2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мемлекеттік рәміздер туралы заң қайта қаралып, азаматтардың туды пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілді. Бүгінгі рәміздер мерекесіне орай сөйлеген сөзінде президент мемлекеттік рәміздерді мазақ етуге және қорлауға болмайтынын баса айтты. Мұндай жағдайда заң бұзушыларды қатаң жазалау керек екенін ескертті. Осы орайда туды заңсыз пайдаланған жағдайда қандай жаза қарастырылғанын атап өтейік.
– ҚР ӘҚБтК-нің 418-бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасын ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін етіп дайындағаны үшін жеке тұлғаларға – 25 АЕК, лауазымды адамдарға, жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК, орта бизнеске – 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айыппұл салуға әкеп соғатыны көрсетілген.
Бұзушылық қайталанса, айыппұл екі еселенеді.
– Ту мен Елтаңбаны заң талаптарын бұза отырып пайдалану, белгілеу, орналастыру кезінде ескерту жасалуы мүмкін немесе жеке тұлғаларға 5 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
– ӘҚБтК-нің 458-бабында Ту мен Елтаңбаны пайдалану, сондай-ақ Әнұранды пайдалану және орындау тәртібін бұзғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады деп көрсетілген.
– Сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді міндетті болған кезде қолданбағандарға жаза қарастырылған.
"Мемлекеттік рәміздерді қолдану міндетті болған жағдайда оларды қолданбау лауазымды адамдарға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", - делінген хабарламада.
Заң бұзушылық қайталанса айыппұл көлемі екі есеге артады.
Айта кетейік, 2022 жылы айыппұлдар бойынша 1 АЕК 3 063 теңгені құрайды.