Тарихты тек сөзбен жеткізуге болады деген ұғым қате. Кейде бір фотосурет бір тарихтың куәгері болса, белгілі бір жандарға мотивация бола алады.
Бүгінгі мақаламызда "Үркер" ұлттық сыйлығының нұсқасы бойынша үздік деп аталған фотосуреттердің тарихымен таныспақпыз. Бұл кадрлар сіздің назарыңызға іліккен де шығар, ал фотоның қалай түсірілгендігі және кейіпкердің тағдыры мүмкін беймәлім болар...
"Отец природы"
Кейіпкер – қорықшы Ерлан Нұрғалиев. Фотосурет авторы – "Үркер - 2019" сыйлығының иегері, фотограф Оспан Али. Бұл фото әлемдік жұртшылықты өзіне қарата білді. Соның ішінде Еуропа, ТМД және Түркия елдерінде қызу талқыланған.
Суреттің тарихы: Ақмола обласында орналасқан Қорғалжын қорығына жол тартқан жас фотограф жолда қорықшы Ерлан ағамен танысады. Қорыққа апарар жол үстінде қорықшы ақбөкендер туралы әңгімені сүйіспеншілікпен айтқаны соншалық, Оспан Али ерекше суреттердің сериясын түсіру туралы ойға келеді. Қорықшы мен ақбөкендер бір кадрға түскен кезде идеяның кереметтілігі бірден байқалады. Осы суреттер арқылы жас маман табиғатты қорғап жүрген қызметкерлердің еңбегін көрсеткісі келген.
Өкінішке қарай, фото түсірілгенінен 1 жыл өткен соң Ерлан аға браконьерлердің қолынан қаза табады. Ал Алидің фотосуреті әлемге деген жаңа мағынамен қайта "туады". "Отец природы" фотосының авторы айтқандай, "Мен бұл суретті қорыққа барған жолы түсірдім. Жалпы табиғатта еркіндікті жақсы көретін ақбөкендер туралы фоторепортаж жасауға барғанмын. Сол суреттер арқылы әлемге сондай нәзік жануарды таныстырам деген ой болды. Қорыққа барар жолда бала кезімде әжемнің айтқандары есіме оралды: ақбөкеннің өлімі жаман хабарға алып келеді. Себебі ақбөкендер қасиетті жануар – деп айтатын еді. Сол күндері бұл фотоны қайғылы оқиғамен байланыстырады деген ой болмады".
"Глумиться не надо, что я малость безрукий"
Кейіпкер – фермер Александр Карпович. Фотосурет авторы – "Үркер - 2018" сыйлығының иегері, фотограф Тұрар Қазанғапов. 2018 жылдың үздік суреті де қайғылы оқиғамен ұштасады. Қолынан айырылған фермердің арманынан таймай өздігінен бес гектар жерде 18 мыңнан аса ағаш отырғызуы – кез келген адамға үлкен мотивация. Кейіпкердің өзі айтқандай, себебі ол өзінің шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан адамдардың жадында мәңгіге қалғысы келген еді. "Үркер" сыйлығынан ие болар күннің алдында Тұрар Қазанғапов өз фотосуретінің кейіпкері өмірден озғандығы туралы қайғылы хабарды естиді. Қайсар жанды Александрдың фототілшіге оқыған өлеңін осы жерге жазғымыз келіп тұр:
"И пусть не дождаться нам зрелых плодов,
свой след здесь оставим на веки веков.
Глумиться не надо, что я малость безрукий.
Труд на земле - есть лекарство от скуки.
И все инвалиды казахской земли — вот также деревья сажать бы могли.
Берите лопаты - сажайте смелее, березы и сосны, каштаны и ели, чтобы лет через тридцать веселые внуки, гордясь, поминали — вот был дед безрукий" ...
"Азаматым-ай, Қазанатым-ай!!!"
Фотосурет авторы – "Үркер - 2017" сыйлығының иегері, фотограф Ерлан Омаров.
Фото авторынан суреттің түсірілу тарихын сұраған кезде, былай жауап берген еді: "2015 жылы Астанада Теңге ілуден І Азия чемпионаты өткен болатын. Сол чемпионатта түсірілген сурет. Мен бұл фотоны ешқайда бермей қоржынымда сақтап жүрдім! Алғаш болып 2017 жылы өзім еңбек етіп жүрген “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрді. Көптеген оқырманның назарын аударып, суретке сүйсінетін, фотодан хабары бар жандар Facebook-те бөлісіп, өздерінің оң пікірлерін білдіріп жатты. Фотоның түсірілу тарихы: Әр саланың өзінің қиындықтары бар. Спорт тақырыбында қас қағым сәтті фотоға түсіру, жақсы кадрды ұстау шеберлік пен жылдамдықты талап етеді.
Теңге ілу ойыны басталғанда фототілшілер, көрермендермен қатар қоршаудың сыртында тұрды. Алайда ондай қашықтықтан сәтті фото түсіру мүмкін емес. Сондықтан мен бөгде адамдардың жүріп-тұруына тыйым салынған алаңқайға жүгіріп шығып, дүбірлетіп шауып келе жатқын ат пен шабандоздың қарсы алдына жата қалып, фотоаппаратымның шүріппесін аямай бастым. Кез келген қазақтың қанында бар, жылқы көрсек делебеміз қозып кететіні бар ғой. Суретке түсіріп жатып “шап шап” деп айқайлай беріппін. Сол аралықта жиырмаға жуық сурет түсіріп үлгеріппін. Ішінен сәтті, тұнық екі кадр ұстаппын. Cол кезде суырылып шығып, ережені бұзып, жүйріктің қарсы алдынан түсірмегенімде мұндай жақсы кадр туар ма еді, кім білсін?"
Айта кетейік, "Үркер" ұлттық сыйлығы биыл да өз иегерлерін күтеді. Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жұмыстарға беріледі. Сыйлықтың мақсаты – журналистика мәртебесін арттыру, оны насихаттап ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерилерді бекіту. Сонымен бірге бұл байқау талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтап, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсетуге бағытталған.