1 қыркүйек: Алғашқы қоңырауға арналған тілектер

Білім күні – 1 қыркүйек кез келген бала мен бүлдіршіннің өмірі үшін маңызды жайт. Әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған бала мен ата-ана үшін орны ерекше. Ондайда тілашар тойын жасап жататындар да бар.

Бала айтылған әр тілек бата іспеттес. Ендеше білім күніне арнап қандай тілек айтуға болады, соны жинастырып көрдік.

***

Баламыздың білімге басқан қадамы құтты болсын! Білім белестерін бағындыра берсін. Оқу инемен құдық қазғандай деседі. Төзімді әрі табанды болуды, білімнің қандай ұлы күш екенін осы мектеп қабырғасында жүріп түсінеді. Зейіні мен зердесі ашылсын. Мектепті аман-есен аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, мықты маман иесі болуды жазсын.

***

Міне, кеше ғана тілі былдырлап, енді ғана тәй-тәй басып жүрген бүлдіршініміз үлкен азамат болып, мектепке барып қалған екен. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін. Ата-анасының үмітін ақтаған перзенттерден етсін. Ата-анаңның мейірім-шапағатына бөленіп, жарқыраған алтыны, еркетай елігі, ақ сәуле шашқан арайы болып, аман-есен жүрсін. Барлық ізгі армандары орындалып, өмір жолы ашық, болашағы жарқын болып, егеменді еліміздің де білікті Азаматы болып өсе берсін.

***

Құрметті, оқушылар, білімсүйер қауым! Білім күні баршаңызға құтты болсын! Білімді азамат – елінің ертеңі, халқының болашағы. Бүгін міне, талапты да талантты жас білімгерлер жиналып, ертеңгі күннің кемелі үшін бас қосып отыр. Ата-анасының, тіпті халқының үмітін ақтауға жиылып отыр десек те болады. Қадамдарыңға гүл бітсін, қадірменді талапкерлер! Оқуда озат, өмірде жетістігі мол азамат болуларыңа тілектеспін!

***

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата - аналар және барша қазақстандықтар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, мереке – Білім күнімен құттықтаймын!

1 қыркүйек барша халықтың, әсіресе балалардың көптен күтетін мерекесі!

Бұл мереке кейбір азаматтардың мектеп қабырғасын, колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірсе, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады.

Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО - ға мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді екінші рет бастан кешіп отырған ата - аналар.

Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері бүгін, яғни 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады, бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.

Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!

***

Жаңа оқу жылы құтты болсын! Бейбіт аспан астында аяулы білім ордасында жиналып отырсыздар! Қадам құтты болсын! Аспанымыз мәңгі ашық болсын, балаларымыз шетінен білімді де озық ойлы азаматтар болсын деп тілейік.

***

Аяулы оқушылар, мерекелерің құтты болсын! Ұстаз ретінде айтарым, әр оқушы біз үшін қымбат! Соны ұмытпаңыздар! Кез келген баланы қолдап-сүйеуге әзірміз! Бала – біздің болашағымыз! Барша баланың ата-анасының үмітін ақтап, алтын белгі алғанын, қалаған мамандығына оқуға түскенін қалаймыз! Оқу әркімнің-ақ қолынан келетін іс. Тек табанды еңбек ету керек.