- Негізгі бет
- Денсаулық
- Құлақ ауруына құлықсыз...
Құлақ ауруына құлықсыз қарамаңыз
Құлақ ауруына суық сеп болатындықтан, ол күз-қыс айларында асқынады. Құлақ миға жақын орналасқан, сондықтан ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Сол себепті аурудың алғашқы белгілері пайда болған бойда және есту нашарлай бастаса міндетті түрда дәрігерге тексерілген дұрыс.
Құлақ не үшін ауырады деген сауал бәрімізді мазалайды. Оның ауыру себебі әртүрлі. Алайда тұмау болған жағдайда толық емделіп, айыққан жөн. Себебі тұмау кезінде мұрын бітеліп, су ағып, дене қызуы көтеріледі де есту қабілеті нашарлайды. Ал бұл құлақ ауруы қабынуының белгісі.
Құлақ үш бөліктен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ. Ортаңғы құлақты мұрын-жұтқыншақтың артқы бөлігімен байланыстырып тұратын евстахиев түтігі болады, яғни мұрын мен құлақтың арасын байланыстырып тұратын тесік. Адамға суық тигенде, тұмауратқанда, тамағы ауырғанда не аллергиясы ұстағанда, евстахиев түтігі бітеліп қалуы мүмкін. Осының салдарынан ортаңғы құлақта сұйықтық жиналуы ықтимал. Құлақтың бұлай қабынуын отит құлақ ауруы дейді. Бұл ең жиі кездесетін ауру түрі. Ол көбіне жіті сырқаттардың (жіті респираторлық сырқат, гайморит, баспа) асқынуында пайда болады.
Құлақ ауруы мына себептерден де асқынады:
− мұрын мен мұрын-жұтқыншақ аурулары (аденоидтар, мұрын қалқасының қисаюы, тұмау, мұрынның бітелуімен жүретін аллергиялар). Мұрынмен тыныс алу қиындағанда ортаңғы құлақтан бөлінділер қалыпты түрде шықпайды, соның салдарынан инфекциялық қабыну жағдай туындайды;
− тоңазу;
− тұрмыстық химиялық заттар арқылы дабыл жарғағын зақымдамау және инфекция енгізіп алмау үшін құлақты абайлап тазалау керек.
Отит ауруының негізгі белгілері:
1. Есту қабілеті төмендейді. Бұл дабыл жарғағы артындағы сұйықтықтың дыбыстың таралуына кедергі келтіруінен болады.
2. Жатқан кезде құлақтың ауырсынуы күшейеді. Бұл дабыл жарғағының қабынуы, суық тию не аллергия, тамақ ауруы, балаларда тістің шығуы салдарынан евстахиев түтігі бітеледі. Сонымен қатар бір мезгілде әлсіздік, тәбеттің төмендеуі және дене қызуы жоғарылауы мүмкін.
3. Есту жолынан шырыш, ірің, қанды ірің немесе осының бәрі бірдей бөлінуі мүмкін.
Құлақ ауру түрінің ауырсыну әкелмейтін түрлері де бар. Алайда ауырсыну болмағынымен, ол қабынады. Мұндай отит асқынып кетеді. Себебі көпшілік оны байқамай қалады. Яғни құлағым 1-2 күн ауырып, жазылып кетсе ештеңе етпейді деп ойлайды. Ал қалыптасу кезеңі 30 күнге созылады.
Отит құлақ ауруының емдік жолдары:
1. Аурудың бастапқы кезеңінде, яғни құлақтан ірің аққанға дейін қыздыру, құрғақ жылу спиртті тамшылар, компрес әдістері қолданылады. Алайда оларды абайлап қолдану керек. Ескертетін бір жайт, ірің аққан жағдайда спиртті тамшыларды құлаққа тамызуға және жылы басуға болмайды.
2. Есту жолынан ірің ағып, тазартылған соң емдік тамшылар (спирттік емес) қолданылады. Ең бірінші мұрынға тамыр тарылтатын тамшылар тамызылады. Содан кейін науқас кісіні ауырған құлаққа қарама-қарсы бүйірге жатқызады да құлаққа дәрілік ерітіндінің бірнеше тамшысын тамызады. Содан соң сұйықтықтың тамаққа жеткенін сезгенше саусақпен құлақ төмпешігін бірнеше рет басады. Алайда дәрігер тағайындамаған суық тиюге қарсы немесе антигистаминдік дәрілерді қолданбаңыз. Ол ауруға көмектеспейді.
Н. Үсенова