Күні кеше, қарашаның 30 жұлдызында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты мерекелік кеш өтті, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, аталған кеш Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігі мен Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының және театр ұжымының ұйымдастыруымен қолға алынған болатын.
Кеш барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері, қоғам қайраткері, ақын Бақытбек Смағұлов, Алмалы ауданының әкімі және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сұлтан Сраилов, сондай-ақ, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлов сөз сөйледі.
Мұнымен қатар Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің фольклорлық «Жігер» және гитаристер ансамблі, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» би тобы, №4 Оқушылар үйінің «Мөлдір» би тобы өнер көрсетіп, жұлдыздар ән шырқады.
Бақытбек Смағұлов: «Егеменді еліміздің еңсесін көтерген, қазақ елін алып құрлыққа паш еткен үлкен мерейлі кешті осы ұжым жоспарлы бағдарламаларынан тыс өздері қолдап, барлығы сол тілеуді тілеп, сан түрлі облыстарға барып, жаөспірімдердің өнерін тамашаладық. Әнұранымыз, елтаңбамыз, көк байрағымыз бар. Осының барлығына жан беретін - халық. Сол халықтың көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімен бірге ауыр қиындықты бастан өткеріп, үздіксіз механизмнің айналып тұруына жағдай жасады. Халқының ардақты салмақты ұлы бабаларымыздың арманының арқасын салып берді. Басымызға қонған бақты аялайық, еңбегімізді мәңгілік жолдың бойында аямайық».
Барша қазақ жұртын тұңғыш Елбасы мерекесімен құттықтап, отбасыларға береке-байлық, Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілейміз!
Арнайы Massaget.kz үшін: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: massaget.kz