ғалымның айтуынша, жаңа штамм жастарға көбірек әсер ете бастаған және вирус қарт адамдарға қарағанда әлдеқайда жеңіл өтеді.
"Омикронның" жұқпалылығы айтарлықтай өсті, бірақ мұны "жақсы жаңалық" деп санауға болады, өйткені нәтижесінде вирустың патогенділігі мен өлімге әкелетін салдары күрт төмендеді. Бұрын науқастардың екі пайызға жуығы қайтыс болса, қазір ол шамамен 0,1 пайызды құрайды", - деді вирусолог.
Бірақ "омикрон" қатты таралып жатқандықтан, тіпті вакцинацияланған және ауырып сауығып кеткендер де жұқтырып жатыр.
"Нәтижесінде ауруханалар баяғыша науқастардан босамай тұр. Ал өлім-жітім де азайған жоқ. Ал өлім саны Англияда да АҚШ-та да өсіп келеді", - деді Чумаков.
Ғалым оның басқа штаммдардан айырмашылығын атады.
"Омикронның" "дельта" нұсқасынан айырмашылығы – негізінен ол терең емес, жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді. Бұл ауру өкпенің қабынуына ұласпайды", - дейді профессор.
Егер алдыңғы штаммдарда иістің жоғалуы, қалтырау, пневмония және өкпедегі тромбоз, бүйректің зақымдануы сияқты белгілер болса, "омикронның" белгілері әртүрлі.
"Өкпенің қабынуы жоқтың қасы. Негізгі белгілері: бас ауруы, мұрынның ағуы, иістің болмауы, жөтел, мұрынның тітіркенуі – жоғарғы тыныс жолдарының жіті вирустық ауруларының типтік көрінісі. Бір күннен 3-5 күнге дейін созылады. Өкінішке қарай, қайтыс болып жатқандар да бар", - деді дәрігер.
Чумаков әлі бірде-бір пандемия екі-үш жылдан астам уақытқа созылмағанын атап өтті. Тіпті "испан тұмауы" кезінде де 50-ден 100 миллионға дейін адам қайтыс болды. Кейін вирус маусымдық тұмауға айналды.
"Омикронның" пайда болуы пандемияның аяқталуының белгісі", - деп түйіндеді ғалым.
Айта кетейік, Оңтүстік Африка Республикасының ғалымдары коронавирустың "омикрон" штаммы COVID-19 пандемиясының аяқталатынын білдіреді деп айтқан болатын. Зерттеу нәтижелері Оңтүстік Африка медициналық зерттеу кеңесінің сайтында жарияланды.
Зерттеушілер Цване округіндегі "омикрон" толқыны кезінде ауруханаға жеткізілген 466 пациенттің және бұрын ауруханаға жатқызылған 3976 пациенттің деректерін зерттеген.
Олар COVID-19-бен ауыратын науқастардың 4,5 пайызы кейінгі толқында қайтыс болғанын анықтады. Бұл алдыңғы штаммдармен салыстырғанда 21 пайызға аз.
Ауруханада болу мерзімі 8 күннен төрт күнге, жансақтау бөліміне түскендер саны 4,3 пайыздан 1 пайызға қысқарған.
"Әрбір жаңа толқынмен ауру барған сайын жеңілдейді", - дейді ғалымдар.
Бұл "омикрон" штаммының эпидемиядан эндемиялық яғни, белгілі бір аймаққа тән ауруға ауысып жатқанын білдіреді.