Жеңіс күні жақындап келеді. Бұл – Ұлы Отан соғысында кеудесін оққа тосқан ержүрек ата, әжелеріміз сыйлаған мейрам. Кезінде Отан қорғау үшін жанын аямаған бүгінгі ардагерлерге қоғам қандай алғыс айтса да, жарасымды, қандай марапат берсе де, үйлесімді.
Бүгінде ардагерлерімізге әр тараптан материалдық көмек көрсетілуде. «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының Кеңесі» Қоғамдық Қоры да соғыста от кешкен ардагерлерге көмек көрсету мақсатында құрылған. 3 жыл бұрын Алматы қаласында ашылған қор жалғыз басты және қамқорлыққа зәру Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсетуден аянған емес. Қор көмек пен қолдауға зәру жалғыз басты ардагерлерге қол ұшын созу мақсатында еріктілерді тарту арқылы өз жұмысын белсенді түрде атқаруда. Қордың ардагерлер жайлы ақпараттық жиынтығы бар. Бірақ қордағы ресурстар көзінің аз болғандығынан, ардагерлерді толық қамти алмайды. Сол себепті олар демеушілер көмегіне жүгінуде.
Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап, аталған қор ірі жобаны іске қосты. Ол «Билайн» компаниясымен бірлескен «4145 нөміріне sms хабарлама жібер» жобасы. Бұл жоба аясында еліміздің кез келген («Билайн» байланысын қолданатын) тұрғыны 4145 нөміріне бос хабарлама жібере алады, 1 хабарламаның бағасы 100 теңгені құрайды. Одан түскен барлық қаражат дәрі-дәрмектер алуға, медициналық көмектер көрсетуге, азық-түлік ретінде, қаржылай түрде және ардагерлеріміздің үйлерінің жөндеу жұмыстарына және тағы басқа қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.
Ардагерлер саны жыл сайын азая түсуде. Оларға деген құрмет – өзіме деген құрмет деп біліңіз!
Сурет: armybase.us
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова