30 минуттық ұрыс-керіс түрлі ауру тудырады

Ұрыс-керіс – денсаулыққа зиян. Мұндай  тұжырымға америкалық ғалымдар келіп отыр. Жарты сағатқа ұласқан ұрыс сауығу үрдісін кәдімгідей бәсеңдетіп, иммунитетті төмендеткен. Мамандардың айтуынша, жанжалдан туған жанұядағы жайсыздық жүрек ауруы бар жұбайлардың ажал құрығына ілігу қаупін екі есе ұлғайтатын көрінеді.

Америкадағы Огайо университетінің ғалымдары «30 минуттық кикілжің жараның жазылуын тұп-тура бір күнге кешеуілдетеді» дейді. Жанұяда болған ұрыс-керіс, дау-жанжал адам ағзасына кері әсерін тигізбей қоймайды, тіпті, денсаулық үшін де өте қауіпті.

Зерттеушілер науқас жұбайларға тексеру жүргізген. Сынаққа қатысқан 42 жұп ерлі-зайыптының жас мөлшері 22 мен 77 аралығында. Қатысушылардың қолдарына вакуумды насоспен беті торсылдаған жара түсірілген. Іле бұл жаралар екі мәрте тексеріліп отырған. Біріншісі – жұбайлар өзара сынық қабақ танытып, ұрысып-керіскен кезде. Еркек пен әйел өзара дауыс көтеріп сөйлескен кезде жараның жазылуы анағұрлым кешеуілдеген. Жұбайлар ренжісіп, стреске ұшырағанда, олардағы жараның жарты сағатта жазылуы толықтай алғанда 60 пайызға кешіккен.

Ғалымдардың түсіндіруінше, стресс зақымданған жердегі қанның қабынуға қарсы ақ клеткалары өндіретін белок молекуласы – цитокин өнімін тежейді. Жараның алғашқы жазылу сатысындағы ең үлкен рөлге осы цитокиндер ие, деп хабарлайды Мембрана. Бұндай тұжырым стрестің иммунитетті төмендететіндігін көрсетеді. Ал, ондай жағдай дененің сауығуын тежейтіндігі даусыз.

«Бұл – расында да, өмір мен өлім мәселесі. Отбасындағы үздіксіз болып тұратын ұрыс-керістер стресті жағдайға ұшыратады. Бұл – әсіресе, жүрегі сырқат жандар үшін анағұрлым қауіпті», - дейді «Американың кардеология журналында» (American Journal of Cardiology) жариялаған мақаласында Пенсильвания университетінің профессоры Джеймс Койн.

«Ырың-жырыңнан құлақ тынбай, жиі ыдыс-аяқ сықырлайтын отбасында тұратын жүрек қан тамыры жүйесінде дімкәсі бар адамның ауруы асқынып, инсульт немесе инфарктқа шалдығып, өмірмен қош айтысу ықтималы екі есе көп», - деп жазады Russian-bazaar.

Дәрігерлердің айтуынша, әйел мен ер арасындағы жағымсыз ұрыс-керістер балаларға да айтарлықтай кері әсер етеді. 6500 балаға тексеру жүргізген британиялық ғалымдар үнемі әке-шешесінің ұрыс-керісіне куә болатын балалардың жиі сырқаттанатынын анықтаған. Бұған қоса, стреске жиі тап болған балаларда өсу гормондары да бәсеңдейтін көрінеді.

Дереккөз:bnews.kz