Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдар

Халқымызда киімге қатысты салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар көп. Соның ішінде бас киімді жерге тастамау, той-думандарда «шапан жабу», адам қайтыс болғанда киімінен «тәбәрік» алу деген сияқты салт-жоралғыларды әлі күнге дейін қолданыста. Қазақтың тағы басқа дәстүрлері мен ырымдары жайлы біле жүріңіз.

Бас киімдер бойынша


Қазақта қасиетті бас киімдердің бірі - тымақ. Ежелде тымақ атадан балаға мұра етіп қалып отырған. Оны айырбастамаған, аяқ тимеуін қадағалаған. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Өйткені шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, сол себепті тымаққа салып, ұстауға ыңғайлы болған. Біреуге бас ұрғанда да аяғына тымағын тастайтын ғұрып бар. Тымақ тастап кешірім сұрау бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.

Ежелгі «Жеті жарғы» заң ережелерінде «Сары жаулық» деп аталатын құн түрі болған. Кісі өлтірушінің туыстары құн төлеуге келісетіндерін білдіріп, өлген адамның үйіне жаулық жіберетін болған. Күйеуі өлген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.

Ата-бабаларымызда бас киімге қауырсын тағу дәстүрі болған. Мұны «Алтын Адамның» бас киіміне тағылған төрт алтын қауырсын және Тамғалы тастағы суреттерде осындай қауырсынды бас киім киген, малдас құрып отырған адам суреті бейнеленгенінен байқаймыз. Мифтік наным-сенім бойынша бұл – жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін білдірген.

Қазақ ежелден бас киімді кез келген жерге тастай салмай, іліп қойған және ешқашан астыға басып отырмаған. Бұлай жасаса, бастан бақ таяды деп сенген. Ер адам әйелдің жаулығын басына салмаған. Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі. Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас-су әзірлемейді. Бас киімнің төбесін басып кимейді, оны айырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Сыйлыққа тек киілмеген, жаңа бас киім алып беруге болады.

Сырт киімдер бойынша

Қазақ салты бойынша, жиырма беске толмаған жастар қасқыр ішік кимеген. Өйткені қасқыр ішік жас адамның жалыны мен тері қызуын тұмшалап, оны ауруға ұшыратуы мүмкін. Екі адам боранда адасып кетіп, қасқыр ішікті аман қалып, қасындағы адам үсіп өлсе, оның туған-туыстары аман қалған адамнан құн даулауға құқылы. Себебі, бір қасқыр ішік екі адамды суықтан қорғап қала алады. Мұның бәрі дала заңында бекітілген тәртіп. Ішік қазақта сый-сияпат, киіт орнына жүрген.

«Жағалы киім» ретінде және ұлттық киім ретінде қазақтар ежелден шапанды бағалап келген. Адамға құрметін, сыйластығын білдіретін «шапан кигізу», «иығына шапан жабу» деген дәстүрлер бар. Бұрындары хандар батыр, би, жақсы-жайсаңдарына дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірткен шапанды олардың иығына жапқан, түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберетін болған. Ханның өзі киген шапанын сыйға алу – қазақ халқында үлкен мәртебе. Қазір де түрлі той, салтанаттарда қадірлі адамдарға, сыйлы қонақтарға шапан жабу ғұрпы сақталған. Құдандалық салтында да шапан кигізу, киітке «жағалы киім беру» - құрметтеудің және құдалық, жекжаттық қатынастың белгісі, айғағы саналған. «Жігіт түйе» аталатын кәдеге екі түйе және міндетті түрде сырткиім мен ер-тұрман беріледі.

Бұрында қазақтар ұзақ жасаған, халқына өте қадірлі болған, бақытты тұрмыс құрған қариялардың жолын берсін деп, олардың жейде-көйлегін сұрап алып, ырымдап киген. Мұндай киім өте тозыңқы болса, оны алғысы келгендер көбейіп кетсе, әлгі киімді бұзып, кішкентай беторамал көлемінде «тәбәрік» деп бөліп алған. Сонымен қатар, бұрындары көп бала тапқан әйелдердің бұткиімін бала көтермеген әйелдер сұрап алып киетін болған. Әйел босанарда толғағы жеңіл болсын деп көйлегінің шетін жыртып, «жол ашу» ырымы жасалған.

Шалбарды тек соғыс кезінде ғана тұрып киеді, күнделікті өмірде қазақтар шалбар мен етікті отырып кию керек деп сенген. Ұл тапқысы келген әйел ерлердің қару-жарақтарын, шалбарын басына жастап жататын, қыз тапқысы келген әйел – қызыл ала шыт, әйелдің жүзігін, сырға, алқа тәрізді әшекейлерін басына жастап жататын ырымы ерте кезден келе жатқан наным-сенім.

Баланы бесікке салғанда бесіктің үстіне жеті түрлі сырт киімдерді (шапан, тон т.б.) жабатын ырым бар. Киімнің жағасын басу – жамандық шақыру деп сенген. Киімді бісмілла деп оң қолдан, оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан, сол қолдан бастап шешеді. Киімді желбегей жамылуға болмайды. Өйткені аруақтар жеңсіз кебін киіп, кебінін желбегей жамылып үйге кіреді деп сенген. Тек екі қолы жоқ, мүгедек адам киімді желбегей жамылады. Тозбаған киімді тастау да – жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе біреуге сыйлауы керек.

Неке киімдеріне қатысты

Дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған. Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Қазақта сонымен қатар, «шарғы салу» деген салт бар. Ол бойынша ұзатылған қыз өзіне таяу сіңілісіне басына тартатын орамалын «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген ниетпен тарту етеді.

Жаңа түскен келіннің бетін тобылғы сапты қамшының басына қызыл торғын орамал байлап, жыршы оң қолымен ашады. Бұл – «келіннің беті айдай жарық болсын, жемісті ағаштай ұрпағы көп болсын» деген ырым. Күйеу жігіт қалыңдығын алып бара жатқанда оның етегінен басып, шапанын алып қалады. Бұл күйеу бала киімін жаңаласын, өмірі ажарлансын деген ғұрып. Жаңа түскен келін киімін бағытсыз қысқарта бермеуі керек. Олай жасаса, нәрестесінің кем болып тууы мүмкін.

Бойына бала бітпеген әйел баланың иткөйлегін қалап алады. Иткөйлекті аяқ асты, далаға тастамай, қастерлеп сақтайды, кім көрінгенге бермейді. Қазақтар иткөйлек баланың бақытын сақтайды, сәбидің бақыты иткөйлек киген күннен басталады деп сенеді.

Аяқ киім бойынша

Даладан үйге кірген адам қалыптасқан ғұрып бойынша кебісін шешіп, оң жақ босағаға қатарластырып, тұмсығын отқа, сірі өкшесін іргеге қаратып қоюға тиісті.

Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Бұлай жасаса адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды деп сенген. Аяқ киімнің табаны әр жерді басып, кір болатындықтан табанына қарамауға тырысқан. Өйткені көз ұшынады деп ойлаған. Табанына көзі түссе үш рет түкіреді. «Етік жолға бастайды, шалбар (жастансаң) сорға бастайды» деген наным бойынша жорықта басқа жастанатын ештеңе болмағанда, етігін жастанып жатқан. Сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш рет ұрып, ұшықтаған. Жаңа ұлтарақты аяқ киімге саларда алдыңғы жағының басын бойлата тіліп, иесінің «жолын ашу» ырымын жасаған.

Сурет: nationalbank.kz, dokugusfra.com, А.Галимбаеваның суреттері

Дайындаған: Анар Мұстафина