Қазақстанда тараған, тіршілік еткен, бірақ тұқымы жойылып кеткен жануарлардың бірі тұран жолбарысы елімізге әкеліп өсірілмек. Нақтырақ айтсақ, тұран жолбарысының жақын туысы саналатын Амур жолбарысы елге әкелініп жерсіндіріледі. Мұны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанға жерсіндіру үшін әкелінетін жолбарыстың алғашқы партиясы 2025 жылы елге келмек. Тұран жолбарысы бұрында кең тараған Іле-Балқаш алабына, қамысты өлкеге әкеп жіберілмек.
"Экология министрлігі Балқаш маңында жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасын әзірледі, ол 15 жылға есептелген. Ол мекендейтін жерлерді дайындауды, жолбарыстарды табиғатқа шығаруды және бағдарламаның сәттілігін бақылауды қамтиды", - дейді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент директоры Олжас Беркімбаев.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ – "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылған, онда биотехникалық іс-шаралар жүргізу есебінен қабан, құлан, қарақұйрық тығыздығын арттыру, сондай-ақ бұхар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Содан кейін экожүйе жолбарыстың өміршең популяциясын қолдауға қабілетті болады", - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Жолбарыс жерсінуі үшін популяция аймағында қабан мен кермарал (бұхар бұғысы) көп болуы тиіс. Өйткені тарғыл хайуанға тарықпас үшін мол қорек қажет. Табиғатты қорғаушылар Іле-Балқаш резерваты маңында жабайы қабанның санын 30 мыңға дейін, кермаралдың санын 50 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Жабайы жануарлардың саны соған жеткен тұста, жолбарыс та жерсіндіруге әкелінбек.
Биотехникалық іс-шараларға Балқаш өңірінде қамыс пен тоғайды қалпына келтіру ботаникалық шаралары да жатады. Жолбарыс таса жерде жүргенді ұнатады, сондықтан қалың қамыс пен тоғай қоры қажет.
Іле-Балқаш экожүйесін сақтап қалу, сол арқылы жолбарыс популяциясын қалпына келтіру арнайы халықаралық меморандум аясында жүзеге аспақ.
"2010 жылы Қазақстан Халықаралық жолбарыс саммитінде Тұран жолбарысының популяциясын Орта Азияға қайтаруға дайын екенін жариялады. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында Іле өзені атырауында және оңтүстік Балқаш маңы аумағында жолбарысты реинтродукциялау жөніндегі Бағдарламаны іске асыру туралы Меморандумға қол қойыды", - деп дерек келтіреді Олжас Беркімбаев.
Бұл меморандум мен жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасының Қазақстанға беретін тағы бір пайдасы – трансшекаралық Іле өзенінің су қорын Қытаймен дұрыс келісім жасау арқылы шешуге мүмкіндік туады.
"Белгілі бір өзен мен көлді сақтап қалу үшін ең алдымен халықаралық деңгейде оның экожүйесі аса маңызды екенін дәлелдеуіміз керек. Мәселен, Жайық өзенінің батпағы әлемде сирек кездесетін шипалы саз саналады. Оны құртып алмау аса маңызды. Ал оны құртып алмау үшін экожүйесін сақтау қажет. Экожүйе дегеніміз – өзеннің бүкіл тыныс-тіршілігі мен табиғаты. Ресеймен Жайық өзенін сақтап қалу жайлы келісімге келгенде біз осы Каспий-Жайық экожүйесінің маңызды екенін дәлелдеу арқылы қол жеткіздік", - дейді бұған қатысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен Көкшетау қаласында өткен XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында тұран жолбарысын қалпына келтіруге кіріскенін мәлім еткен еді.