Тамаша таза ауасы, мұздай бұлағының суы, әсем биік таулары, қазақ халқының тарихы мен аңыздарының бастауы, ұлт діңгегі, бұл - Ұлытау. Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастауымен болған Ұлытау өңіріне сапарымыз жайлы сөз қозғасақ.
Дәл осында, Ұлытауда, көптеген ғасыр бұрын қазақ тарихында маңызды рөл атқарған тарихи бетбұрыстар орын алған. Бұл өңір - халқымыз сұлтандарын ақ киізге көтеріп, хан еткен жер. Сондай-ақ, ханның өзіндік ордалалары, яғни Хан ордасы орналасқан жер. Қазақ жерінің кіндігі болған Ұлытау өңірінен Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы ұлы жүрісі бастау алған. Нақ осы өңірде Жошы, Алаша және Тоқтамыс хандар, сондай-ақ, ұлы қолбасшы, батыр Едіге және өзге де тарихи тұлғалар жерленген. Тағы да айтсақ, аңыздардың желісіне орай, Асан қайғы осы жерді қазақ халқының өмір сүруіне ыңғайлы Жерұйық деп айтқан. Бұл Ұлытау туралы айта алатын мың деректің бірнешеуі ғана.
Армандар орындалады
Жас кезімнен тыңдап өскен аңыздардың бастауы болған Ұлытау өңіріне бару көптен бергі арманым еді. Ал аталған өлкеге барып, Алаша хан мен Жошы ханның кесенелерін тамашалауға, сонымен қатар, Едіге мен Әулиетау шыңдарына шығуға мүмкіндіктер беретін ешбір отандық турфирмалардың ұсыныстары жоқ. Жеке өзіңіз баруға кем дегенде жол таңдамайтын көлігіңіз болуға тиіс.
Айта кеткен жөн, экспедицияның мақсаты Ұлытау өлкесін туристерге ыңғайлы етіп картаға енгізу және туристік маршруттарды GPS бағыттаумен көруге болатындай етіп жасау болған еді. Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының ғалымдары экспедицияның алдында аталған өңірде болып, "Ұлытау" экспедициясына дайындығын нықтап қайтқан болатын. Жалғасын тапқан экспедиция айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Оның құрамында георгаф, геолог, археолог, туризм мамандары және тілшілер болды. Ауқымды жұмыстың нәтижесі бойынша құжатты фильм мен өңірлік кітап-альбом басып шығарылатын болады.
"Ұлытау қазақ тарихында өте үлкен әрі маңызды өлке болған. Ал біздің мақсатымыз мәдени-тарихи және рухани мұрамызды қайта жаңғыртып, елге таныту болып табылады", - дейді экспедиция жетекшісі, Назарбаев Университетінің аға менеджері, георграф-сарапшы, ҚҰГҚ өкілі Сәулет Сакенов, - "Сонымен қатар, аталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қолқа болатын туризмді де дамытуға тиіспіз. Осы мақсатпен, экспедицияға қатысушылар әр ауылдың тұрғындарымен кездесіп, алдағы туристік бағдарламалардың белсенді қолдау білдірулеріне үндеу жасады."
Көненің сарыны
Кесенелерді көру үшін біршама жол жүруімізге тура келді. Бірақ оған өкінбедік те. Бірінші жолда кезігері Алаша хан кесенесі болды. Тарихи жәдігердің сәулеттік құрылысы дәстүрлі мазар шығыс стилінде салынған. Белгіленген аумақ оқшауланған. Кіреберісте үш жүздің барлық руының таңбасы салынған мәрмәр тас орнатылыпты. Себебі бәріне белгілі: Алаша хан Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің арғы тегі.
"Алаша хан туралы бізге дейін жеткен ең алғашқы деректер шығыстың ұлы тарихшысы (XIV ғасырдың ортасы) Раши ад-Динге тиесілі: "... түркілер Булжа-ханды (Абулжа-хан) өз бабасы деп біледі", дегені бар. Барлық моңғол, түркі халықтары мен көшпенді өмір салтын ұстанғандар (ұлы даланы мекен еткендер) оның ұрпағы болып есептелінген", - дейді Сәулет Сакенов.
Сонымен қатар, аңыздың бір ұшы осы кесенеде өзге емес, Шыңғыс ханның өзі жерленген дегенді де айтады. Жергілікті тұрғындардың сенетіні де рас, тіпті өткен ғасырда жасалған археологиялық экспедициялардың нәтижесі де осы аңыз дерегін дәлелдейтіндей екен.
Кесененің ерекше қыры деп арнайы салынған текшелер арқылы біршама көтерілгендегі қысқа жолақты айтуға болады. Ал сол жолақпен жүре келе, керемет көріністі беретін кесененің үстіне жетесіз. Қасындағы мазарларда ешбір дерекнама көрсетілмеген, дегенмен, оның көрінісінен ертеректе салынғаны белгілі болып тұр.
Неге домбыраның екі ішегі бар?
"Ақсақ құлан" - 1968 жылы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген тамаша мультфильм. Ол моңғолдың ұлы хандары Шыңғыс пен Жошыға қатысы бар қазақ аңызының желісі бойынша түсірілген. Аңызға толы күйдің авторы Жошы ханның кеңесшісі, дала күйшісі Домбауыл еді. Дәл сол күйшінің кесенесі Жезқазғаннан 50 шақырым алыста екен, ол біздің келесі аялдайтын нүктеміз болды.
...Құландарды аулау кезінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы қайтыс болады. Дегенмен, өлім туралы деректі ханға жеткізуге ешкімнің де батылы бармайды екен. Себебі қаралы хабарды жеткізетін шабардың аузына қорғасын ерітіліп құйылатын болған. Сол кезде Жашының кеңесшісі және қазақтың жырауы Кетбұғаның әкесі болған Домбауыл өз домбырасымен күй шертіп, ашулы ханға хабарды жеткізеді. Одан әрі ашуға мінген Шыңғыс хан айтқанындай домбыраның аузына қорғасын құяды. Қорғасынның әсерінен домбырадағы екі ішектен өзгесінің барлығы үзіліп кеткен екен. Содан бері екі ішекті домбыра аңыздың шындыққа жанасқанын дәлелдеп келеді...
Тоқ қою түсті тастардың көмегімен салынған кесене конус пішінді болып, сырт келбеті киіз үйге келеді. Ал ішкі құрылысы трапеция пішінді. Ал биікті шамамен 6 метрдей екен. Өткен ғасырдың 70-жылдарында аталған кесене қайта жөндеуден өткізілген. Бірақ реставраторлар барынша бұрынғы кейпін сақтап қалуға тырысқан. Домбауыл кесенесінің қасында балбалтастар қойылған.
Дала шолғыншысы. Жошы хан
Ары қарай бірнеше шақырым жүре, Жошы ханның мазары бой көтеріп тұр. Оның күннің сәулесіне шағылып, жарық беріп тұрған күмбезі алыстан байқалады. Бір қызығы, кесенеге бір-екі шақырым жетпейтін жерде оазис бар екен. Қаракеңгір өзенінің бойындағы кең алқап кезінде Жошы ханның орныққан мекені болған.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы одан өзгеше болған. Ол әкесі секілді соғысқа құмар, қатал болмаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Жошының дипломатиялық келіссөздерді жүргізуге қабілеті болған деседі. Сондықтан қай кезде де қантөгіссіз мәселені шешуге тырысқан екен.
Кесененің алдында қойылған таста құрылған мерзімі жазылған (XIII ғасыр). Кесене тікбұрышты пішінді. Ал оның күмбезін салуға лазурді аңызға орай арнайы Самарқаннан алдыртыпты. Жошы хан кесенесі 2000 жылы қайта жөндеуден өтті.
Жалғасы мұнда
Дереккөз: www.kazpravda.kz
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: ©Massaget.kz