- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Туды қоғамдық орындарға...
Туды қоғамдық орындарға ілуге бола ма?
АҚШ, Түркия сынды елдерде мемлекеттің туы көшеде, аулада, туристік орындарда ілініп тұрады. Тіпті көшені безендіру үшін ұсақ жалаушаларды да қолданады. Ал біздің елде бұндай әрекетке рұқсат бар ма? Мемлекеттік рәміздер мен наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссия отырысында бұл сұраққа "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жауап берді.
"Біздің қоғамда өкінішке орай, "Мемлекеттік туды пайдалануға және ілуге рұқсат жоқ" деген жалған стереотип қалыптасқан. Жұртшылықты осы стереотиптен арылту үшін партия "Менің Туым, менің Отаным!" патриоттық акциясын қолға алды. Бұл акция еліміздің Туын қоғамдық орындарда, туристік нысандарда және маршруттарда, сауда орталықтарында, жоғары және арнаулы оқу орындарында жаппай ілуді көздейді", - деді Бауыржан Байбек.
Төраға орынбасарының айтуынша, "Nur Otan" партиясының қолдауымен 10 қазанда Алматы қаласында Медеу спорт кешені аумағында биіктігі 40 метр болатын тутұғыр орнатылып, байрақ көтерілді. Атырау мен Қостанайдан басқа, барлық облыс орталықтарында биік тұғырда Мемлекеттік ту ілініп тұр.
Аталған жиынға комиссия төрағасы ретінде мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев та қатысып, аталған патриоттық шараға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
"Уәкілетті органдарда, аудандық және қалалық әкімдіктерде, шалғайдағы ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласындағы жұмысына бақылау күшейтілсін", - деп тапсырма берді Мемлекеттік хатшы.
Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік рәміздердің импортына тыйым салып, Мемлекеттік рәміздер тек ел аумағында ғана жасап шығарылса деген ұсыныс тастады.
"Отандық нарықта елден тысқары жерде дайындалған мемлекеттік рәміздер де бар. Айталық, 2019 жылдың 8 айында олардың импорт көлемі 3,4 млрд теңгені құраған. Бұл мәселені шешу үшін шикізат сатып алуды қоспағанда, дайындаушыларға арналған біліктілік талаптарын, оларды елдің аумағында өндірудің толық циклін қамтамасыз ету туралы нормамен толықтыру арқылы мемлекеттік рәміздердің импортына тыйым салу қажет", - деді министр.
Айта кетейік, ҚР "Мемлекеттік рәміздері туралы" заңының 13-бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру" туралы айтылған.
А. Қажиев