Уикипедия (ағыл. Wikipedia) - бүкіләлемдік ғаламтор жүйесінде еркін тараған әмбебап энциклопедия. Энциклопедияның мақалалары ерікті авторлардың ерен еңбектерінің нәтижесінде әлемнің көптеген тілдерінде жарияланып жүр. Уикипедияның ерекше құндылығы - кез келген ақпаратты өз ана тіліңде еш өзгеріссіз алу мүмкіндігін беретіндігінде жатыр. Статистикалық мәліметтер Уикипедияны осыған дейін адамзат тарихында жасаған энциклопедиялардың ең толық әрі тиімдісі деп көрсетеді.
Уикипедияның түпкі атасы - Нупедия болып саналады. Нупедия - мақалаларды ең беделді ғалымдар мен академиялық ортаның қызметкерлері жазатын ағылшын тіліндегі жоба. Нупедияның негізін қалаушы ретінде Ларри Сэнглер мен Джимми Уэйлсті атауымызға болады.
Джимми Уэйлс
Энциклопедияның толтырылуын тездету үшін Уэйлс пен Сэнглер 2001 жылы қаңтар айының он бесінші жұлдызында "Уикипедия" сайтын ашады. Сол сәттен бері энциклопедияны байытуға, толтыруға ғаламдық жүйені пайдаланатын кез келген оқырман қатыса алады.
Ларри Сэнглер
«Қазақша Уикипедия» жобасы 2011 жылы маусым айында басталған болатын. Сол кездегі қазақ тілді энциклопедияның оқырмандар саны жеті мыңдай ғана болған. Жарты жылдың ішінде онлайн энциклопедияны көрушілердің саны 20 пайызға өсіп, бүгінде «Қазақша Уикипедияның» оқырмандары 8 миллионға жетіп отыр.
Сіз бен бізге пайдалы мәліметтер легін үздіксіз ұсынып келе жатқан Уикипедия мен осы салада еңбек етіп жүрген оқырмандарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Суреттер:tengrinews.kz,habrahabr.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева