Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру мүмкін бе?

Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру мүмкін бе?

Елімізде Түркияның солтүстігінен бастап Қиыр Шығысқа дейін мекен еткен "Каспий" немесе "Тұран жолбарысы" деп аталатын түз тағыларының популяциясын қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылады. Кезінде жойылып кеткен бұл тіршілік иелері мен Амур жолбарыстарының генетикасы ұқсас келеді. 

Соңғы сынақ

Қазірдің өзінде жолбарыстардың саны бірнеше мыңнан аспайды. Егер оларды қорғамаса, жер бетінен жойылып кету қаупінің алдында тұр дейді ғалымдар. Сол себепті бүкіл әлемде жолбарысты аулауға тыйым салынған.

Жолбарыстар алғаш Қытай жерінде тіршілік етіп, осыдан екі миллион жыл бұрын бүкіл Азияға тараған. Соңғы мұз дәуірінде, атап айтқанда он мың жыл бұрын жолбарыстар жойылып кете жаздаған. Бұл тіршілік иесінің аз ғана мөлшері Қытайдың шығысында сақталып, қазіргі күнге дейін жетіп отыр.

Мұз дәуірінен соң жолбарыстар тоғыз түр тармағына бөлінді. Бүгінге дейін олардың тек алтауы сақталған. Ал адамдардың санаусыз жолбарыстарды қыруының салдарынан Тұран жолбарысы да жер бетінен жойылып кетті. Тұран жолбарыстары Түркияны, Қап тауын, Иран мен Иракты, Қытайдың солтүстігін және Орта Азияны мекендеген. Терісінің нарықта қымбат тұрғандықтан аңшылар оларды жаппай қыра бастайды. 1950 жылдары Тәжікстандағы қорықта кездескен. Ал соңғы тұран жолбарысын 1970 жылы Түркияда атып алған.

Кезінде Қазақстанды мекендеген мысық тұқымдас ірі жыртқыш Бенгал және Амур жолбарыстарынан тұрқы кішілеу болғанымен, ол да ірі аң болған. Хатталған дерекке қарағанда, Тұран жолбарысының салмағы 240 келіге жететін. Бұл тұқымның бір ерекшелігі - жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Ал түсі қоңыр реңкті болып келетін жолақтары ұзын әрі жиі орналасқан. Қазақстанды мекен еткен жолбарыс тұқымының соңғы өкілін 1947 жылы Қарауылқұм ауданында әлдебір аңшы өлтірген.

 АРАЛ ӨҢІРІНДЕ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫН АТҚАН СƏТІ. 1894 ЖЫЛ.

Тұран мен Амур жолбарыстары - ең жақын туысқандар

2009 жылы ғалымдар әлем мұражайларында сақталған жиырмаға жуық Тұран жолбарыстарының терілері мен сүйектер ДНҚ-сын қысқарту арқылы басқа түр тармағының жолбарыстарымен салыстырған. Зерттеу нәтижесінде Тұран жолбарысының ең жақын туысы - Амур жолбарысы екені анықталды. Олардың геніндегі COI аумағындағы бір ғана нуклеотиде айырмашылық бар. Осыдан мың жыл бұрын Қиыр Шығыс пен Азияда мекендеген жолбарыстар екі аймаққа бөлініп кеткен.

Амур жолбарысы

Тұран жолбарыстары Балқаштың оңтүстігін мекен етеді

Екі жолбарыстың ұқсастығы болашақта Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіруге үміт беріп отыр. Алайда Тұран жолбарысы ерекше экологиялық жағдайда өмір сүрген. Жайылма орманды, тоғайды не көлдің айналысындағы қамыс қопасын мекен еткен Тұран жолбарысының негізгі қорегі қабан, кермарал, елік және ақбөкен болған. Екі-үш Тұран жолбарысының тіршілік етуі үшін бір шаршы шақырым аймақта отызға жуық тұяқтылар және жүз шаршы шақырым бос аймақ қажет. Ғалымдар зерттей келе Қазақстанның тек екі аймағында: Сырдарияның сағасында және Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында Тұран жолбарысының тіршілік ете алатынын анықтаған. Сырдарияның атырауында тұрғындардың көптігіне байланысты екінші нұсқа таңдалып, 2017 жылы Қазақстан үкіметі бұл жобаға мың гектар жерді берді.

Алайда қабандар мен еліктердің аздығы, кермаралдың жоқтығы салдарынан қазір жолбарыстарды бұл мекенге жіберу тиімсіз. Амур жолбарыстарының жерсінуі үшін үш топқа бөлінген он бес бас жеткілікті. Болжам бойынша, 50 жылдан кейін олардың саны жүзге жақындай түседі. Ал олардың жойылып кетпеуі үшін кем дегенде жүзден көп бас қажет.

Амур жолбарыстары өзге мысық тұқымдас ірі жыртқыштар тәрізді жаңа жерге тез үйренісіп кетеді. Соңғы 65 жылда олардың саны біраз өскен. Қазір табиғатта 540 Амур жолбарысы тіршілік етеді. Одан бөлек әлемнің түкпір-түкпірінде 500-ге жуық Амур жолбарыстары хайуанаттар бағында өмір сүреді.

Бұған дейін оңтүстікқытай жолбарыстарын Оңтүстік Африкаға, Техас пумасын Флоридаға жерсіңдіру сәтті өткен. Осы себепті ғалымдар Амур жолбарыстарының Қазақстандағы жаңа өмір сүру аймағына тез үйренісіп кететіндеріне сенімді.