Қазақстанда цифрландыру біршама қолға алынғандықтан, қазір елдегі кітапхана мен мұражай сынды мәдениет орындары жаппай виртуалды әлемге көше бастады. Кейбірінде 3D-тур жасап, мәдени жәдігерлерді көзбен көруге болады.
Ендеше Қазақстанның қай жерінде қандай онлайн, виртуалды мұражайлар барын қарап, жинап көрдік.
Ұлттық музей
Әрине, Қазақстанның мұражайлары жайлы айтқанда алдымен ҚР Ұлттық музейі еске түседі.
ҚР Ұлттық музейі – Орталық Азиядағы ең ірі мұражай. Жақында музейдің веб-сайты жаңарып, ақпараттық-әдістемелік орталыққа айналды. Бұл музейдің жәдігерлерін kazmuseum.com мекенжайымен кіріп көре аламыз.
Музей коллекциясында 300 мыңға жуық тарихи және мәдени жәдігер бар. 8 ірі экспозициялық көрме залы орналасқан:
• Палеонтология және археология залы;
• Тарихи этнография залы;
• «Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың тарихы мен этнографиясы», «Соғыс жылдарындағы Қазақстан»;
• «Заманауи Казақстан» залы;
• «Ашық қор». Казахстанның археологиялық алтын жәдігерлері залы;
• «Антропология мұражайы»;
• Хлудов залы.
• Графика және мүсін залы
Мұражайдың ресми сайтына кіріп, аты аталған залдың бәріне виртуалды тур жасауға болады. Музей сайты 6 тілде қызмет көрсетеді.
Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы
Түркістандағы үлкен мұражай. 100 гектарға жуық аумақты алып жатқан тарихи орын. Қорықта Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті бар Сопылық орталық, Шілдеханның салттық ғимараты, Күлтөбе қалашығы, шығыс моншасы, Рабиға Сұлтан Бегім, Есім хан, Абылай хан, Жолбарыс, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек би және басқаларының кесенелері, Хума мешіті, Шахристан, қамал қабырғалары, Әулие Құмшық ата жерасты мешіті, Әлқожа ата мен Гауһар ана кесенелерінің орны бар.
Музей-қорыққа саяхат ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген – Қожа Ахмет Яссауидың кесенесінен басталады. Кесененің іші-сыртын 3D-турмен көріп, ортағасырлық мәдениетті көресіз.
Мұражайдың ресми сайты – azretsultan.kz.
Жетісу 360 ̊
Бұл – Жетісу аймағында жатқан бүкіл мәдени және табиғи ескерткіштердің басын қосып, бір цифрлы платформа айналдырған жоба. Мұхаметжан Тынышпаев пен Ілияс Жансүгіровтің, Жамбыл Жабаевтың музейлері, «Анаға құрмет мұражайы», Жетісу өңіріндегі мешіт пен мәдени орындар, сәулет өнері ескерткіштерінің виртуалды моделі жасалып, осы жобаның платформасына салынған. Ішінде басқа да көрнекі қайраткерлердің мұражайлары бар.
Одан бөлек, Жетісу, Шарын каньоны, Көлсай, Қайыңды және өзге мұражайлар мен табиғат жауһарларын HD-сапада 360 градуста көруге болады.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі
Маңғыстау облысындағы Ә.Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының ресми сайты – muzey.kz сайты.
Мұражай 1975 жылы құрылған, оның өлкенің тарих, археология, этнография, табиғат пен мәдениет топтамаларында 52 мыңнан астам экспонат бар. Музей қорында ұлттық этнографиялық экспонаттар көп. Қазақстан музейлерінің сайттары арасында бірнеше мәрте сыйлыққа ие болған.
Археология залында Маңғыстау тарихын палеолиттен бастап б.з. ХVIII ғасырға дейін көріп білуге болады. Ерте замандағы көшпенділерінің ғибадатханаларынан әкелінген Үстірттің тас мүсіндері ерте темір дәуірінің бірегей ескерткіштері болып табылады. Орта ғасырлардағы өлкенің экономикасы мен сауданың өркендеуі Үстірт жоны арқылы Маңғыстаудың теңіз кемежайларына өткен Ұлы Жібек жолының тармақтануларының біріне байланысты. Осы өлкенің бірегей тарихы мұражай топтамаларында қойылған экспонаттары арқылы баяндалған.
Батыс Қазақстан мұражайы
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – қазіргі Қазақстан жеріндегі ең көне музей. Музейдің ашылғанына 170 жылға жақындады. Мұражайда 150 мыңға жуық жәдігер бар. Екі ғасырға жуық тарихы бар музей ұжымы www.olke.kz сайты арқылы виртуал экскурсоводтардың қызметін ұсынады.
Мұражайда археологиялық қазба жұмыстарынан шыққан б.з.д. ІV-ІІ ғасырдағы алтын әшекейлер, ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы кітаптары, қолөнер туындылары, ұлттық киімдер, қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтары; ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы ыдыс-аяқ; ХVІІ-ХІХ ғасырдағы икондар, казак әскери қарулары мен тулары бар. Құрманғазы туралы деректер, күй-анасы Динаның қамзолы, күйші Сейтектің домбырасының көшірмесі, Фатима ханша костюмінің көшірмес бар. Сондай-ақ көне портрет мен суреттер қойылған.
Таңбалы қорық-музейі
Алматы облысынан табылған тарихи ескерткіш – Таңбалы тастағы жазу мен петроглифтердің виртуалды нұсқасын жасап салынған тур-сайт бар.
Таңбалы археологиялық кешенінде жүзге жуық әр уақыттағы ескерткіштері, қоныстар, қабірлері, жартас суреттері, қола дәуірінен б.з.д. XIV-XIII ғасырлардың ортасынан XIX-XX ғасырға дейінгі аралықты қамтиды.
Неміс мұражайы
Неміс халқының мәдениетін көрсететін мұражай. 2017 жылы Алматы қаласында құрылған. 2 мыңнан аса жәдігер бар: фотоқұжат, этнографиялық коллекция, неміс халқының материалдық мәдениеті.