Ұлытау. Аңыздар өлкесіне саяхат #2

Басы мұнда

 

Аңыздар толқыны

Ұлытаудың барлық тарихи мекендерін көріп шығуға бір айдың көлемі де аздық етеді. Дегенмен де, экспедиция 11 күн ішінде кесенелерден басқа, жеті әулие жерленген деген аңызға ие Әулиетау мен тік шығысты міндет ететін Тоқтамыс пен Едіге хандары жерленген Едіге шыңдарына да шығып үлгерді. Сондай-ақ, салынғанына 3 мың жылдан асқан Теректідегі петроглифтерді де көріп қайтты.

Сарлық ауылына алыс емес жерде, яғни Темірдің тоқтап өткен жеріне барар жолда шамамен сақтарға тиесілі болған "мұртты қорғандар" бар екен. Өзіндік атауын қорғанның сырт пішіні мұрт секілді солтүстік пен оңтүстікке бағытталғандығынан алған деуге болады. Қорған тастардан салынған. Археолог мамандардың айтуынша, бұл арнайы рәсімдерді өткізуге арналған орын екен. Ал Қазақстанға еңбегі сіңірген геолог Қыдырбай Сүлейменовтің пайымдауынша, олар тастармен шеңберлер жасай отыра, белгілі бір ақпарат жіберуге тырысқан екен.

Әмір Темірдің әскерлері тұрақтаған орында метеоритті болаттан алдаспан қылышын жасауда қолданған көне тас пешті көруге болады. Сондай-ақ, оның үстінде 1936 жылы Қаныш Сәтбаевтің басшылығымен жүргізілген экспедиция алғаш тапқан Әмір Темірдің қойған тасы бар. Оның түпнұсқасы сол кезде Эрмитажға берілген болатын.

Қазіргі кезде, "Хан ордасы" деп аталған төбеде тастың көшірмесі қойылған. Ол таста: "Жеті жүз тоқсан үшінші жылдың жазы, қой жылы, орта көктемнің маусымы, Тұранның султаны Темірбек екі жүз мың әскерімен Бұлғар ханы Тоқтамысқа қарсы жүріс бастап барады. Осы мекенге жетіп, осында болғанын білдіру үшін осы қорғанды жасады. Құдайдың өзі қолдасын! Құдай нәсіп етсін! Құдай өз мейірімін берсін! Біз туралы да ел жақсысы естеп жүрсін!", - деп жазылыпты.

Технология және көмек

Белгіленген маршрутпен қозғалған экспедиция құрамында болған ұшқышсыз ұшырылатын аппаратқа ие инженер мамандар видео және фото жұмыстарын жасады. "Лаборатория сетевых технологии" компаниясының жетекші инженері Кирилл Пак өзінің таңғажайып техникасы туралы: "бір шақырымнан жоғары биіктікте түсірілген фото мен видеолар автоматты түрде компьютерге жеткізіліп, алынған материалды арнайы бағдарлама өңдейді. Сосын біздің мамандар келген видео немесе фотоны қажетті форматқа ауыстырып, сақтайды", - дейді.

Күндегі жұмыстың есебі топталып отырды. Экспедиция соңында барлық жұмыстар Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамға берілді.

Ұлы таулар

"Ұлытау - пайдалы қазбаларға өте бай тау сілемі. Әрбір таудың төңірегінен қалайы, платина секілді түрлі минералдар мен рудалар табылатын тау жоталары оңтүстіктен шығысқа қарай созылып жатыр. Көненің өзінде де Ұлытауды мекен еткен көшпенділер қару-жарағын түгендеу мақсатында осы металдарды алып, өңдейтін болған", - дейді Қыдырбай Сүлейменов.

Ғалым тау өз атымен өзі туралы айтып тұрғанын айтады. Ұлытау табиғи байлықтарынан бөлек, тарихи оқиғалардың куәсі болған өлке. Айта кетсек, Жезқазғаннан алыс емес жолда Қазақстан халқының бірлігін көрсететін үлкен монументтің тұрғаны да бекер емес.

Дереккөз: www.kazpravda.kz

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©Massaget.kz