ЮНЕСКО ұйымының Париждегі штаб-пәтерінде "Ұлы дала бояулары" атты көрменің ашылуы өтті. Көрме Франция астанасының тұрғындары мен ұйым өкілдерінің қызығушылығын тудырды.
"Ұлы дала бояулары" көрмесінде балалардың өз қолымен салған және жас қазақстандық фотосуретшілердің керемет туындылары қойылған.
ЮНЕСКО ұйымдастырған The Planet of ART 2018 халықаралық фестивалінің Қазақстан және Азия-Тынық мұхит аймағындағы жеңімпаздары өз туындыларында Қазақстан астанасын бейнелеген.
Бір қызығы, қатысушылардың арасында Қазақстанда болмаған балалар да бар.
Дегенмен бұған қарамастан балалар жұмыстарында қазақ халқының дәстүрін, елорданың рухы мен көңіл-күйін жеткізе білді.
Жалпы фестивальге 3-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 10 мыңдай туындысы келген.
Жобаның қорытындысы бойынша елорданың мерейтойына арналған "Астана - әлем қаласы" балалар шығармашылығының арнай альбомы жарық көрді. Кітаптың алғашқы бетінде Қазақстан Республикасының Алғашқы Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ЮНЕСКО-ның бас дирекоры Одрэ Азуленің жолдауы жазылған.
Сондай-ақ көрмеде ҚР Тұңғыш Президенті Қорының грант иегерлері - жас қазақстандық фотосуретшілердің жұмыстары қойылған.
Суреттерде елордадан бөлек Қазақстанның зерттелмеген жерлері, Маңғыстау, Сарыарқа, Қарқаралы таулары, Алтай бейнеленген.
Экспозиция 12 сәуір күніне дейін жалғасады.
Іс-шара барысында ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Фирмин Эдуард Матоко құттықтау сөз сөйледі: «Қазақстанда жарияланған Жастар жылының аясында, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының дарынды жас ұрпақтың мәдениет және білім беру саласының дамуындағы маңызды рөлі мен қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз Қазақстан мен федерацияның болашақ ұрпақ игілігі үшін әлемді жақсартуға бағытталған көпжақты бастамаларын шынайы бағалаймыз, сондай-ақ бүкіл әлемдегі балалар мен жастардың дамуына және құқықтарын кеңейтудегі ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенеміз. Осы көрмені жан-жақты қолдағаны үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорына алғысымызды білдіреміз".
*ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Фирмин Эдуард Матоко и Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ҚР Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев. ©Tengrinews.kz
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ҚР Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев салтанатты шараның ашылуында сөз сөйледі: "Мұндай іс-шаралар біздің жастарымыздың шығармашылық әлеуетін және еліміздің бай табиғи және тарихи-мәдени мұрасының құндылығын айқын көрсету арқылы Қазақстанның имиджін халықаралық деңгейде танытуға және оны дамытуға үлкен үлесін қосады. Біздің әлеуметтік саясатымыздың негізі ретінде жастарға қолдау көрсету әрқашан барлық мемлекеттік органдарда, соның ішінде отандық дипломатияда басымдық беріледі".
"Ұлы дала бояулары" жобасы - Қазақстанның барлық әдемі жерлері мен біздің елордамыздың заманауи сәулетін ерекше етіп көрсете білген суретші балалар мен жас фотографтардың шығармашылық қосындысы. Көрменің атауы Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын насихаттауға үлесін қосады. Көрмеде Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мақаласында бейнелеген ұлттық стиль, Алтайдың ұлы таулары, Ұлы Жібек жолының мирасы және қызғалдақ пен алманың отаны - барлығын дарынды жас қазақстандықтар көрсете білді. Біз "Ұлы дала бояулары" жобасын әлем көрермендеріне мақтанышпен таныстырамыз", - деді өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.
Ал "Арқайым" нео-этно-фолк тобының шараға сән қосты. Топтың әрбір орындаушысы бірнеше аспапта - қобыз, домбыра, шаңқобыз, саз-сырнайда еркін ойнай алады.
"Ұлы дала бояулары" жобасын Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен "Рухани жаңғыру" және "Жастар жылы" бағдарламасының аясында ұйымдастырды.
Биыл The Planet of ART халықаралық фестиваліне өтініштер вокалдық, аспаптық және хореографиялық өнер номинациялары бойынша 1 мамыр күніне дейін қабылданады. www.unescoclubs.kz сайтынан байқау ережесімен танысуға және қатысуға өтінімді жүктеуге болады.